Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Мерзімді басылымдар – халық сауаттылығының қайнар көзі» тақырыбында ІІ өңірлік мерзімді басылымдар форумы өтті. Алматыда екі күн жалғасқан маңызды шараға кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен баспасөз саласын дамытуға өзіндік үлес қосып жүрген білікті мамандар қатысып, ұлттық басылымдардың бүгінгі жайы, олардың сапасын жақсарту, тарату мен оқырманға жеткізу жолдары қарастырылды.
Жиынның ашылу салтанатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутататтары Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи, ҚР Президенті Баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов, «Халық үні» медиа-холдингінің директоры Ринат Кертаев бұқаралық ақпарат құралдарының, соның ішінде дәстүрлі басылымдардың алатын орны мен маңызы жөнінде ойларын ортаға салды.
Кезінде «Жас Алаш», «Ақ жол», «Айқын» сияқты республикалық басылымдарды басқарып, отандық журналистиканың дамуына өзіндік үлес қосқан Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп өңірлік басылымдарда кәсіби мамандар жетіспейтінін айтты. «Ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған кезде дәстүрлі баспасөздің даму жолы да өте маңызды. Қазір жергілікті жерлердегі журналистердің әмбебап шеберлігі алдыңғы қатарға шықты. Журналист бүгінгі таңда өзі жазып, суретке түсіріп, оператор да болуы керек. Тілшілер бірнеше тілді еркін меңгеруі тиіс деген тоқтамға да келе жатырмыз. «Өңірлік БАҚ» дегенді «Өмірлік БАҚ» деп есептеу керек. Себебі, байтақ Қазақстан – өңірлерімен қуатты», – деді.
Ал тәуелсіздік жылдарында «Жас қазақ үні» газетін ашып, бүгінде оны «Қазақ үні» ақпарат агенттігі, ұлттық портал деңгейіне жеткізген танымал ақын, журналист, Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса қазақ газеттері отыз жылдың ішінде ұлттық партияның рөлін атқарғанын, әлі күнге атқарып келе жатқанын, бұл мойындалған жайт екенін айтты. «Қандай қиындық болса да қазақ журналистері ұлттық мүддені қорғауға келгенде жалаңтөстікпен барын салды. Сондықтан да мемлекет болсын, билік болсын қазақ баспасөзін қолдауы заңды құбылыс. Әсіресе, қазақ газеттерінің жағдайы қиын. Көбісі жекешелендіріліп, сатылып кетті. Кешегі пандемия кезінде көптеген басылымдардың таралымы күрт төмендеді. «Қазпошта» тарату мәселесін дұрыс атқара алмай отыр. Соның салдарынан газет-журналдар оқырманға уақтылы жетпейді. Ал газет дегеніміз – қару. Наполеонның «Маған үш мың сарбаздан үш газет қауіпті» деген сөзі бар. Сондықтан біз баспасөзді ұлттық мүдде мен идеологияны ілгерілету, тәуелсіздікті нығайту мақсатында қолдауымыз керек», – деді ол.
Бірегей ұлттық тәуелсіз газет – «Даттың» негізін қалап, қандай қиындықтарға тап келсе де мойымай, 25 жыл бойы шығарып келген Парламент Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи мерзімді басылымдарды тарату мәселесіне баса мән беру қажеттігіне тоқталды: «Газеттің басты мәселесі – тарату. Ел қазір газет оқу мәдениетінен арылып, гаджетке көшіп кетті. Бірақ әлемдегі дамыған мемлекеттер қайтадан газет оқуға бет бұрды. Кезінде жабылған үлкен газеттер қайта ашылды. Біз халық арасында газетті таратып, ағартушылық бағыттағы немесе рухани-танымдық дүниені танытамыз десек, газеттің рөлін шектемеуіміз керек. 2015-2017 жылдары қалалардың көркін кетіреді деп газет сататын дүңгіршектерді алып тастады. Алматыда 264 дүңгіршек жабылды. Ал ертеңгі өркениеттің көшіне ілесу үшін дәстүрлі баспасөзімізді жетілдіру маңызды. Сондықтан халықтың оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесін ойластыру керек!».
«Халық үні» медиа-холдингінің директоры Ринат Кертаев қазіргі кезде елімізде 5848 бұқаралық ақпарат құралы тіркелгенін, соның 3999-ы мерзімді басылымдар екенін жеткізді. Бүгін Астанада – 580, Алматыда – 1273 мерзімді басылым жарық көрсе, қалғандары аймақтарда. Сонымен бірге 1300 интернет басылымдар мен электронды ақпарат құралдары жұмыс істейді. Оның пікірінше, мерзімді баспасөз барлық платформаларда, барлық форматтарда жұмыс істеуі керек. Өйткені ол – заман талабы. Мерзімді баспасөзді таратудың, танымал етудің, жеке бренд ретінде насихаттаудың бірден-бір тиімді құралы – маркетинг пен пиардың заманауи тәсілдерін қолдану.
Шараның алғашқы күні «Басылымдарда сапалы контентті қалыптастыру» тақырыбында өткен бірінші панелдік отырыста «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов сөз алып, өңірлік басылымдарды дамытудың өзектілігі, мемлекет тарапынан БАҚ саласы бойынша қолға алынған шаралар мен атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды. Әсіресе, мерзімді басылымдарды танымал ету, оқырман аудиториясын кеңейту, баспасөзді нығайтуда әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелеріне мән берілді.
Ал басылым өкілдері, атап айтқанда «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Алмас Нүсіп «Сараптамалық материал жазудың стилі», «Мысль» журналының бас редакторы Асыл Сағымбаев «Баспасөздегі сараптама сыни ойлауды дамыту құралы ретінде», филология ғылымының докторы Орынай Жұбаева «Қате қолданыстағы сөздер мен сөз тіркестері», «Курсив» газетінің шеф-редакторы Татьяна Николаева «Мерзімді басылымдардың беттелуі мен дизайны», «Казахстанская правда» газетінің фототілшісі Юрий Беккер «Суретке түсіру өнері» тақырыптарында ойларын ортаға салды.
Форум қатысушыларында «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Марат Аралбаевтың «Баспа басылымдарын танымал ету және тарату: аймақтық қырлары» тақырыбында сөйлеген сөзі мен осы ұжымда атқарылған нақты істер үлкен қызығушылық тудырды. Бұл медиа-холдингтің ерекшелігі, 2020 жылы мемлекеттік басқарудан сенімді басқаруға берілген. Құрамына 7 аудандық, 3 облыстық, 1 қалалық, барлығы – 11 газет, 1 ақпарат агенттігі кіреді. Холдингтің үш қабатты өз ғимараты, екі қабатты ғимаратта орналасқан өз баспаханасы бар. Газеттердің бәрі сонда басылып, оқырманға да өздері жеткізіп береді. Жеті аудандық газеттің редакциялары өз ғимараттарымен, автокөлікпен қамтылған. «Қызылорда-ньюс» ақпарат агенттігінің сайтына күн сайын 100-120 мың оқырман кіреді екен. Оның әлеуметтік желілердегі айлық қаралымы 2,5 миллион болса, «Сыр бойы» газетінің инстаграмм парақшасындағы қаралымы 1 миллион, «Ақмешіт» апталығының қаралымы 1,5 миллион шамасында. Серіктестік жанынан «Сыр медиа» академиясы құрылған.
«Қазпоштаның» баспасөзді тарату тарифі қымбаттап, оның үстіне қызмет сапалы атқарылмайтын, жазылудан түскен қаржы уақтылы түспейтін болғандықтан, бұл жұмыстың экономикалық тиімділігі, облыстың географиялық жағдайы ескеріліп, газетті тарату жұмысын да өз мойындарына алыпты. Осы мақсатта баспасөз және тарату бөлімі құрылған. Оған 1 баспасөз маманы, 9 менеджер, 6 газет сұрыптаушы, 4 мекенжай жазушы, 254 газет таратушы жұмыспен қамтылған. Соның арқасында бұл қызмет қалыптасқан жүйеге түсіп, газет-журналдардың уақтылы жетпейтіндігі турасындағы арыз-шағымдар күрт тоқтаған. Оған қосымша барлық республикалық басылымдарғы жазылу жұмыстарын жүргізіледі екен. Сондай-ақ «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің Қызылорда облысының аумағына тарайтын таралымы да «Сыр медиа» ЖШС баспаханасында басылып, олардан қосымша табыс түседі.
«Журналистерді ынталандыру мақсатында соңғы үш жылда ай сайын үздік сараптамалық мақалаларға конкурстық комиссияның шешімі негізінде қаламақыдан бөлек, бірінші орынға – 70 мың, екінші орынға – 50 мың, үшінші орынға 40 мың теңге көлемінде сыйақы беріп келеміз. 2023 жылдың қараша айынан бастап, облыстық, қалалық, аудандық газеттер үшін үздік мақалаларға ай сайын бірінші орынға – 50 мың, екінші орынға – 40 мың, үшінші орынға – 30 мың, ынталандыру ретінде 20 мың сыйақы тағайындалды. Биылдан бастап «Миллионер журналист» сыйлығын тағайындап, жылдың үздік журналисіне 1 миллион теңге сыйақы беруді жоспарлап отырмыз», – деді Марат Аралбаев.
«Қалауын тапсаң қар жанады» демекші, оның келтірген деректері мен атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі баспасөз саласындағы қызметті жақсарту – көп жағдайда басқару ісіндегі біліктілік пен менеджерлік қабілет-қарымға, бағалы бастамаларды билік ұйымдарының нақты қолдауына байланысты екенін көрсетті. Сапалы өнім ұсынуға сый-сыяпат арқылы ынталандыру да зор ықпал ететінін артық рет ұқтырды.
Жиын соңында бірқатар әріптесіміз «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Құтмағамбет Қонысбай