Бүгін арамызда болса – бауырымыз, әріптесіміз, азаматымыз Нұрбатыр Орынбаев 70 жасқа толып, мерейлі шекпенін киіп төрге шығатын еді. Себебі ол, мұндай құрметке әбден лайық!
Алайда, мен білетін Нұрбатырдың мінезі басқа. Мерейтойдың қошеметіне елпілдеуі екіталай. Тіпті оны өзгертіп, халықтық шараға айналдыруы әбден мүмкін. Сол кезде ол бізге қарап: «Қарасаздың мақтанышы – Мақатаев! Қошемет сол кісілерге жарасады. Жетпіске келді екен деп, мен секілді мұғалімнің туған күнін дүбірлетудің не қажеті бар? Мұны білгенде ешкімді әуре етпей, математик мұғалімдердің жарысын өткізетін едім. Жыл сайын олардың арасынан бір мықтыны анықтасақ біз үшін де, қоғам үшін де олжаның үлкені сол емес пе?» дейтіні анық. Осылай айтпаса, Нұрбатыр бола ма?!
Артындағы елі Нұрбатыр өсиетінің маңызды екенін ұқты. Сондықтан жыл сайын Орынбаев атындағы жүлде сарапқа түседі. Көктемнің күні күлімдегенде математик мұғалімдер олимпиаданың байрағын көтереді. Бәрін бұл бәсеке қанаттандырып, өздерін Нұрбатыр Орынбаевтың рухы қолдағандай сезімге бөленетіні бар. Үндемей жүріп үлкен жоспарды жүзеге асырып кеткен бауырымыздың бағасын енді аңғарып отырмыз.
Ол айналасына қайраткердің көзімен қарады. Қазақ жастарының ешкімнен кенде қалмай өсуін тіледі. Бұл іске мұрындық болуды ойлады. Елім деп еміренді. Аталар аманатын жаңғыртты. Мұқағали ағасынша айтсақ, «халқының өз айтқанын қайталады». Бұл – Райымбек аудандық білім басқармасының басшысы болған соң қолға алынған жұмыстар емес, қанында бар қасиет.
Аспантаудың шыңдары арқасын қоздырды. Биікке қараған сайын көкірек көзі ашылды. Ең алдымен, оның құлағына сөз құйылды. Ауыл қарияларын пір тұтты. Дала философиясына қанықты. Бойына ізгілікті дарытты. Ойнаудан гөрі оқуға, ақылдың жібін көкейіне тоқуға тырысты. Қатарынан бұрын есейді. Көшбастар қабілетін көрсетті. Жұрт Қарасаздағы қара баланың келешегінен зор үміт күтті. Озатын жастың амандығын тіледі. Нұрбатыр жолы осындай ерекшеліктермен басталған.
Ол мұғалімдікті ағартушылық деп ұқты. Ұстаз мәртебесін халықтық тәрбиенің қайнар көзіне балады. Өйткені, бедел бала оқытумен ғана қалыптаспайды. Парасат пен пайым ағартушының қос қанаты сияқты. Сондықтан көзіқарақты жастың ауылда жүрген кезінде-ақ адамтануға аса қажет мамандық – мұғалімдікке көңілі біржолата ауды. Әйтпесе, мектепті үздік бағалармен аяқтаған Нұрбатыр кез-келген университет пен институттың есігін таңдап ашуға мүмкіндігі бар еді.
Мұғалімдік – нан табудың, отбасын асыраудың ғана кепілі емес. Қоғам алдындағы жауапкершілік. Нұрбатыр осыны жан-тәнімен сезді. Әр сыныптың қайталанбайтын бір толқын екеніне көзі жетті. Тәрбие көргеннің бәрі еліне пайдасы тиетін азаматтар болып сапқа қосылуы керек. Кешегі алаш көсемдерінің сенімі ешқашан өзгермейді. Сондықтан олар «Ел боламын десең, мектебіңді түзе!» қағидасымен өмір сүрді. Бұл мағынаны терең түсінбеген маман жалаң дипломмен ұлттық мұраттарға жете алмайды. Осындай әңгімелерді Нұрбатырдан естіген кезде қатты таңғалдым. Менің алдымда отырған адамның тегін еместігін мойындадым. Мұндай азаматпен ағарту жолында тізе қосқаныма шын жүрегіммен қуандым!
Нұрбатырдың қыры мен сырын бірдемде түгел қамту мүмкін емес. Сондықтан есте қалған ерекшеліктеріне тоқталайын.
Ол математиканы ғана қаузаған жоқ. Әдебиетке де ерекше ден қойды. Қоғамтануға, тарихқа, саясатқа жете көңіл бөлді. Жағырапия мен биологияны олардың мамандарынан кем білген жоқ. Өнертануды өміртанумен ұштастырды. Алыстан тербейтін пікірлерімен тыңдаушыларды баурап алатын. Қысқасы, шалғай ауылда отырып-ақ энциклопедиялық біліммен қаруланған зиялы жан екенін көрсетті.
Мұқағалиды пір тұтты. Ақиық ақынның мұрасын насихаттаудан жалықпады. Осы арқылы көрініп қалайын демеді. Абай тектес қаламгердің қалдырып кеткен кенішін жастар тәрбиесіне пайдалануды ұйғарды. Мұқағалитануды ізгілік құралына айналдырды.
Нұрбатыр әріптестерін тың идеялар ұсынуға үйретті. Ойды ой туғызатын үрдістерді дамытты. Мәселен, Мұқағали шығармаларының сырын ашуға ұмтылған Жалғас Келдібекова, Жұмаш Өтеев, Мұқан Түңлікбаев, Дариға Саламатова секілді әріптестерін елдің алдына шығарды. Жаңашылдыққа батыл бетбұрыстар жасады. Нәтижесінде Қараздағы орта мектеп мұқағалитанудың алғашқы ошағы ретінде республикаға танылды.
Әлі есімде, мектептің үлкен залын Мақатаевтың мұражайы етуге шешім қабылдады. Оның қалай басталып, қалай аяқталатыны туралы жасаған жобасын көрсетті. Кімнің қолынан не келеді, соған қарай тапсырма берді. Бір сөзбен айтқанда, мұғалімдердің бойында жасырынып жатқан қабілеттердің көзін ашты. Ізденіс пен жұмыс бір-бірімен ойдағыдай үйлесті. Қолынан іс келетін шеберлер өзімізде де аз емес екен. Нұрбатырдың не үшін тәуекелге барғанын біз сонда түсіндік.
Соның арқасында ауылда бой көтеретін үлкен мұражайдың негізі қаланды. «Алексей Стаханов болмаса егер, Юрий Гагарин де болмас еді» деп Мұқағали ағамыз айтқандай, Нұрбатыр қолға алмағанда ақынның музейі 1991 жылы жасалмай, бәлкім одан әріге қалар ма еді деп те ойлаймын. Аудандық білім бақармасына бастық болып ауысқан соң да белсенділігін бәсеңдетпеді. Музейге қатысты мәселені тиісті орындардың алдына қоя білді. Нақты дәлелдерге жүгініп, жоғарғы басшылықтың көздерін жеткізді. Бүгін мұны біреу білсе, біреу білмейді. Өйткені ол атқарылатын істерді айғайлаймай тындыратын.
Аудандық оқу бөліміне басшы болу оңай емес. Мұғалімдер үнсіздікке көнбейді. Пікірлерін ашық айтатын қауым. Уәждеріне құлақ аспаса, арыздарын жоғарыға жолдайды. Сын садағына іліккендердің аман қалғаны аз. Оқу бөлімінің бастығы тұрмақ, мүйізі қарағайдай біріншілердің өзі орынтағынан омақаса құлайтын. Сөйткен мұғалімдер Нұрбатырға тиіскен жоқ. Ол осы қызметте ең көп отырған басшы ретінде аудан тарихында қалды.
Нұрбатыр адам жанын жақсы түсінді. Сол үшін әріптестерінің көңілінен шықты. Өтіріктен, өсектен, қиянат жасаудан бойын аулақ ұстады. Бұлай дегенде, «сен тимесең, мен тимеймін бадыраңкөздің» кебіне теңеп тұрғам жоқ. Қарапайымдылықты да, қаталдықты да тең ұстады. Бет-жүзге қарамайтын жерде ешкімнен айылын жимады. Мәселені тікесінен қойды. Кесіп айтты, нәтиже шығатындай етіп шешіп айтты. Жауапкершіліктен басын алып қашпады. Ақиқатты қорғауды ардың ісіне санады. Нұрбатыр сөзге араласқанда дау-дамайдың түйіні тарқап, өкпелескендер татуласатын. Оған талай рет куә болдық. Ол кеңпейіл қылығымен халыққа ұнады. Нұрбатырдың көзін көрген азаматтар менің бұл теңеуіме бірауыздан қосылады деп сенемін.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жұрт ұлттық құндылықтарға назар аударды. Оны қалай түгендейміз дейтін сұрақ баршаны ойландырды. Осы кезде Нұрбатыр соны жаңалықтарымен көзге түсті. Мұғалім Жұмаш Өтеевтің тәжірибесін кәдеге жаратты. Ұлттық тәрбиені жандандыратын жоспар жасалды. Тәлім сабақтарын жас ұрпақ жатсынбай қабылдайтындай етіп өміршең көзқарастармен байытты. Нәтижесінде Қарасазда халықтық педагогикалық мектебі пайда болды.
