Еңбекшіқазақ ауданы Ащыбұлақ елдімекенінде ауыл жастарының бастамасымен бой көтерген жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Аталған шараға облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, даңқты балуан, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат төрағасы Бекет Ахметов, «Қазақстан халқына» және «Батыр боламын» қорының өкілдері, ауыл ақсақалдары, жастар, спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты.
Ашылу салтанатында сөз алған облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков игі іске атсалысқан барша ауыл жұртына алғыс айтып, кешеннің бой көтеруіне бастамашы болған азаматтарға Алғыс хат табыстады.
– Бұл спорт кешенің құрылысына 2022 жылы ауыл жастары бастамашы болды. Оған кәсіпкер азаматтар барынша қолдау білдірді. Сонымен қатар «Батыр боламын» және «Қазақстан халқына» қоғамдық қорлары да ортақ іске үлес қосты. Бүгінде аталған спорт кешенінде күрес, бокс, дзюдо, каратэ сынды секциялар жұмыс істейді. Шағын футбол алаңы тағы бар, – дейді спорт жаттықтырушысы Бауыржан Ермақашов.
Шара соңында спорттық үйірмеге қатысып жүрген жасөспірімдер өз өнерлерін көрсетті.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы