Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылында Абай атындағы орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары кестеден кешіксе, кәріз жүйелерін жаңарту ісі тым ұзаққа созылып кеткен. Осы мәселелерге байланысты жауапты басқармалар мен құзырлы мемлекеттік органдардың басшылары құрылыс алаңына арнайы барып, мердігер мекемелерге қатаң ескерту жасады.
Өткен жылы Шелек ауылындағы Абай атындағы орта мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «СП НЕФТЬ» ЖШС. Алайда, қолға алынған жұмыстар мерзімінен кешігіп жатыр. Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің басшысы Арайлым Төлеубекованың айтуынша, мердігерге облыстық білім басқармасы және облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов тарапынан бірнеше ескерту жасалған.
– Абай атындағы мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарына 2023 жылы 1 млрд 196,8 млн теңге бөлінді. Келісімшарт аудандық білім бөлімі мен мердігер арасында 2023 жылдың 5 шілдесінде жасалды. Мемлекеттік сараптама қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары 2024 жылдың 25 сәуірінде бітуі тиіс. Егер аталған мерзімде аяқталмаса, сот шешіміне жүгінеміз, – дейді Арайлым Төлеубекова.
Мердігер мекеме «СП НЕФТЬ» ЖШС кешен құрылысын өткен жылдың тамыз айында бастағанымен, түрлі қиындықтар мен материалдардың тапшылығы жұмыстың қарқынды жүруіне тұсау салған көрінеді. Бүгінгі күнде мектептегі жұмыстың 85 пайызы орындалған. Мердігер мекеме директоры Нұрлан Қадырбеков құрылысты толық аяқтау үшін тағы 2 ай уақыт керектігін айтты. Мектеп ғимараты 1991 жылы салынған. Бүгінде аталған білім ордасында 898 оқушы тәлім алады.
Шелек ауылындағы ағайынды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – кәріз жүйесін жаңарту жұмыстары. Бұл жоба 10 жылдан бері оң шешімін таппай келеді. Нақты мәліметке сүйенер болсақ, «Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы кәріздік тазарту желілерінің құрылыстарын салу» жобасы 2014 жылдың 12 желтоқсанында басталып, 2023 жылдың сәуір айында аяқтау жоспарланған. Шелек ауылдық округі әкімдігінің ақпараты бойынша, кәріз жүйелерін тарту және реконструкциялау жұмыстарына 1 млрд 100 млн теңге бөлініп, 2018 жылы бөлінген қаражаттың 403 млн теңгесі игерілген. Ал 2019 жылы құрылыс жұмыстары 1 млрд 980 млн теңгеге қайта есептеліп, Шелек ауылының кәріз жүйесін жаңарту жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланған. Алайда, бүгінге дейін кәріз жүйесі толығымен жаңартылған жоқ. Ал мердігерлер жұмыстың кешігуіне кәріз жүйесіне қажетті материалдар бағасының екі есе қымбаттауы себеп болды деп отыр. Олар жобаны соңына дейін жеткізу үшін тағы қаржы қажет екендігін жеткізді.
Әкімдік өкілдері алдымен кәріз жүйесі жаңарған соң, көшелерді күрделі жөндеу мен абаттандыру жұмысын жүргіземіз деп межелеген. Бүгінде жергілікті тұрғындар тарапынан осы мәселеге байланысты шағымдар жиілеген. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Алыс Нұрдәулетов тұрғындар шағымы негізінде алда құзырлы органдар тарапынан жауапты мердігер мекемеге тексеру жұмыстары жүргізілетіндігін айтты. Ал ауыл жұрты арқаларына аяздай батқан мәселелердің тез шешімін табуын сарыла күтуде.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы