Қарасай аудандық әкімдік ғимаратының мәжіліс залында облыстық қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен «Әділдік пен жауапкершілік – қоғамдық бақылаудың өзегі» атты конференция өтті. Алқалы жиынға Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім басшылары, облыс мәслихатының депутаттары және аудандардағы қоғамдық кеңес төрағалары мен хатшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Конференцияны ашып, жүргізіп отырған облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Ескелді Қасымов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайда көтерген мәселелері бойынша аудандардағы қоғамдық кеңестермен, қоғамдық ұйымдармен, жергілікті билікпен бірлесіп, алда атқарылатын шараларды пайымдап алуды маңызды әрі қажетті деп санайтынын айтып өтті. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы алға сенімді жылжу үшін қазақстандықтар ұлттық тарихтың ауқымын толық түсініп, өздерінің мәдени мұраларын қорғап, насихаттауы тиіс екеніне тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында қоғамның идеологиялық ұстанымы болуы тиіс 6 құндылықты жария етті, – деді ол сөзінің басында. – Олар: тәуелсіздік пен отаншылдық; бірлік пен ынтымақ; әділдік пен жауапкершілік; заң және тәртіп; еңбекқорлық және кәсіби біліктілік; жасампаздық және жаңашылдық.
Бұл аталған құндылықтар жүйесінің қай-қайсысы болсын, қоғам мен мемлекет өмірінде айрықша маңызға ие. Президент өз тарапынан жаңа қоғамдық этиканы орнықтыру ісінде орталық органдар ғана емес, өңірлік биліктің де маңызды рөл атқаратындығын атап өтті. Аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін арнайы тапсырма берді. Осы орайда Алматы облыстық қоғамдық кеңесі де өз қызметін аталған құндылықтарды ескере отырып жүргізетін болады. Халық пен биліктің арасында өзара тиімді әрі мәдениетті қарым-қатынасты орнату бағытында қызметін жалғастырады. Қоғамдық кеңес билік пен азаматтық қоғам арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Осыған сай қазір елдің әр қиырында қоғамдық кеңес жұмысы жанданған. Мұндай беделді ұйым Алматы облысында да құрылған. Алматы облыстық мәслихатының 2022 жылғы шілдедегі №22-103 шешімімен облыстық қоғамдық кеңес құрамы бекітілді.
Қоғамдық істерге белсене араласып, беделді пікір айтып жүрген 10 адам кеңеске мүше болды. Кеңестің мақсаты – азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекет етуді қамтамасыз ету және олармен тығыз байланыс орнату, архив қызметін іске асыру барысында архивтік ақпаратты қолданушылардың мүддесін ескеру болып табылады.
Қоғамдық кеңес стратегиялық жоспарларды және даму бағдарламаларын, бюджеттерді, есептерді, мақсатты индикаторлардың жетістіктерін, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктеріне қатысты нормативтікқұқықтық акт жобаларын талқылауға өкілетті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда 234 қоғамдық кеңес бар. Оның 18-і – республикалық деңгейде, 216-сы – облыстық, қалалық және аудандық деңгейде. Кеңестер 2016 жылдан бастап жұмыс істейді және оларды билік қадағалаушы органға айнала алатын және мемлекеттік органдармен ашық жұмыс істеуге мүмкіндік беретін институт ретінде ұсынды.
Облыс бойынша қоғамдық кеңес мүшелерінің жалпы сандық құрамы – 196 адам. Оның ішінде, азаматтық қоғам өкілдері –146. Мемлекеттік органдардың өкілдері – 50 тұлға. Қазіргі кезде облыстық қоғамдық кеңесінің мүшелер саны – 29 адам.
Қоғамдық бақылаудың өз ішкі мәдениеті болу керек. Бұл халық атынан бақылау жасау құқығы ғана емес, сонымен қатар жүгі ауыр жауапкершілік. Түптеп келгенде, өңір үшін маңызды болып отырған сұрақтың дұрыс және тиімді шешілуіне атсалысу көзделіп отыр. Өкінішке қарай, кей аудандарда қоғамдық бақылауды тек біржақты өкілеттік ретінде ғана қарайтын азаматтар кездесіп жатады. Біздің мақсатымыз, мемлекеттік басқаруға кедергі келтіру емес, керісінше, оны жетілдіру, ширата түсу, халық үніне құлақ астыру, сөйтіп, оның қызметін тұтатстай қоғам игілігіне айналдыру болып келеді.
Осыдан кейін Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов сөз алып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады. Ал облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мәди Ахметов «Қоғамдық дамудың іргетасы – адал жастар» тақырыбына өз ойын ортаға салды. Аудандағы қоғамдық кеңес жұмысының барысы туралы Қарасай аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Исағұлов баяндап берді. Ал ауылшаруашылық мәселелері жайында облыстық қоғамдық кеңестің президиум мүшесі, аграрлық сектор, жер қатынастары, ветеринария, табиғи ресурстар, табиғатты пайдалану және экология мәселелері жөніндегі комиссияның, Қазақстан ұлттық қой өсірушілер одағының төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Алматы облысының Құрметті азаматы Тынышбай Досымбекұлы тарқата айтты.
Жиында, сонымен қатар, Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округі аналар кеңесінің төрағасы Раиса Сығаева «Бір ұлт, бір мақсат, бір құндылық» тақырыбында сөз сөйледі. Депутаттық пен қоғамдық кеңестегі қызметті үйлестіру, заман талабына сай жұмыс ұйымдастыру мәселелері жөнінде облыстық мәслихат депутаты, облыстық қоғамдық кеңес президиум мүшесі, бюджет, тариф саясаты, құқық тәртібі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның төрағасы Дәулет Жарасбаев әңгімелесе, Қарасай ауданы «АХЫСКА» түрік этномәдени орталығының төрағасы Илимдар Камилов «Бірлік пен келісім – тұрақтылық кепілі» тақырыбында өз ойын өрбітті.
Конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту мәселелері бойынша «Агат» компаниясының құрылтайшы төрағасы, облыстық қоғамдық кеңестің президиум мүшесі, туризмді дамыту, спорт, шағын және орта бизнес, көшіқон мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Жанна Қырғызалықызы, «Әлеуметтік сала – облыс әлеуетінің негізгі көрсеткіші» тақырыбында облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау жөніндегі комиссияның төрағасы, медицина ғылымдарының кандидаты Зинаш Күштекова, «Жаңа қоғамның этикасы және ел құру процесіндегі құқықтық мәдениет» тақырыбында заң ғылымдарының кандидаты, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі, ішкі саясат, тілдерді дамыту, ономастика, мәдениет, жастар саясаты, ұлтаралық және діни қатынастар мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы Қазыбек Дәуітәлиев өз ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Ескелді Құдайбергенұлы өлкеміздегі елдімекендерді аралау және аудандарға мониторингтік топпен шығу туралы шешім қабылданғанын, осы жиынға аталған кеңестің тұрақты комиссия төрағаларынан және сарапшы мамандардан тұратын мониторингтік топ келіп отырғанын жеткізді. Ол конференцияға қатысушыларға алғыс айта келіп, бүгінгі пікірталас пен талқылаудың даму мен өркендеуге деген ұмтылыстың айнасы болатынына, осы бастаманың екіжақты тиімді, нәтижелі жұмысқа ұласатынына сенім білдірді.
Үзілістен кейін облыстық қоғамдық кеңестің тұрақты комиссиялары және Қарасай ауданының бөлім басшыларымен кездесу ұйымдастырылып, әр сала бойынша проблемалық мәселелер талқыланды.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы