Өңірлік коммуникациялар орталығында ел өңірлерінде жастар ресурстық орталықтары мен жастар ұйымдарының бастамашылдығымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты басқосу өтті. Оған Алматы облысы ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Жалғаспаева, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мәди Ахметов, Алматы облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Тимур Ақмырзаев қатысты.
Акцияның мақсаты – халықтың, жас ұрпақтың бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде отансүйгіштік, табиғатты қорғау, қоршаған ортаға деген жанашырлық құндылықтарын дәріптеу болып саналады. Аталған шараның әрбір аптасы арнайы тақырыптарға арналып отыр. 1-ші апта – 6, 13 сәуір күндеріне жоспарланған «Таза өлке» күні тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өз аумақтарын, аулаларын тазалау жұмыстарын өткізеді. 2-ші апта – 20 сәуірдегі «Киелі мекен» күні тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. 3-ші апта – 27 сәуірді «Жасыл аймақ» күні деп атады. Бұл күні ағаш көшеттері отырғызылып, айналаны, ағаштарды әктеу жұмыстары жүзеге асырылады. 4-ші апта – 4 мамыр – «Өнегелі ұрпақ» күнінің негізгі мақсаттардың бірі ардагерлердің ауласын тазалау, қарттар үйлерінде абаттандыру жұмыстарына үлес қосу болмақ. Ал 5-ші апта – 11 мамыр – «Мөлдір бұлақ» күні өзен-көлдер маңын қоқыстан тазалау ұйымдастырылады.
Аталған акцияларды іске асыру мақсатында облыста іс-шаралар жоспары желілік кесте ретінде әзірленді. Сонымен қатар ақпараттық тұрғыдан ауқымды сүйемелдеу жасалу үшін медиа-жоспар әзірленді. Ең басты мақсат – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және сол мәдениетті әр тұрғынның санасына сіңіру, жеткізу.
Биылғы жылғы мамырдың 11-не дейін жалғасатын республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын облысымызда өткізудің іс-шаралар жоспары жасалды. Жоспар бойынша елдімекендерді, тарихи-мәдени орындарды, өзендер мен су қоймаларының аумақтарын санитарлық тазалау, сондай-ақ жасыл көшеттерді отырғызу мақсатында 5 ірі және 30 аудандық ауқымдағы шаралар көзделген. Сонымен қатар 3 жарым мың гектарға жуық жер тазартылып, 15 мың көшет отырғызу жоспарланған. Шараға қатысатын тұрғындар мен сала қызметкерлері 100 мыңнан астам адамды қамтып отыр. Қазіргі таңда 30 мың ерікті осы шара аясында жалғызбасты және қарт адамдарға үйлері мен айналасын ретке келтіруге көмектесіп жүр.
Бұған қоса, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев тарапынан «Алатау тазалық үшін» акциясы ұйымдастырылып отыр. Бұл шараның мақсаты – тұрғындар арасында азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті қалыптастыру, экологиялық бастамаларды қолдау және оларды жүзеге асыруға жағдай туғызу болып саналады. Қала, аудан және облыс бойынша өткізілетін шараның қорытындысында көлемінде, «Ең үздік мекеме», «Ең таза ауылдық округ», «Белсенді ұжым», Қонаев қаласындағы «Ең таза аула» мен Алматы облысындағы «Ең таза аудан» таңдалып алынбақ. Жақсы мағынасындағы бәсекелестік жарыс қорытындысына сәйкес, тиісті аталымдарды жеңіп алғандар лайықты сыйлықтармен марапатталмақ.
Бейбіт Мекеев,
Қонаев қаласы