Еліміздің бірнеше өңірінде болып жатқан су тасқынынан зардап
шеккен ағайынға Жамбыл ауданының жұртшылығы да көмек қолын
созып, осыған байланысты Президент Үндеуін қолдауда. Аудан
орталығынан шалғайда орналасқан біздің Үңгіртас ауылдық округінің
тұрғындары алғашқылардың бірі болып атсалысты.
Округте төрт елдімекен бар: Үңгіртас, Сарыбастау, Көкқайнар және
Ақдала. Осы ауылдардың тұрғындары алыстағы ағайынға жәрдем беруге
біркісідей ұйымшылдық танытты. Басында Наурыз мейрамына арналған
іс-шара өткізуге дайындалып жүрген едік. Бірақ халқымыздың басына
мынандай апатты жағдай төнгенде той тойлап жатқанымыз жарамас, одан
да теңізге тамған тамшыдай болса да қолдан келген көмегімізді берейік
деген бір шешімге келдік. Мұны көпшілік бір сөзге келместен жөн санап,
алғашқы күні-ақ ауылдың белсенді азаматтары «Бауырларымызбен
біргеміз» шарасын бастап кетті. Соның арқасында айналдырған екі күнде
635 мың теңге жиналып, осы қаражатқа біраз зат алынды. Атап айтқанда
20 қап ұн, 10 қап қант, 5 қап күріш, 5 қап қарақұмық, кеспе, сұйық май,
шәй, кәмпит, шоколад, халва сияқты басқа да азық-тұлік пен керек-
жарақтар, 20 жұп суетік, көрпе-жастықтар сатып алынды. Осылармен бір
шағын жүк көлігі толды. Жылу әлі де жиналып жатыр. Енді оған керекті
дәрі-дәрмек алсақ дейміз. Теңіз тамшыдан құралатынындай, басына іс
түскен бауырларымыздың бір қажетіне жарар.
«Жасаған жақсылығыңды жария етпе» деген сөз бар ғой. Дегенмен,
алыстағы шағын ауыл тұрғындарының қиналғанға қолұшын беруге деген
ниетін айтпай тұра алмадым. Үлкен жолдан жырақтағы елеусіздеу ғана
төрт елдімекенде қоңыр тірлік кешіп жатқан үлкен жүректі қарапайым
жандардың бұл ізгі амалы құптарлық. Мүмкін өзгелерге үлгі шығар. Апат
айтып келмейді. Жаратқан ием халқымызды апаттан сақтасын. Ойламаған
жерден сайын даланы су басты. Үй, дүние-мүлік, мал суға кетіп, адамдар
барар жер, басар тауға зар болып қалғаны қандай өкінішті. Қиындыққа
тап болған бауырларымызға демеу болайық. Енді мұндай оқиға болмаса
екен деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Күлшар Асылбекова, Үңгіртас ауылдық округінің
аналар кеңесінің төрайымы, Жамбыл ауданы