Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі төтенше жағдайға байланысты барша қазақстандықтарға үндеу тастағаны белгілі. Еліміздің он аймағында халыққа қатерлі жағдай қалыптасып отыр. Осындай алапат табиғи апатқа байланысты күрделі кезеңде асқан сабырлылық, төзімділік танытып, қатермен бетпе-бет айқасып жатқан отандастарымызға барынша қолдау көрсетейік дегім келеді.
Көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету – халқымызда бұрыннан келе жатқан асыл қасиетіміздің бірі екенін естен шығармайық. Ол әрқайсымыздың адами болмысымызды айқындай түсетіні анық. Ал су тасқынынан зардап шеккен ағайындарымызға айтарым, қымбатты отандастар! Біз сіздермен қандай жағдай болса да біргеміз. Мойымаңыздар! Бұдан сұрапыл сындардан да батыл өткенімізді ескере отырып, бұл қиыншылықты да жеңетінімізге сенемін. Осы қиын кезеңде мемлекет тарапынан барынша қолдау болатыны анық. Біз әрқашан да сіздермен біргеміз. Біздің Ынтымақ ауылының тұрғындары да бұған бей-жай қарамай, көмек қолдарын созуда. Амангелді, Тұрсынбай деген азаматтар бастаған ауылдың белсенді азаматтары тасқыннан зардап шеккендерге қаржылай қолдау шаралаларын ұйымдастырып, аудан орталығындағы қабылдау орнына өткізіп жатыр. Шығыс ойшылдарымызда айтылғандай: «Бұл күн де өтер…»
Қарлығаш Надырбекова,
Сағындық Оспанов атындағы орта мектеп басшысы,
Ынтымақ ауылы, Жамбыл ауданы