«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы филиалының мамандары жылжымалы жол зертханасымен Алматы облысының аумағында жұмыс істеуде. Атап айтқанда, А4 магистральді тасжолы бойында көлік қозғалысының қарқындылығын есептеп жатыр. А-4 тас жолы Алматы – Шамалған – Ұзынағаш – Аққайнар – Сұраншы батыр – Қырғыз республикасының шекарасына дейінгі ұзындығы 115 шақырым жолды құрайды. Аталған тас жолмен бір тәулікте неше көлік жүріп өтетінін metrocount арнайы құрылғысы арқылы санақ жүргізеді. Яғни, 24 сағат бойы жылжымалы зертхана тас жолдың бойында үздіксіз жұмыс істейді.
Сонымен қатар, Алматы қаласының айналасындағы маңызды автомобиль жолдарына да көктемгі тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Асфальт жабындысының жай күйі, ақаулардың пайда болуы арнайы құралдармен анықталады. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандары алынған барлық деректерді сараптап, жолдардың ақауы бойынша мәліметтерді бөлек тіркеп, тиісті орындарға жолдайды.
Жол бойында жүрген Алматы филиалының инженері Гүлшат Сатқанованың айтуынша, мұндай санақ тас жолмен жүретін көлік қарқынын анықтау үшін қажет. Ал оны анықтау арқылы жол бетінің тегістігін, бүліну коэффициентін есептеп шығуға болады. Мамандар жолмен жүйткіген жеңіл көлік болсын, ауыр жүк көліктері болсын асфальт жабындысына күш түсіріп, тоздыратынын, сол үшін мұндай санақ жүргізу жол сапасын бақылау жұмысында өте маңызды екенін айтады.