Бұл іс мұғалімдердің бүкілреспубликалық талқысынан сүрінбей өтті. Нұрбатыр мұғалім еңбегін қалай бағалау керектігін де көпшілікке көрсетті. Автордың табысын өз иесіне еншілейтін мәдениетті қалыптастырды. Сөйтіп, жаңа ойластырылған ағарту саласы мұғалімнің есімімен, Жұмаш Өтеев атындағы републикалық халықтық педагогикалық мектеп болып жұмысын бастады.
Қарасаздан ақындар ғана шыққан жоқ. Бұл жер әншілер мен әртістердің де талбесігі атанды. Жергілікті өнерпаздар жарысқа түсті. Олардың күшімен ұйымдасқан «Қарасаз әуендері» ансамблі аудандық, облыстық байқауларға қатысып, бас жүлдені қолдан бермеді. Әсіресе, ағайынды Ауғанбай және Амантай Шымановтардың сіңірген еңбектері өлшеусіз еді. Осындай табиғи таланттардың мүмкіндіктерін ел пайдасына жаратуды ойлаған Нұрбатыр Орынбаев тиімді жобалар жасап, тиісті орындарға хат жолдады. Ең үлкен мақсаты – Қарасазда өнер мектебін ашу болатын. Аудан орталығы Нарынқолда, халық саны көп Текес ауылында өнер мектептері жұмыс істеп, жас дарындарды алтын ұясынан түлетіп жатты. Енді үшіншісін қатарға қосу арманы оны қанаттандырды.
90-шы жылдары мемлекет бюджетінде тапшылық байқалды. Сондықтан өнер мектебін ашпаудың қырық сылтауы алдымыздан шығатын. Бірақ Нұрбатыр солай екен деп, алған бетінен қайтқан жоқ. Көндіру мен сендіру арқылы ықпал ету әдістерін жалғастырды. Сол шақта облыстық білім басқармасын басқарған Тоққожа Естенов ағасы жақсы түсінді, барынша қолдады. Өнер мектебінің тұрақты жұмыс істеуі үшін қолынан келгеннің бәрін жұмылдырды.
Талдықорғандағы Жетісу университетінің музыка факультетін бітірген Бақыт, Амантай Шымановтарды қолынан жетектегендей етіп Қарасазға әкелді. Бүгін арамызда Амантай мен Нұрбатыр жоқ болса да, заманауи талаппен жабдықталған өнер мектебі талантты шәкірттерді тәрбиелеп жатыр.
Бұрынырақта Нарынқол ауданында математикалық білім беру басымдығы Шалкөде орта мектебіне ғана тән еді. Нұрбатырдың арқасында ол жаңалық біртіндеп Қарасазға ауысты. Математиканы тереңдетіп оқытатын сыныптар пайда болды. Қарасаздық шәкірттер Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін қалай жатқа айтса, математика мен геометрияның теориясын да солай жатқа айтатын болды.
Нұрбатыр ерінуді білмейтін. Ізденуден жалықпайтын. Бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ресей қалаларымен тығыз байланыс орнатты. Кейде өз қаржысын жұмсап-ақ қажетті сапарларға шығатын. Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазанға барып, ондағы ғалым ұстаздармен, білікті математиктермен ой бөлісетін. Көрші елдерде мақұлданған озық тәжірибелерді аспантау өлкесіне алып келді. Небір мықты әдістемелік құралдарды, математикалық еңбектерді жергілікті мұғалімдерге қазақшалатып, аудан жұртының игілігіне айналдырды. Қанатын кеңге жаятын мұндай іс Нұрбатыр секілді өз ісіне берілген жандардың ғана қолынан келеді. Сол жобалардың бірі – өздеріңізге жақсы таныс математик мұғалімдердің олимпиадасы. Демек, Нұрбатыр Орынбаевтың өршіл рухы қазір де бізбен бірге жүр десек, қисынға келетін шығар.
Нұрбатырдың арманы мен аманаты жаңғыра береді. Бүршігін жарып жыл сайын жеміс беретін бақша сияқты. Бұтақтарын жайған бәйтерекке айналатыны анық. Асыл азаматтың бүгінгі мерейтойы да еліне қызмет етіп, баршаға шапағатын тигізуде.
Әділжан Нөкеев,
ардагер ұстаз,
Білім беру ісінің үздігі