Қонаев қаласында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Алматы облысының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынды облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәулет Шайсұлтанұлы жүргізіп отырды.
Мирас Қалиұлы өңірдегі туризм мен спорт салалары төңірегіндегі мәселелер бойынша баяндама жасап, тұрғындар сұрағына жауап берді. Баяндама барысында еліміздің туризмін дамытуға Алматы облысының қосып отырған зор үлесін сөз етіп, министрлік тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. «Сарапшылар, басқа да халықаралық ұйымдар пандемияға дейінгі цифрларға туризм саласы тек 2025 жылы ғана жетеді деген еді. Бірақ көңілсіз болжамдарға қарамастан, динамика көрсеткендей, Қазақстанда туризм өткен жылдың өзінде қалпына келді. Бұл – отандық туристік қызметтер нарығын қолдау, салаға инвестиция тартудың ықпалы. Сонымен қатар ел ішіндегі саяхатты арттыру бойынша қабылданған тиімді шаралар да өз септігін тигізді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша туристік сала пандемиядан толық қалпына келіп қана қоймай, туризмнің негізгі көрсеткіштері бойынша тарихи тұрғыдан ең жоғары деңгейге жетті. Мысал ретінде айтсақ, өткен жылы ғана елге 9,2 млн шетел азаматы келді, бұл пандемияға дейінгі деңгейден 700 мың адамға артық. Оның ішінде 1,1 млн шетелдік турист орналастыру орындарында тоқтады. Яғни, бұл көрсеткіш 2019 жылғы деректерден 3 млн-ға, ал 2022 жылғыдан 1,1 млн-нан артық. Сәйкесінше, туризм салаларынан бюджетке түскен салық түсімдері 453 млрд теңгені құрады, басқаша айтсақ, 2022 жылғы көрсеткіштен 64 млрд теңгеге артық. Қазіргі таңда туризм саласында 502,5 мың адам жұмыс істеп келеді. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбейіп келе жатқанын мәлімдейміз.
Алматы облысында биылғы жылы жалпы сомасы 22,8 млрд теңгеге бағаланған 9 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың ішінде ең маңызды жобаларға визит-орталықтың құрылысы, «Олсизим» демалыс аймағының құрылысы, «Sokol» спорттық-техникалық кешенінің құрылысы жатады, – дей келе, өзекті болып отырған мынадай бір мәселені көтере кетті. Оның айтуынша, кейбір туристік және басқа да сервистік компаниялар туралы шағымдар көп түседі. Соған орай Мирас Қалиұлы егер туркомпаниялар тарапынан заңсыз әрекеттерге күдік болса, олардың қызметінің заңдылығын Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарындағы тізімнен тексеруге болатынын ескертті. Вице-министр: «Барлық мәселелер бойынша министрліктің Туризм индустриясы комитетіне өтініш жазуыңызды сұраймыз. Өз тарапымыздан олардың құзыреті бойынша құқық қорғау органдарына, атап айтқанда ІІМ, ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті, Қаржы мониторингі жөніндегі агенттіктерге сауалдар жолдаймыз, – деп сендірді.
Мұнан ары баяндамашы еліміздегі спорт және дене шынықтыру саласына тоқталды. «Ел абыройын асқақтатар елеулі саланы дамыту, спортқа бейім, бәсекеге қабілетті бірегей ұлт, салиқалы ұрпақ қалыптастыру – әрқайсымыздың борышты міндетіміз», – дей келе, баяндамашы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Бұқаралық спортты дамыту арқылы біз ұлтымыздың денсаулығын жақсартамыз, бүкіл еліміз мақтан тұтатын спорт жұлдыздарының жаңа буынын тәрбиелеп шығарамыз» деп ерекше атап өткенін еске салды. Сондай-ақ осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру және өткізу болып отырғанын, соған байланысты Мемлекет басшысының байрақты бәсекенің саламатты өмір салтын дәріптеудегі, бауырластық байланыстарды арттырудағы маңызы жөнінде мәлімдегенін жеткізді. Бұл ретте көшпенділер ойындарына әлемнің 100-ден астам елінен делегациялар қатысады деп күтіліп отырғанын, қазақ еліне қызығушылық арта түсетінін, ұлттық өнеріміз ұлықталып, бүкіл әлем жұртшылығының назарына ілігетінімізді атап көрсетті. Туризм мен спорт салаларындағы жүзеге асқан, көзделіп отырған шаруалар жайынан хабардар ете келіп, вице-министр: «Әрқайсысымызға қатысты бір маңызды тақырып – азаматтардың өтініштері. Мен үшін қоғам мен мемлекеттің өзара іс-қимылы өте маңызды аспект болып саналады. Проблемалық мәселені шешудің бірден-бір тиімді тәсілі – азаматтардың ресми тәртіпке жүгінуі. Сондықтан, азаматтар кез келген өтінішті немесе сұрау хатты Президент Әкімшілігінен, Үкіметтен бастап жергілікті атқарушы органдарға дейінгі аралықтағы әртүрлі мемлекеттік органдарға жібере алады. Құрметті азаматтар, мен сіздерді осы тетікті пайдалануға шақырамын, себебі біздің мақсатымыз – әрбір азамат мемлекет тарапынан қолдау мен қамқорлықты сезінетін қолайлы және әділ қоғам құру екенін естеріңізге салғым келеді, – деп аяқтады.
Баяндамадан кейін халықтың сұрақтарына кезек келді. Сауалдардың мәртебесіне орай жергілікті билік өкілдері – қала әкімінің орынбасары Марлан Жолдахмет, облыстық дене шынықтыру басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков және вице-министр Мирас Төлебаевтың өзі жауап берді. Мирас Қалиұлы: «Мәселелерді мемлекеттік бағдарлама аясында, ешбірін де аяқсыз қалдырмай шешуге күш салынатын болады», – деп жиналысты қорытындылады.
Бейбіт Мекеев,
Қонаев қаласы