Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы орталық стадионда футболдан 2006-2007 жылы туған жастар арасындағы облыстық чемпионат өз мәресіне жетті.
Айбынды Әнұранмен басталған шараға спорт мамандары мен футбол жанкүйерлері қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Еңбекшіқазақ аудандық №1 балалар мен спорт мектебі директоры Абай Сырғабаев қатысушыларға сәттілік тіледі. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған ала доп аламанына Қонаев қаласы мен аудандардан 6 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарыс қорытындысы бойынша Қонаев қаласының жастар командасы турнир жеңімпазы атанып, арнаулы кубокпен марапатталды. Жүлделі екінші орынға ие болған Ұйғыр ауданының жастар командасы күміс медальға ие болса, үздік үштікті түйіндеген Еңбекшіқазақ ауданының жастары қола медальға қол жеткізді. Доп додасында топ жарған Қонаев қаласының жастар командасы 1 мамырда Шымкентте өтетін республикалық чемпионатта Алматы облысының намысын қорғайтын болады.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы