Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықпен күресті күшейтуде құқық қорғау органдарының, мемлекеттік және мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың бірлескен жұмысының маңызы зор.
Еңбекшіқазақ ауданында облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссиясы кезекті семинар-тренинг өткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов төрағалық еткен жиында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы» қоғамдық қоры мен «Қазақ психологиялық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі әзірлеген «Ата-аналар университеті» бағдарламасы таныстырылды.
Әлеуметтанушы, психолог және педагог ғалымдар, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия хатшысы Айғана Асанова, облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова жиналған қауымға бала тәрбиесіне қатысты мәселелерге жан-жақты тоқталды.
2023 жылы балалар арасында 112 қылмыс, оның ішінде жас бұзақылардың құрбы-құрдастарын қорлау, бопсалау және ұрып-соғу фактілері тіркелген. Өкінішке қарай, қоғамның ең әлсіз, қорғауға мұқтаж мүшелерінің құқығын қорғау үшін мемлекеттік органдар тарапынан жүргізіліп жатқан кешенді шараларға қарамастан, балалардың зардап шегу деректері азаймай тұр.
Семинар-тренингке қатысқан мамандардың айтуынша, егер бала тәрбиесіне уақыт таба алмасақ, оларды өзімізден де мықты етіп қалыптастыра алмайтын болсақ, бүгінгі жетістіктеріміз түкке де тұрмайды. Сондықтан ата-ана негізгі міндеттерді айқындай білуі тиіс. Әрине, бірінші кезекте балаға кішкентай кезінен көңіл бөлген жөн. Оларға барлығын өз қалауыңыз бойынша істетуден аулақ болыңыз. Сіз баланы айтқаныңызға көндіргеніңізбен, күнделікті осылай жалғаса берсе, ақырында арадағы достық қарым-қатынас, сенім, ата-аналық абырой жоғалады. Балаға жақсы әдет, жеке қасиет бірден келмейді, ол ұзақ уақытты, ата-ананың жүйелі де жанкешті еңбегін талап етеді.
Аталған шарада өткен жылы іске қосылған «Ата-ана университеті» цифрлық платформасы таныстырылды. Электронды жобада аналар мен әкелер тест тапсырып, бала тәрбиесіне қатысты бейнесабақтарды тауып, кәсіби психологтардан кеңес ала алады. Мұндай онлайн-университет бұрын болмаған.
Жиналыста сөз алған психологтар бала тәрбиесінде отбасының әр мүшесі өзін керекті, маңызды және сүйікті сезінетін жылы да ашық алаң қалыптастырудың өте маңызды екендігін сан мәрте қайталады. Қорытындылай келгенде, кәмелетке толмағандардың мәселесі қазіргі кезде тек құқық қорғау органдарын ғана емес, бүкіл халықты толғандыратын мәселе екені анық.
– Жыл басынан бері Еңбекшіқазақ ауданында кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған 6 қылмыстық іс тіркелді. Қылмыс жасап, ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Бұл жағдайлар кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен бос уақытында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан туындайды, – дейді Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің бас маманы Зарима Әбілханқызы.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы