Түзеу мекемесінде шалыс басып, темір торға тоғытылған қаншама жандар жазасын өтеуде?! Олардың мұнда тек тәртіпке бағынып, мерзімін өтеп шығуына ғана емес, мамандық алып, жұмыспен қамтылуына да жағдай жасалуда. Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №14 мекемесінде атқарылып жатқан игі істер бұған дәлел бола алады. Бүгінгі таңда аталмыш мекемеде жазасын өтеп жатқан жандар Заречный ауылындағы кәсіптік колледжінде белгілі бір кәсіпті меңгеріп, түрме ішінде жұмыс істеп, қаржы табуына да болады. Бұл ретте кәсіпкерлер №14 мекемесі ішінен өз кәсіптерін ашып, оған жазасын өтеп жатқан жандарды тартуда.
Атап айтар болсақ, мұнда шұжық өнімдерін шығаратын, ойын алаңдарын, шахмат, дойбы, үй сыртын әрлейтін плита, үйге қажетті түрлі заттар жасайтын шағын цехтар бар. Мұнда жұмыс істейтін жандарға ең төменгі жалақы, 85 мың теңге мөлшерінде айлық төленеді. Ол арқылы жазасын өтеп жатқандардың түрлі айыппұл, алименттерін төлеп, қаржы жинауына мүмкіндігі бар. Ең бастысы, темір торға тоғытылған жандардың Заречное ауылдық кәсіптік колледжінде белгілі бір мамандықты меңгеруіне жол ашылған. Сол меңгерген мамандығы бойынша түрме ішіндегі шағын цехтарда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтайды. Ол тәжірибесі жазасын өтеп шыққаннан кейін де өмірден өз орнын тауып, жұмыспен қамтылуына сеп болмақ. Осы орайда Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №14 мекемесінде Заречный ауылындағы кәсіптік және Жауғашты ауылындағы кәсіптік-техникалық колледждері мен кәсіпкерлер арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.
Шара барысында Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №14 мекемесі бастығының жалпы сұрақтар бойынша орынбасары, әділет полковнигі Берік Әбдікәрімов сөз алып, үшжақты келісімнің тиімділігіне тоқталды. Ол арқылы колледж қажетті мамандарды оқытса, кәсіпкерлердің көмегімен жазасын өтеп жатқан жандардың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалатынын, биылдан бастап бұл мәселеге айрықша көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Өйткені, жазасын өтеп жатқандар арасында алимент бойынша қарызы бар жандар көп. Осы орайда түзеу мекемесінде жұмыспен қамтылған адамдардың қатарын 60 пайызға көтеру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 40 пайызды құрайды.
Заречный ауылындағы кәсіптік колледжінің директоры Берік Байлов та сөз сөйлеп, атылмыш оқу орнында автомобиль жөндеу слесарі, электр газымен дәнекерлеуші, компьютерлік аппараттық қамтамасыз ету операторы, тігінші мамандықтары бойынша білім беріліп жатқанын, алдағы уақытта қысқа мерзімдік курстардың ашылатынын айтты. Ал кәсіпкер Владимир Федотов бұрын осы түрмеде жазасын өтегенін, бүгінгі таңда өз кәсібін ашып, балалар ойын алаңдарын жасап, осындағы жандарды жұмыспен қамтып отырғанын жеткізді.
Бүгінгі таңда №14 мекемесінде он шақты кәсіпкер өз ісін дөңгелетіп, 287 адамды жұмыспен қамтып отыр. Олардың бәрі де үшжақты меморандумға қол қойды. Мекеме басшылығы нәтижелі жұмыс істеп отырған кәсіпкерлерді Алғыс хатпен марапаттады.
Шарадан соң жиналғандар кәсіпкерлердің жұмысымен танысып, өндірістік көрмені тамашалады.
Алма Есенбай