Жамбыл ауданына көктемгі мал төлдетуге Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 77 студенті көмекке келді. Олар бір жағынан білімдерін практикамен ұштастырып, саланың қыр-сырына қанықса, екінші жағынан шаруашылықтарда тер төгіп, еңбекақы алады.
Былтырғы көктемде де аталған жоғары оқу орнының 71 студенті өңірде дәл осындай мақсатпен іс-тәжірибеден өткен. Себебі, оған дейін ауданның атқарушы органдары мен университет басшылығы кездесіп, әріптестікті нығайту жұмыстарын талқылаған еді. Соның нәтижесінде білімгерлерді өндірістік тәжірибеден өтуге сақманға жіберу жөнінде екіжақты келісім жасалған.
Университеттің практика және жұмысқа орналастыру бөлімінің жетекшілігімен Ұзынағашқа келген жастарды ауданның жауапты сала мамандары құшақ жая қарсы алды. Тәжірибе жинауға келген болашақ мамандардың жұмысына сәттілік тілеп, бірнеше шаруа қожалықтарына жіберілді. Өйткені төл алу науқаны кезінде шаруаларғаға жастардың тың күші ауадай қажет.
Ауданда кейінгі жылдары бұл үрдіс дәстүрге енді. Аудан әкімі Нұрлан Ертас мұны өзі қадағалап, білімгерлердің қауіпсіздігі мен келісімшарттың сақталуын басты назарына алған. Жастардың жұмысы мен тұрмыстық жағдайының дұрыс ұйымдастырылуын өз бақылауында ұстайды. Сондықтан ауылдың қайнаған тіршілігіне араласуға келген студенттердің өндірістік тәжірибесі ойдағыдай өтетініне сенім мол. Жұмыс күшіне сұраныс білдірген шаруа қожалықтарының иелері оларды қуана қабылдап, келісілген мерзім аяқталған соң тиісті еңбекақыларын төлейді. Олардың жалақысының көлемі – 100 мың теңге.
Жамбыл ауданы төрт түлік малдың саны жағынан облыс бойынша көш басында тұрғаны белгілі. Соған сәйкес мұнда шаруа қожалықтары да көптеп саналады. Сала мамандарының есебінше, ауданда сақманға 300 студентке дейін қабылдауға толық мүмкіндік бар.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы