Апат айтып келмейді. Бірақ соған қай кезде де дайын болу қажет-ақ! Бейқамдықтың, немқұрайдылықтың соңы орны томас өкінішке соқтырып жататынын күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Соның айқын дәлелі бүгінгі таңда белең алып, халықты алаңдаушылыққа, әбігерге салып жатқан су тасқыны. Республикамыздың 10 облысындағы табиғат салдарынан болған төтенше жағдай өзінің оңай аспаптағы дүние емес екенін анық байқатып отыр. Ауылдар, үйлер топан судың астында қалып, адамдардың баспаналарынан айырылуы, жан сақтаудың қамымен мекендерінен үдере көшуі, кейбір өңірлерде адамдардың із-тозсыз жоғалуы, күн көрісін айырып отырған малдарының суға ағып кетуі осыны аңғартса керек. Қазір республика бойынша апаттың алдын алуға, тасқынға тосқын қоюға қатысты жұмыстар қолға алынуда. Жойқын судың бетін қайтарудың амал-тәсілдері жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған республикалық штаб та бар мүмкіндіктерді осы салаға жұмылдырып отырғанынан күнделікті ақпарат көздері арқылы хабардардармыз. Мемлекет басшысы осы екі-үш күннің алдында ғана Батыс Қазақстан облысының су тасқыны күрделі жағдай тудырып отырған аудандарында болды. Сол өңірдің тұрғындарымен кездесіп, сабырға шақырды. Бұл апаттың да беті қайтып, тіршілік мамыражай күйге түсетінін айтты. Қазір республикада төтенше жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті. Зардап шеккендерге қажетінше көмек көрсетілетінін айтып, көңілдерін демдеді.
Әрине, еліміздің өңірлерінде болып жатқан су тасқынынан келген апат сол өңірдің адамдарына ғана қатысты емес. Республика тұрғындарына түскен ортақ ауыртпалық екені анық. Қайғыны көп болып көтерсе азаяды. Ауыртпалықты көп болып көтерсе, жеңілдейді. Қазір Алматы облысында апатты аймақтарға гуманитарлық көмек ретінде белгіленген шаралар қызу қолға алынуда. Бұл шарадан Райымбек ауданының ел-жұрты да сырт қалып отырған жоқ. «Жұмыла көтерген жүк – жеңіл» деген тәмсіл осындайда айтылса керек. Бірлігі бар елге – бақ тұнатыны, ынтымағы бар елге – ырыс ұялайтыны ықылым заманнан дәлелденген дүние. Сондықтан барша жұртшылық, осы бір төтеннен келген апаттың бетін қайтаруға үлкен-кішіміз болып, бір үйдің баласындай ұйымшылдық танытқанымыз жөн.
Бекболат БІРБАЕВ,
Райымбек аудандық ақсақалдар
алқасының төрағасы