Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде екі бірдей заңға қол қойды. Оның біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» болса, екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.
Бұл біз көптен күткен заң болатын. Бала құқығын қорғау саласында талай жыл қызмет ете жүріп, көптеген мәселемен бетпе-бет келгеніміз рас. Енді оның заң аясында шешім табатынына шексіз қуаныштымыз.
Жаңа заңға сәйкес әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейеді. Кей тұстарда әкімшілік жаза қылмыстық жазаға ауыстырылды. Мәселен, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде сипатталады. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтірген қылмыс үшін жауапкершілік қатаңдатылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
16 жасқа толмағандарға жыныстық сипаттағы көзқарас танытқандарға қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды. Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндеттелді. 16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оқушыларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.
Заңдағы осындай жаңа өзгерістер әйелдер мен балалар игілігіне қызмет етеді деп сенеміз. Ана мен баланы қорғау – баршамызға парыз.
Ажаркүл Қылышбаева,
Республикалық «АНА ҮЙІ» қоғамдық қорының атқарушы директоры