Биыл облыс аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 461,6 мың гектарды құрап отыр. Алдағы науқан кезінде 177,6 мың гектар аумақ ылғалдандырылып, 33,8 мың гектар күздік дақыл алқабы тырмаланады. Сондай-ақ, 162,5 мың гектарға көктемгі жер жырту жұмысы жүргізіледі.
Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жалпы көлемі 1 517 тонна дизель отыны бөлінбек. Ол үшін 148 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісінің өтінімі мақұлданған. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, көктемгі дала жұмыстарына қатысатын техникалардың дайындығы 94 пайызды құрайды.
Облыста барлығы 13,4 мың дана ауыл шаруашылығы техникасы бар, оның ішінде, 7,9 мыңының тозығы жеткен. Ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту мақсатында 2023 жылы 47,7 млрд теңгеге 444 бірлік техника, биыл 340 млн теңгеге 35 дана жаңа техника сатып алынды.
Көктемгі дала жұмыстарын қаржылай қолдау мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы «Кең дала» бағдарламасына бүгінгі күнге 865,2 млн теңгеге 42 өтінім түсті. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 399,7 млн теңге болатын несие 25 тауар өндірушіге берілді.