Қазақстанның су тасқынының салдарынан апатты аймаққа айналып жтқаны халықтың қабырғасын қайыстырып-ақ жіберді. Көзі ашық, көкірегі ояу ел-жұртымыз тосын жағдайдың барысын телеарналардан көріп, күнделікті басылымдардан қадағалап оқып, қатты абыржып жатқанын көзімізбен көріп, көңіліміз құлазып жүргенін қалай жасырайық. Су басып қалған елдімекендердегі халықтың жанайқайы адам баласының сай-сүйегін сырқыратып, беймаза күйге түсіріпи жатқаны бізді де қатты алаңдатады. Осынау қиын-қыстау кезеңде мемлекетіміз бен үкіметіміздің тарапынан көрсетіліп жатқан жанды көмекке де немқұрайды қарай алмаймыз.
Бәрінен де ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақстандықтарға жолдап отырған үндеуі елімізге ерекше екпін туғызып отырғаны анық байқалады. Мұның өзі елдің еңсесін көтеруге, халықты апатты жағдайдан аман алып қалуға, басқа түсіп отырған қауіп-қатерге бүкілхалықтық ортақ міндет ретінде жұдырықтай жұмыла кірісуге атсалысу екенін екінің бірі жақсы түсінеді. Сол үшін де әрбір қазақстандық Президентіміз берген тапсырмалар мен нұсқауларды талап тұрғысынан орындауға ойдағыдай үлестерін қосады деген сенімдемін.
Ең бастысы – еліміз үшін Президентіміздің үндеуі халық тарапынан қуатты қолдау тауып отырғаны ертеңге деген сеніміміз бен күш-жігерімізді нығайта түседі. Су тасқынын бастан кешіп жатқан елдімекендердегі жағдайды қапысыз қалыпқа келтіріп, асқан аласапыранды көргендердің көңіл-күйлерін көтереді деп үміттенеміз. Қазақстандықтар қайырымдылық пен қажетті қамқорлықты көрсетуден ешқашан жалтарған емес. Ондай өнегенің өрісін осынау сын сағатта да көрсетеді деген сеніміміз бар.
Қазақ халқы Президентіміздің үндеін маңызы зор тарихи құжат ретінде қабылдап, сөз жүзінде емес, іс жүзінде үн қосуға белді бекем буды. Алдағы мақсаттары айқын болғандықтан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұдырықтай жұмылып отыр. Осының өзі бізге үлкен серпіліс береді. Халық тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмек барған сайын ұлғайып келе жатқаны еліміздің бірлігі мен ынтымағының бір арнада тоғысқанын көрсетеді. Президент үндеуіне деген халықтың жауабы олардың жарғақ құлақтары жастыққа тимей, нақты іс-қимыл әрекеттерінен анық көрінуде. «Көп түкірсе – көл» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек.
Қанат Тәкебаев,
Алматы облысының Құрметті азаматы