Тоғыз жолдың торабындағы Текес ауылын бетке алдық. Ондағы мақсат – осы ауылда шаруа қожалығын дөңгелетіп отырған Үміт Айсақалова атты ақ жаулықты ананың уақыт талабына сай атқарып жатқан жұмысымен танысып, әңгімесін өз аузынан есту.
Еңселі үйдің алдында бізді Үміт тәтеміз өзі қарсы алды. Жасы алпыстың ортасынан әлдеқашан асып кетті дейтін емес, қимылы ширақ. Қара торы жүзі жайдары. Ашық-жарқын қабақпен аман-саулығымызды сұрастыра жүріп, үйіне қарай бастады. Заманауи үлгіде салынған үйдің ішкі кескіні де инеден жаңа шыққандай мүлік-мүкамалдармен үйлесім тапқан. Бет шарпыған жылылық береке мен молшылықтың лебін аңқытып тұр. Үй иесі келген жұмысымыздың жайына қаныққан соң, әңгіме тиегін ағытты.
– Жолдасым Бейсен Бақбаев аға прораб болып қызмет атқарды. Жекешелендіру желеуімен шаруашылық тарап, әркім өзіне тиісті үлесін алғанда Бейсенге де мал мен жерден қомақты үлес тиді. Сол үлеспен 1994 жылы шаруа қожалығын құрдық. Қожалықтың атын дүниеге жаңа келген сәбиіміздің атымен «Арыслан» деп атадық. Амал не?! Жолдасым өзі құрған шаруа қожалығының жемісін көре алмады. Ауыр науқастан қайтыс болды. Өлгеннің артынан өлмек жоқ. Тірі адам тіршілігін жасайды. Қожалықты өз атыма аудартып, шаруа қамын күйттеп жатқан жайым бар, – деп сөзін әріден қозғаған Үміт Айсақалова келесі кезекте қожалықтың бүгінгі жай-күйіне қарай ойысты.
Айтуынша, қожалыққа өзі басшылық жасап жүргенімен, шаруаны дөңгелетіп отырған Руслан дейтін баласы екен. Үміт мамандығы есепші болғандықтан, қожалықтың жыл бойындағы кіріс-шығысын шотқа салып, алдағы жұмыстың бағыт-бағдарын айқындайды. Бизнес жоспарын құрып, шаруашылықты жүргізуге қажетті табыс көздерін іздестіреді. Солай дегенмен, әр күнгі жұмыс өзінің бақылауында. Баласының қасынан табылып, аналық ақыл-кеңесін беруді ең басты міндеті санайды. Шаруаның бір жағына шығысып, істің ілгері басуына жәрдемдеседі. Асыл жарынан үйренген тәжірибесін сөзбен айтып, іспен дәлелдейді. Сөйтіп, шаруа қожалығының табысқа жетуіне жол ашады.
Қазіргі таңда «Арыслан» шаруа қожалығының еншісінде 64 гектар суармалы, 189 гектар жайылымдық, барлығы – 250 гектар жер бар екен. Суармалы жерлерді күтіп-баптап, әр жылы қолдарында бар төрт түлікке қыстық азық дайындайды. Көпжылдық шөппен қоса, бидай, арпа сияқты дәнді дақыл мен картоп өсіруді тұрақты жолға қойған. Шүйгін әрі шымыр келетін жусаны мен бетегесін, қоғасы мен қияғын сүр қазыдай кертіп жеген малдың қаһарлы қыстан қылшығы қисаймай күйлі шығатын Жабыр аталатын адыр-адыр, қырат-қырқалы өңір бар. Осы жерден қора сатып алған. Ерте көктемнен егістік, шабындық басында күнді түнге, түнді таңға ұластырған еңбек дүбірі күзгі жиын-терінге ұласып, нәтижесі осы қораға келіп тіреледі де, ары қарай мал қыстату мен төлдету науқанына ұласады.
Шаруаның әр қимылы бүгінгі таңда техникасыз жүзеге асуы мүмкін емес. Қазір Үміттің иелігінде «Т-40», «МТЗ-82» тракторы мен ГАЗ-53 жүк көлігі, жер жыртатын, тырмалайтын, астық себетін, картоп отырғызатын, шөп шабатын ауылшаруашылық машиналары бар. Барша жұмыс осы техникалармен атқарылады. Оларды қосалқы бөлшектермен, жанар-жағармаймен қамтамасыз етуші – Үміт болса, толық қуатында іске қосып, тоқтаусыз жүріп-тұруын қамтамасыз ететін – Руслан. Осылайша ана мен баланың ізденіске толы іскерліктері үйлесім тауып, уақыт талабын қанағаттандырып отырған жайы бар.
Шаруақор жандар жерді күтіп-баптап, төрт түлік өсірумен ғана шектеліп қалмапты. Жерге себетін тұқымдарды жыл сайын жаңартып отыруды тұрақты жолға қойған. Мал тұқымын асылдандыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің біріне айналып отырғаны белгілі. Үміт тәтеміз бұл мәселенің де оңтайлы шешімін тапқан. Оған өзінің экономист-есепшілік мамандығы бойынша жинаған ұзақ жылғы тәжірибесі пайдасын тигізіпті. Шаруашылыққа ыңғайлап өз қолымен жасаған бизнес жоспары «Райымбек несие серіктестігінің» қолдауына ие болып, 6 пайыздық несие алуына мүмкіндік тудырған. Осы қаражатқа өткен жылы «Гиссар» деп аталатын 400 бас асыл тұқымды қой сатып алыпты. Мол жем-шөптің арқасында қыстан күйлі шыққан саулықтар енді санаулы күннен кейін төлдей бастайды. Былайша айтқанда, жас төлдер жамырап, қыстаудың айналасын азан-қазан жасайтын аласапыран басталады. Үміттің шаруа қожалығы қазір осы науқанға дайындық үстінде. Шаруақор жан өндірілген өнімнен түскен пайдасын өздерінің жеке бастарына ғана жаратып отырған жоқ. Екі адамды жұмысқа алып, еңбекақымен қамтамасыз етуде. Күнкөрісі төмен отбасыларына көмек қолын созып, сауапты іске мұрындық болуды үйреншікті әдетке айналдырған. Сондықтан ауыл тұрғындары шаруасы шалқып, табысы тасқындаған осы қожалықты өздеріне үлгі тұтады. Құрмет көрсетіп, сыйластық қарым-қатынас орнатуға ұмтылады.
Біз әңгімеге өзек етіп отырған Үміт Айсақалова – шаруа қожалығының қожасы ғана емес, тәлімді де тәрбиелі 4 ұл, бір қыздың асыл да ардақты анасы. Ұяға қонған ұлдары мен қияға қонған қыздан тараған сүйкімді немере-жиендердің сүйікті әжесі. Балаларының бәрі де жоғары білімді. Қоғамның әр саласында мамандықтары бойынша қызмет атқарып жүрген, әке көріп, оқ жонған, шеше көріп, тон пішкен дейтіндей, адами құндылық қасиеттерін жүректерімен қабылдаған аяулы азаматтар. Еңбекқор жанның ісіне береке, өміріне мереке тілеп, жолға шықтық.
Жұмабек Тәліпұлы,
Райымбек ауданы