Бүгін республика бойынша “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында өтіп жатқан “Таза өлке” апталығының соңғы күні. Дүйсенбі, 15 сәуірден “Киелі мекен” эконауқаны басталады. Оның аясында шаһардағы мәдени мұралар мен ескерткіштердің аумағы тазаланып, абаттандырылмақ.
Апта Қонаевтағы тұрғын үйлердің аулаларын тазартумен аяқталды. Сенбілікке 80-нен астам адам жұмылдырылып, 160 қап қоқыс жиналды.
Жалпы, “Таза өлке” апталығында бірқатар жұмыстар атқарылды. Алдымен 60-тан астам адам аллеяны қоқыстан тазартты, келесі күндері науқанға Алматы облысының әкімі бастаған мемлекеттік қызметшілер, 200 студент, 800-ден астам бизнес субъектілері, мұғалімдер мен оқушылар, ардагерлер қатысты. Қонаевқа қарасты ауылдық округтермен қоса есептегенде бұл жұмысқа 4500-ден аса адам жұмылдырылды.