Президент Ақордада өтіп жатқан Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандыө өнеркәсіп үшін білікті мамандарды даярлау мәселесін сөз етті.
«Ірі өндірістік компаниялармен бірге «индустриалды PhD» даярлау механизмін әзірлеп, қолданысқа енгізген жөн. Тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен ғылыми зерттеулер өзара байланыса отырып, өндіріске инновациялық шешімдерді енгізуге ықпал етеді. Жалпы, еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен шетелдік университеттердің филиалдары экономикамыздың басым салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандарды жедел даярлауға тиіс. Мысалы «жасыл» энергетика, климаттың өзгеруі, су ресурстарын үнемдеу салаларындағы кадрларға сұраныс айтарлықтай артып келеді. Отандық өнеркәсіп үшін маман даярлау ісі – өте өзекті мәселе. Ғылым және жоғары білім министрлігіне халықаралық стандарттар мен тәжірибені ескеріп, инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық моделін әзірлеуді тапсырамын. Бұған қоса өңірлік жоғары оқу орындарының базасында озық инженерлік мектептер ашу қажет. Бұл мектептердегі білім беру бағдарламалары мен технологиялық жобалар өнеркәсіптің басым салаларындағы сұранысқа негізделуі керек. Білім саласы мен еңбек нарығын ұштастыруға ықпал ететін «Менің мамандығым – менің болашағым» жобасы жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Жоба аясында Мамандықтар атласы әзірленіп, экономиканың құрылымы мен әр аймақтың даму тенденциясы зерттелуде. Келешекте әр өңірдің белгілі бір салаға мамандануын көрсететін Өңірлік экономика атласын дайындау мәселесін пысықтау керек. Мұның бәрі білім беру бағдарламаларын уақытылы жаңартуға мүмкіндік береді. Негізгі міндет – өңірлік жоғары оқу орындарын кадрларды алдын ала даярлайтын және қолданбалы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін орталыққа айналдыру», – деді Президент.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы ғылыммен айналысып жүрген жастардың саны көбейіп келе жатқанын айтқан болатын.
ҚазАқпарат