Қанша уақыт өтсе де, осы бір көрініс көз алдымнан кетер емес. Жақын досымыздың келіншегі босанып, перзентханаға жағдайын сұрап барған едік. Жағдайын сұрап деудің негізі бар. Өйткені нәресте шала туған. Салмағы небәрі 600 грамм ғана. Дәрігерлер сәбидің денсаулығы туралы ашып ештеңе айта алмады.
Олардың отасқандарына 7 жылдан асқан. Бір перзентке зар болып, бармаған жер, баспаған таулары қалмаған. Ақыры Жаратқанның берген бір перзентінің өзі мынандай жағдайда. Көз жасын көлдеткен келіншекті жұбатарға сөз жоқ. «Тек сабыр, бәрі жақсы боладымен» ғана шектеліп абдырап тұрмыз. Осы кезде…
Иә, дәл осы кезде у-шу басталды да кетті. Ауладағы орындықта отырған біз не болғанын түсінбей қалдық. Сигналдарын дамылсыз басып, қос лимузин перзентхананың алдына келіп тоқтады. Артынан қымбат шетелдік көліктің бірнешеуі ілесіп келді. Көлік ішінен түсіп жатқан адамдардың қолында құшақ-құшақ гүл, қызыл-жасыл шарлар. Енді бұл топқа домбыра, баяндарын тартқан әншілер де қосылды. Перзентхана алды әп-сәтте той-думанға айналды да кетті. Өнерпаздар ән шырқап, келген қонақтар билеп жатыр. Әртүрлі киімдегі аниматорлар да арнайы келіпті. Бір кезде перзентханадан сәбиін құшақтап жаңа босанған келіншек шықты. Далада тұрған жұрт одан сайын думандатты. Ысқырып, әндетіп, тарсылдақтарын атып мәз-мейрам. Баршылық-ай, не істетпейді?!
Назарымыз сол жаққа ауып кеткен біз жанымыздағы келіншектің ағыл-тегіл, одадода болып дауыстап жылағанын естігенде ғана есімізді жиғандай болдық. «Мен де неге осылай сәбиімді құшақтап жүрмеймін? Маған мынандай даңғазаның түкке де керегі жоқ еді. Тек балапаным аманесен болып, құшағыма алсам ғой» деген Әсемгүлдің жан дауысы сай-сүйегімізді сырқыратты. Қуаныш пен қайғының қатар жүретінін жүрегімізбен анық сезіндік.
Осы бір көріністі жайдан-жай әңгімелеп отырған жоқпыз. Дұрыс, адам баласы үшін перзент сүйгеннен асқан бақыт жоқ! Тойласын, қуанышын көппен бөліссін. Аста-төк дастарқан жайсын. Мейлі, шамасы келсе отыз күн ойын, қырық күн тойын жасасын. Бірақ перзентханада емес. Өйткені онда әртүрлі тағдырлар жатыр. Бірі аңсаған сәбиін көре алмай зар болады. Екіншісінің баласы дауасы жоқ дертке ұшырап дүниеге келеді. Зайыбынан айырылып, қайғы жұтқан адамдар да кездеседі. Нәресте шала туып, айлап арнайы құрылғыларда жататын жағдайлар да болады. Бірақ оны елеп-ескеріп жатқан жан жоқ. Даңғырлатып музыка қойып, ән айтып, сауық құрады. Бүгінгі таңда перзентханадан шығу шоуға айналды.
Біздің аналарымыз бен әкелеріміз қандай еді? 40 күн толмаған сәбиді ел көзінен таса ұстаған. Жаңа босанған келіншекті де шілде терін шығару үшін сорпалап, денсаулығын сақтаған. Ал қазір жас босанған келіншектер сәнденіп, боянып, жеңіл-желпі киініп перзентханадан шығады. Ананың саулығы – ұрпақтың, қала берді, ұлттың саулығы. Ол да біздің жадымыздан жырақтап кеткен. Жас сәбиді шығарып алуға жас та, жасамыс та жиналып, бәріміз қаумалап, жаңа туған нәрестені қолдан-қолға алып, мәре-сәре боламыз. Сәбиге тиер зиянды ойламаймыз.
Ендеше, қайғырып, жан жарасы жазылмай, жүрегі тілімденіп жатқан аналар, өмірге келмей жатып сынаққа ұшыраған сәбилер жатқан перзентханаға барып, той-думан жасағанымыз жарамас. Сенің жақсы күнің – біреу үшін қол жетпес сағым. Сенің дені сау сәбиің – біреу үшін орындалмайтын арман. Сондықтан кортеж жалдап, әншілер тобын апарып, асылыққа бармағанымыз абзал. Перзентхана алдын тойханаға айналдырмайық!
Анар Дүйсенбайқызы