Күшіміз – бірлікте
Су тасқынының салдарынан еліміз қиын кезеңді басынан өткеріп жатыр. Талай жанның тірнектеп жинаған дүниесі, мал-мүлкі, үй-жайы тасқынмен ағып кетті. Күшіміз бірлікте екенін түсінген жаны жайсаң адамдар қолынан келгенінше көмек көрсетуде.
Осыған орай бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялады. Онда Президент бұл соңғы 80 жылдағы ең ірі апат екенін айтып, барлық құтқару жұмыстары бақылауында екенін жеткізді. «Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы», – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайлы қарауға дейін көп мәселені реттеу керектігін айтты. Ал келтірілген шығындар толық өтеледі.
Мемлекет басшысы олқылықтардың орнын толтыру үшін нақты тапсырмалар берді. Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды, шығындарды өтеудің тиімді жолдарын шұғыл қарастыруды, сондай-ақ неғұрлым күрделі аймақтардағы жұмысты үйлестіру үшін Үкімет басшысының орынбасарларына аймақтарға шығуды тапсырды.
Аталған шаралардың бәрі дұрыс орындалса, біз бұл қиындықты да еңсереміз. Еліміздің әр азаматы бұл жағдайға бейжай қарамай, барынша қолдау көрсету керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші бәріміз ауызбіршілікпен, жұмыла әрекет етейік!
Әділ Бақдәулетұлы
«Қонаев жастары» волонтерлық бірлестігінің мүшесі