Алматы облысындағы гидрометеорологиялық жағдай тұрақты, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Көктем келе қызыл судың қатерінен сақтану қалыпты жұмыс. Қазіргі таңда бұған жауапты қызметтер су қоймаларына жүйелі түрде бақылау жүргізіп жатыр. Штаттық режимде жұмыс істеп тұрған су қоймаларының сыйымдылығы 97 пайызға жеткен.
Мамандар қарғын судан келер қауіп жоқ екенін айтады. Өйткені, жоспарға сәйкес, облыста «2024 жылғы су тасқыны қаупі бар кезеңге дайындық» айлығы барысында бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, өңірдегі елдімекендерден 3,7 мың текше метр қар шығарылып, 347 шақырым арық пен 156,9 км арналар, 157 су өткізу құбырлары мен 82,1 шақырым су бұру каналдары тазартылған. Бұдан бөлек, «Көктем-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аясында су тасқыны қаупі бар 6 учаскеде 1,8 шақырым арықтар, 35 автожолдар астындағы су өткізу құбырлары тазартылып, 150 мың текше метр қар тазаланды.
Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Дәурен Азаматовтың айтуынша, өңірдегі 310 су қоймасының 300-і қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.
«Қазіргі таңда Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы облыстың «Қапшағай», «Күрті», «Бартоғай» және «Бестөбе» сияқты ірі су қоймаларын толтыру жұмыстарын қалыпты режимде атқарып жатыр. Су деңгейі арнасынан асқан жоқ», – деді Дәурен Азаматов.
Брифинг барысында ТЖД өкілі Іле ауданы Байкент ауылында Ворошилов су қоймасының бөгеті бұзылғанын айтты. Оның сөзіне сенсек, қауіптің алдын алу жұмыстары толық атқарылды, ешкім зардап шекпеген.
Ал, Алматы облыстық прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының прокуроры Ернар Бердақын Ворошилов су қоймасы бөгетінің бұзылуы бойынша прокуротура ҚР Қылмыстық кодексінің 371 бабымен «салғырттық» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Қазіргі таңда іс сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне процессуалдық шешім қабылдау үшін жіберілген.
Төтенше жағдай мамандары қызыл су деңгейінен асса, халыққа көмек көрсетуге 471 техника, 126 мотопомпа, 29 жүзу құралы мен 1326 адам жұмылдыратынын алға тартты. Айтуларынша, су тасқыны қаупі төнген жағдайда облыстың азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарынан арнайы топ қол ұшын беруге әзір.