Шымыр ойлы шыншыл шығармаларымен қалың қазақтың есінде қалған атақты жазушының бірі Бердібек Соқпақбаев десек, артық айтқандық болмайды. Халқы сүйген қаламгердің мерейтойы биыл ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілмек. Осыған орай, қара сөздің хас шебері жайлы жазылған шағын естелікті ел назарына ұсынып отырмыз.
Өткен ғасырдың 60-70-жылдары бүгінгі Райымбек ауданының Сарыжаз ауылында Оралбек Шамырқанов дейтін азаматтың отбасы тұрды. Оралбек аға аталған ауылдағы орта мектепте химия пәнінен дәріс беріп, ұлағатты ұстаз болды. Ағайдың өзі өлең жазатын, жазған дүниелері аудандық, облыстық газеттерде үзбей жарияланып тұратын. Орекең қазақы қалжыңға қамшы салдырмайтын әзілқой адам еді. Мен ол тұста Сарыжаз ауылына қоныс тепкен республикалық жүйке ауруларын емдейтін ауруханада жұмысшы едім. Солай болса да, әдеби кітаптарды үзбей оқитынмын. Әсіресе, өлең кітаптарға көбірек көңіл бөлетінмін. Анда-мында өскен өңірдің көзтартар көркемдігіне арнап өлең жазатынмын. Жастық шақта жазған сол жауқазын жырларымды қаламы төселген, өмірдің талай өткелінен өткен Оралбек ағаға көрсететінмін. Ақын ағам өлеңдерімді қайта түзеп, өз өрнегін қайталамайтын. Ондайда азын-аулақ ақылкеңесін айтып, бағыт-бағдар беретін. Ол тұста Нарынқол ауданы Кеген ауданына қосылып кеткен. Аудан орталығы Кегенде «Коммунизм нұры» дейтін газет шығып тұратын. Сол газетке «Өзіңсің сағынышым» деген атпен алғаш рет өлеңім жарық көрді. Бұл 1964 жылдың ақпан айы еді.
Бір күні Оралбек ағайым мені үйіне ертіп барды. Түскі тамақтан соң сөз бастаған Орекең: «Сен Бердібек Соқпақбаев дейтін жазушыны білесің бе?» – деді. Мен мүдіріп қалып едім, үзілген әңгімесін әрі қарай жалғаған ағайым «Осы ауданның тумасы, жас кезінде өлең жазған, 1950 жылы «Бұлақ» дейтін жыр жинағы жарық көрген. Кейінірек прозаға ауысты, ол кісі маған жиен ағай болып келеді. Оның мықты шығармасы мынау», – деп, «Менің атым Қожа» атты кітапты қолыма ұстатты. Бас алмай оқып шығып, бас кейіпкер Қожаның қызыққа толы қылықтарын көкірегіме ұялаттым. Көп ұзамай, жазушы ағаның Орекеңнің үйіндегі «Бурыл ат», «16 жасар чемпион» дейтін кітаптарын, «Қайдасың, Гаухар?» деген повесін оқыдым. Осы шығармалары арқылы оның соншалықты қарымды қаламгер екеніне көзім жетті. «Менің атым Қожа» фильмін көріп, көзайым болғаным есімде.
Күздің қақаған қара суық күндерінің бірінде Оралбек ағам ұшыраса кетті де: «Енді 2-3 күннен кейін біздің үйге Бердібек келеді. Сені сол кісімен таныстырамын», – деді. Бәрі ағаның айтқанындай болды. Бұл 1964 жылғы қараша айының алғашқы аптасы еді. Орекеңнің отбасына Бердібек аға келді. Орта бойлы, шымыр денелі, көз шарасы қысыңқы, қою қара шашын желкесіне қарай қайырған, сөзіне әзіл араластырып сөйлейтін жігіт ағасы екен. Қасындағы жол серігі – 50- ді еңсерген дөңес мұрынды, шашын тақырлап қырып тастаған егделеу адам. Сол арада Бердібек аға бұл кісі Сақи Романов дейтін суретші ағаларың болады деп таныстырды. Бердібек Соқпақбаевты алғаш рет 40 жасында көрген сол сәт көз алдымнан алыстаған емес. Таныстығым талай жылдарға жалғасып, жазушының жаныма сәуле құйған қуанышқа толы сәттерді басымнан талай өткердім.
Өткен ғасырдың 70-жылдарының басында аудандық газетте жұмыс істедім. Кезекті бір еңбек демалысы кезінде Алматыға келдім. Жазған өлеңдерімнің бір шоғырын «Жалын» журналына ұсынбақ ниетпен Қазақстан Жазушылар одағына атбасын тіредім. Аталған журналдың редакциясы ол кезде одақтың бірінші қабатында болатын. Үлкен үйдің есігін ашып, ішке кіргенімде, дәл мені күтіп, келетінімді білгендей Бердібек аға қарсы алдымнан шыға келді. Амандық-саулықтан соң мұнда қандай шаруамен жүргенімді сұрады. Жөнімді айттым. Сол сәтте Бекең: «Мен ол журналдың ақылдастар алқасының мүшесімін, жүр бері», – деп қолымнан жетелей жөнелді. Кең дәліздің түп жағындағы бір бөлменің қасына таянғанымызда тоқтай қалып: «Бұл журналдың бастығы атақты ақын Тұманбай Молдағалиев екенін білетін шығарсың? Ол талғамы жоғары ақын, оған өлеңдерің ұнамай қалса, тауымыз шағылып қалады ғой, бауырым», – деді. Мен Бекеңнің бетіне тік қарап: «Өлеңдерім өзіме ұнайды, ұялатындай нашар дүниелер емес», – дедім. Бекең әлгі бөлменің есігін ашып, ішке кіргенімізде, үш адам отыр екен. Тұманбай ақынды бірден таныдым, қалған екеуінің кім екенін ажырата алмадым. Орындыққа жайғасып отырған соң Бекең бір жөткірініп алды да: «Тұманбай, мына жігіт менің жерлесім, жақсы көретін інім, аудандық газетте қызмет істейді, өлең жазады. Сол жазғандарының бір шоғырын саған әкеліп отыр. Оқып көр, жараса жарияларсың», – деді де, өзінің кететінін айтып сыртқа беттеді. Тұмекең өлеңдерімді оқып шығып, жариялауға жарайтынын айтты. Арада бірнеше ай өткенде әлгі өлеңдерім «Жалынға» жарияланды. Бұл 1974 жыл еді.
Бердібек аға ара-тұра Нарынқолға барып, туыс-туғандарымен дидарласатын. Сондай бір сәтінде әңгімелескенім бар. Әңгіме желісі өзінің шығармашылығына қарай ойысқанда ол кісі маған: «Мен көзім көріп, көкірегіме түйгендерімді ғана қағазға түсірдім. Жалғандықты жақтап, өтірікке өріс ашқан емеспін. Менің «Өлгендер қайтып келмейді» романымның арқауы – өз өмірімнің боямасыз көрінісі», – деген болатын. Шынында, аталған романда баяндалатын оқиғалар Бекеңнің бастан кешкен өмірінен өзгешелеу емес екенін оқыған адам анық аңғарады.
Бердібек Соқпақбаев 1949 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың тіл-әдебиет факультетін бітіріп, сол жылғы күзде өзі білім алған Нарынқол орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Алайда ағамыздың ұстаздық жолы ұзаққа бармай, 50-жылдың жазында Алматыға қайтып оралады. Оған жазушының сол аудандағы «Советтік шекара» газетінде жарияланған «Манабаевтың масқара қылықтары» атты фельетоны себеп болады. Сол кезде жазушы ағаның көзін көрген ескі досы әрі аталған газетке 20 жылдай редактор болған Әлнұр Мейірбековтің бірде былай деп сыр шерткені бар:
– Бердібек тума талант еді, – деді Әлекең әңгімесін әріден қозғап. – Ол өсек, өтірікті өлердей жек көретін. Қолы қалт еткенде біздің газетке әдеби әңгіме, очерк жазып тұрды. Жасырып, жабары жоқ, сол тұста аудандық оқу бөлімінде О. М. дейтін адам жауапты қызмет атқарды. Бірақ ол беті жылтыраған әйелге көзсалғыштығымен, араққұмарлығымен жалпақ елге жаман қырынан көрініп жүрді. Оның осы бір теріс қылықтарын айқын аңғарған Бердібек оны әжуалап фельетон жазды. Әлгі сатиралық шығарма жарық көрген соң әлгі мықты жазушының соңынан шам алып түсті.
Ақиқатты айналып өткен өктем күшке шыдамаған шыншыл қаламгер көп ұзамай үлкен қалаға қайтып оралып, өмірінің соңына дейін әдеби ортада шығармашылықпен шұғылданғанын білеміз. Бұл оқиғаның өтірік емес екенін Бердібек ағаның ертеден етене араласқан ескі танысы ұстаз Оралбек Шамырқанов та растаған болатын.
Көптеген көркем шығарма жазған жазушы ағамыздың еңбегі көзінің тірісінде өкімет тарапынан еленбегенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Оның үстіне Бердібек ағамыз қазақ қаламгерлері арасындағы оқырманы көп жазушы екенін естен шығармаған жөн. Басқа шығармаларын былай қойғанда, жазушының «Менің атым Қожа» повесі көзінің тірісінде әлденеше рет қайта басылып, қазақ балаларының сүйіп оқитын кітабына айналғаны анық. Осыдан барып ой түйгенде, оның шығармашылық еңбегі өкіметтің орден, медальдарынан да жоғары тұрды деуге негіз бар.
1994 жылы жазушының туғанына 70 жыл толуына орай Райымбек ауданы ат шаптырып, той жасады. Тойға жазушының жан жары Бибігүл апай мен қызы Самал Соқпақбаева қатысып сөз сөйледі. Қазір Нарынқол ауылындағы бір көше, бір мектеп Бердібек ағаның атымен аталады. Тамаша талант иесі атанған ағамыз алғашқы шығармашылық еңбек жолын өлеңмен бастаған екен. Содан да болар, арагідік өлең жазып, онысын қойын дәптерінде сақтағанын білеміз. Бекеңнің оңашадағы ой толғаныстарының бірінде:
Жазып та көрдім мен де өлең,
Жазып та көрдім қара сөз.
Ерте ме, кеш пе, мен де өлем,
Өлмейтін тек дана сөз, – дегені бар.
Бердібек Соқпақбаевтың өз болашағын болжағандай, оның хатқа түсірген дүниелері қазақ халқымен бірге жасай беретініне сенімдіміз. Өйткені дана сөздің өмірі ұзақ болары даусыз. Дегенмен біздің де ел басқарған азаматтарға айтар тілегіміз жоқ емес. Атап айтқанда, жазушының осы 100 жылдық мерейтойы қарсаңында туған жерінде оған еңселі ескерткіш орнатылса, мұражай ашылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мінуар Әкімханов,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері