«Таза Қазақстан» акциясына облыста алғашқылардың бірі болып «Маревен фуд» кәсіпорны үн қосты. Шараға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев қатысып, өңіріміздегі кәсіпорындарға үндеу тастады.
Рустам Маратұлы бүгінде облыста 12 мыңға жуық кәсіпорын табиғатты қорғау науқанына жұмылдырылғанын жеткізіп, өнеркәсіп кешендерінің 56 мыңнан астам қызметкері маңайдағы аумақтарды тазартуға кіріскенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол тазалық шараларын алғашқы болып бастаған «Маревен фуд» кәсіпорнының жұмысы өзге де өнеркәсіп кешендерінде жалғасын табатынын алға тартты. «Маревен фуд» қызметкерлері өздеріне тиесілі ауланы тазартып қана қоймай, кәсіпорынға жақын «Алматы – Өскемен» тас жолының жиегінде жинастырды.
Жалпы саны 50-ге жуық қызметкер жұмыла жүріп аумақтан 16 қап қоқыс шығарды. Кәсіпорынның маркетингтік коммуникациялар бөлімінің басшысы Анна Орлованың айтуынша, кәсіпорын мен оның маңайы әрқашан да мұнтаздай таза болуы шарт. Ол өз сөзінде:
– Біз «Таза Қазақстан» акциясына алғашқылардың бірі болып қатыстық. Расында, экология мен қоршаған ортаның тазалығын қадағалап, табиғатты сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасау өте маңызды. Аймақты тазалауға бірнеше сағат уақыт бөлу қиын емес. Сондықтан біз барлық кәсіпорындар мен жауапты азаматтарды өз үйлерінің маңайын, аулаларын, көшелерін таза ұстауға шақырамыз», – деп айтып өтті.
Өңіріміздегі тазалық шаралары толық аяқталған соң алдағы уақытта облыстың барлық аудандарында аумақтар абаттандырылып, ағаштар отырғызылмақ.
Құралбек Сәбитов,
Қонаев қаласы