Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі су тасқынына байланысты үндеуіне өз үндеуімді қосқым келеді. Батыс өңірдегі су тасқыны елімізге тосыннан келген табиғи апат. Әрине, “апат айтып келмейді”. Бұл жағдайды әр сағат сайын жаңалықтардан естіп, көріп отырмыз. Жағдай көңіл қуантарлық емес. Мұның алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан туындаған төтенше жағдайға байланысты шұғыл кеңес өткізген еді. Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің басшылығы және басқа да лауазымды тұлғалар қатысқан жиында үкімет мүшелеріне бірқатар тиісті тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта су басқан аймақта адамдарды құтқару және су тасқынының салдарын жою біз үшін маңыздырақ.
Үкімет пен әкімдер өз жұмысына немқұрайлы қарамай, тезірек қимылдау қажет. Зардап шеккен өңірлердің тұрғындары үлкен көлемде шығынға батты, үй-жайсыз қалды, мал-мүлкі суда кетті. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайға байланысты кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты. Біздің аудан тұрғындары да қолдан келген көмегін аямай, бір кісідей жұмылуда. Су тасқыны болған аймаққа көмек көрсету үшін бүкіл ел жұмылып жатыр. Ауданда жылу жинайтын орын ашылды. Негізінен азық-түлік, жылы киімдер мен қаржылай көмек жиналып жатыр. Жиналған жылу бүгін Алматы облысына жөнелтілді. Тасқыннан зардап шеккен елдімекендерге аудандық мешіт жылу жинап жатыр. Ауданға қарасты ауылдардан азық-түлік пен киім-кешек жеткізілді. Құдайдың салған ісі бұл, ауыртпалығы. Тек бірлесіп, халықты ұйымдастырып қана шығатын мәселе. Әрдайым бір-бірімізді қолдай білейік! Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне құлақ асып, қолдау көрсетейік!
Қиын сәтте жұдырықтай жұмылып, жұртшылыққа ауызбіршілік танытайық!
Әбіш Мейірманов,
Тасашы ауылдық ақсақалдар алқасының мүшесі