Көктем келісімен-ақ жолдың жыры басталады. Қыс бойы ақ көрпеге оранып жатқан тарам-тарам жолдар күн жылынып, жер бусанғаннан кейін-ақ әр тұстан сыр беріп, ойық-шұқырлар пайда болады. Дер кезінде жамау көрмегеннен кейін тұрғындар наразылығы да күшейе түседі. Жылда қайталанатын осы жайт биыл тағы назарға ілікті. Бұл жолы қоғам белсенділері емес, жергілікті биліктің өз өкілдері жол жасаушы компанияның жұмысын сын тезіне салды. Кеген ауданында орын алған оқиғаға орай істің мән-жайын айқындау үшін журналистерге пресс-тур ұйымдастырылды.
Әлеуметтік желіде Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаевтың «Көкпек – Кеген – Түп» автожолының сапасына көңілі толмайтыны туралы бейнежазба тараған еді. Осыған орай қайта тексеру үшін пресс-тур ұйымдастырылып, «Көкпек – Кеген – Түп» автожолының 53-68 шақырымында жүргізілген жұмыстардың сапасыздығы баяндалды. Мезі еткен мердігерге шара қолдану жайы айтылып, жолдан жапа шеккен жұртқа жауап берілді.
Ұзындығы 215 шақырымды құрайтын республикалық маңызы бар автомобиль жолдары сапа бағасы бойынша учаскелерге бөлінген: жақсы және қанағаттанарлық – 56 пайыз, жөндеуді қажет ететіні – 44 пайыз. Жалпы айтқанда, 215 шақырым жолдың 97 шақырымы жөндеуді қажет етеді. Осыған байланысты жыл сайын жамау жұмыстары жүргізіліп жатса да, жергілікті жұртшылық жақсы жолға әлі жете алмай отыр. Тексеріс нәтижесінде жауапты мердігердің тарапынан біраз олқылықтар табылып, жол құрылысы қанағаттанарлықсыз деңгейде жүргізілгені анықталған. Мәселен, ыстық асфальттың орнына салқыны төселген, жолдың қалыңдығы да талапқа сай емес. Сондықтан олардың тасы үгітіліп, жаңа жамалған аймақ қайтадан шұңқырға айналған.
Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев жасалған жұмыстарға көңілі толмайтынын жеткізіп, тапсырыс беруші «Қазавтожол» мен мердігер «РСУ-1» ЖШС-ға «Біз сіздерден мүмкін емес нәрсені талап етпейміз, тек өз міндеттемелеріңізді жоғары деңгейде орындауды сұраймыз» деді. Айта кетсек, 2022 жылдан бастап орташа жол жөндеу жұмыстары мердігер «РСУ-1» ЖШС-ға тапсырылған. Сол жылы 18 жол-көлік оқиғасы болып, 9 адам қаза тауып, 43 адам жарақаттанған. Биылғы жылдың төрт айында екі жол апаты болып, екі адам қаза тауып, алты адам зардап шеккен.
Жергілікті белсенді Мақпал Шаданның айтуынша, тас жолдан бөлек, жол нұсқаулығы белгіленуі керек еді. Бірақ ол да жоқ. Кегенге кіреберісте жолаушылар демалатын орындар, орындықтар, көлік тұрағы орнатылып, аталмыш аймақ жарықтандырылуы тиіс болған. Алайда құжатта көрсетілген жұмыстың біреуі де жасалмаған. «ҚазАвтоЖолдың» хабарлауынша, аталған жұмыстарға жұмсалуы тиіс қаржы жолдың жиегін жөндеуге кеткен. Осы орайда белсенді Мақпал Шадан өз сөзінде: «Біздің анықтауымызша, инфрақұрылымға жеке қаржы бөлінген. Сонда демалыс аймағын салу үшін аударылған ақша қайда кеткен?! Үнемі жауап ала алмай келеміз», – деп ашынды.
Оқиға орнына келген «ҚазАвтоЖол» сарапшысы Есен Оспанов қазіргі жағдай, кеткен олқылықтар қаржы тапшылығымен байланысты екенін айтты. Ол журналистерге берген жауабында:
– Бұл жол күрделі жөндеуді қажет етеді, бірақ астаналық басқарма бюджетті орташа жөндеуге ғана алған. Бұл жолға кемінде 50 жыл болса да, толық жөндеуге ақша бөлінбеген. Оның үстіне бұл өте қиын аймақ, анда-санда жер астынан су өтіп кетеді. Топырақты толық сараптамадан өткізіп, одан әрі асфальт төсеу үшін қажеттінің барлығын анықтау керек, – деп ақталды.
Ол, сондай-ақ, биылғы жылдан кейін келесі жөндеуге конкурс пен қаржы кемінде 5 жылсыз бөлінбейтінін атап өтті. Өз кезегінде «РСУ-1» ЖШС директорының орынбасары Александр Ю болған жағдайды тілшілерге түсіндіріп, жергілікті тұрғындардың сұрақтарына жауап беруге тырысты.
– Ең жақын ыстық асфальт шығаратын зауыт Панфилов ауданында орналасқандықтан суық асфальт төсеуге тура келді. Біз өз міндеттерімізден бас тартпаймыз, бірақ мүмкін емес нәрсені жасай алмаймыз. Ыстық асфальт бұл жерге жетпейді. Сонымен қатар, жол үстіндегі тесіктердің себебі жерасты суының салдарынан болып отыр. Меніңше, бұл жол толықтай жөндеуден өтуі керек еді, – деді ол.
«Жолдың жайын жүрген білер» демекші, жүргізуші Аслан Ысқақов қара жолдың жай-күйіне қатысты өз ойын былай білдірді:
– Жыл сайын бұл жолда шұқырлар мен тесіктер пайда болады. Әрине, мұнда көлік жүргізетін біздер, көбінесе, жолдың қай бөлігі қауіпті екенін және жол бойындағы белгілерді елемеу қиын жағдайға жеткізетінын білеміз. Дегенмен, бұл бағытпен алғаш рет саяхаттаған адамдар үшін сапар соңы өлімге әкелуі мүмкін. Көліктің жүріс жағдайына да теріс әсер етеді. Көптеген такси жүргізушілері асфальттың нашарлығынан көліктерінің бұзылып жатқанына шағымданады.
Кеген ауданына жыл сайын кемінде 300 мың турист келеді. Олар, әрине, осы шұрық-тесік жолмен жүріп, еліміз жайлы жағымсыз пікірде қалып кете ме деген қорқыныш бар. Осы орайда, Үндістаннан келген Уманг Дани мен Хирал Бхатты кездестіріп, сөзге тарттық. Өз әсерлерімен бөліскен шетелдіктер:
– Қазақстан – біз барған 12-нші мемлекет. Мұнда көптеген көрікті жерлер мен туристік орындар бар. Біз мұндай әдемі табиғат пейзажын көрмедік, – деп сұлулыққа тамсанғанын айтып, жолдың жағдайы қиын екенін тілге тиек етті. – Сіздердегі қозғалыс мәселесі шешілсе, туристер ағыны көп күттірмейтініне сенімдімін. Жеке өзім үйге оралғанда, барлық достарым мен отбасыма осында келуге кеңес беремін.
Сөз соңында «Қазавтожол» сарапшысы Есен Оспанов басшылыққа есеп жолдап, орташа жол жөндеу жұмыстарын бақылауға алуға уәде берді. «Көкпек – Кеген – Түп» тасжолының 53-68 шақырымындағы орташа жөндеу жұмыстары қайта қарқын алып, жауапсыз мердігердің қызметі қатаң бақыланатын болады.
Құралбек Сәбитов,
Кеген ауданы