Қазақстан Парламентінің Сенаты тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жазаны күшейтетін заң жобасын екі оқылымда мақұлдады.
Сенат депутаттары әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы негізгі және ілеспе заң жобалары бойынша оң шешім қабылдады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін өз Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны қатаңдатуды, бірыңғай сенім телефонын ұйымдастыруды және зорлық-зомбылық пен буллинг құрбандарына көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын.
Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
«Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отырған жағдай мен оның статистикалық көрсеткіштері осы саладағы құқық бұзушылықтарды криминалдандыруды, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етіп отыр», – дейді сенатор.
Заң жобасында балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткендерге жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады және тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді.
Сондай-ақ денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
«Баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді», – деді Асанова.
Заң жобасы 16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипатта әрекет жасағаны үшін жауапкершілік енгізеді. Ол мақсатта Қылмыстық кодекске жеке бап енгізіледі.
«Қылмыстық кодекске енгізіліп жатқан өзгерістердің мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар үшін жазалау шараларын қатаңдату», – деді сенатор Жанна Асанова.
Сенаторлар әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жайлы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жайлы заңдарға дауыс беру арқылы аталған заң жобаларын мақұлдады. Заң жобасы Президентке қол қоюға жіберілді.