Облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Нұрлан Әбдірахым ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Мамыт былтыр сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерін комиссия назарына ұсынды. Айдос Жанұзақұлы биыл департамент тарапынан 27 қылмыс әшкереленгенін, әлеуметтік осал, жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар салаларда мониторингтер мен сыртқы талдаулар тұрақты жүргізілетінін атап өтті. I тоқсанда су шаруашылығы құрылысын пайдалану, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және спорт саласындағы сыртқы талдау мәселелері бойынша 2 мониторинг жүргізілгенін, қазіргі уақытта апатты және ескі тұрғын үй саласында талдау жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Былтырғы өткізілген ВАКР және АКМ қорытындылары бойынша мемлекеттік органдардың ұсынымдарды орындамау фактілері бар екенін жасырмаған департамент басшысының орынбасары талдау жүргізілген сәттен 9 ай өткенімен, білім басқармасы тарапынан ұсынымдарды орындау бойынша тиісті шаралар қабылданбағанын, осы факті бойынша білім басқармасындағы жауапты мамандармен кездесулер өтіп, онда жоспардың әрбір тармағы мен орындау жолдары қаралғанымен, одан ешқандай нәтиже шықпағанын жеткізді. Сондайақ, денсаулық сақтау саласындағы талдау нәтижесінен соң 4 ай өткеннен кейін ұсынылған 12 ұсынымның 50 пайызының орындалғанын, «Faceboоk» әлеуметтік желісіндегі талдау бойынша Талғар аудандық ауруханасына аяғы сынып түскен егде жастағы пациенттен ота жасау үшін 150 мың теңгені бірнеше мәрте талап еткендіктен, науқастың туыстары дәрігердің банктік есепшотына аударуға мәжбүр болғанын, мұндай заң мен мораль қағидатына және дәрігерлік антқа мүлдем қайшы, келеңсіз әрекетке барған дәрігерге қатысты құқық қорғау органы қылмыстық іс қозғап, тергеу жүріп жатқанын хабардар етті. Сөзінің соңында Айдос Мамыт мониторинг қорытындысы бойынша берілген ұсынымдардың орындалмай қалып жатқанына қынжылыс білдіріп, ондай жағдайда салғырттығы үшін жауапқа тартуға департаменттің құқығы бар екенін сала басшыларының қаперіне салды. Қосымша баяндама жасау үшін облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева мінберге шықты.
– Облыстың білім беру саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, салада сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің орын алуы – ұстаздар қауымы үшін үлкен сын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті тарапынан сыртқы талдау қорытындысы негізінде былтыр берілген 16 ұсыныстың алтауы толық орындалды. Орындалмай отырған 10 ұсыныстың біріншісі еңбекке жарамсыз парағынан және үйде оқытудан үнемделген қаражатты ұрлау мүмкіндігін болдырмау үшін облыстық білім басқармасы жанынан ішкі аудит, бухгалтерлік есепті бақылау қызметтерін құру жұмыстарына байланысты. Осы мәселені шешу мақсатында облыстық әкімдік тарапынан берілген 2 штаттық бірлікке конкурс жарияланып, хабарландыру берілгенімен, құжат тапсырған үміткер болмай тұр. Оған жалақының аздығы мен міндетті түрде лицензиясы болуы талап етілуі себеп болуда, – деген басқарма басшысы басқа да ұсынымдар бойынша түйткілді мәселелердің түйінін тарқату және салада жемқорлықты ауыздықтау бағытында қолға алынған шаралар төңірегінде сөз қозғады. Одан кейін сөз кезегі облыстық санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Марат Исмайыловқа берілді.
– Сібір жарасы – адам мен малға ортақ аса қауіпті жұқпа. Былтыр облыста Сібір жарасының жағдайы тіркелген жоқ. Облыс көлемінде бұл індеттің күрделі эпизоотиялық жағдайы сақталуда. 1948-2014 жылдары Сібір жарасы бойынша 87 стационарлықолайсыз пункт пен 99 ошақ есепке алынған.
Тіркелген ошақтарда 337 бас мал осы жұқпалы дертпен ауырып, 330 бас мал өлген. Ошақта 110 адам науқасқа шалдығып, 2 адам қайтыс болған. Соңғы 10 жылда Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында адамдар арасында Сібір жарасы тіркеліп, 7 адам оның терілік түрімен ауырған. Жыл сайын жергілікті бюджеттен вакцина сатып алу үшін қаражат бөлінеді. 2023 жылы иммундау арқылы 448 адам жоспарланып, 100 пайыз егілді. Облыста аумақтық инспекция, ветеринариялық басқармамен бірлесіп, Сібір жарасының алдын алу бойынша 2023-2027 жылдарға арналған санитарлықпрофилактикалық іс-шаралардың кешенді жоспары бекітілді. Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2023 жылғы хатына сәйкес, Сібір жарасының көмінділіріне мониторинг жүргізілді. Мониторинг қорытындысында қалақұрылыс жоспарларында Сібір жарасының көмінділері бойынша деректердің болмауы Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарында анықталды. Сонымен бірге Іле ауданының Қараой, Еңбекшіқазақ ауданының Ават, Ұйғыр ауданының Шонжы ауылдарында биологиялық Сібір жарасының көмінділері тұрғын үйлердің аулаларында орналасқаны белгілі болды. Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар, Ұйғыр аудандарының бірқатар елдімекенінде ветеринарлықсанитарлық талапқа сай қоршалмаған көмінділер орын алған. Сонымен қатар, Балқаш ауданында Сібір жарасының көміндісі Іле өзенінің су астында қалған. Облыста санитарлық-қорғаныш аймағы сақталмаған 17 көмінді орналасқан, – деген Марат Әділжанұлы өзекті мәселелерді шешу жолдары мен 2024 жылға арналған алдын алу шаралары бойынша жоспарымен бөлісті.
Келесі кезекте облыстық ветеринария басқармасының басшысы Нұртас Қиялбеков сөз алып, Сібір жарасының көмінділері орналасқан жерлерді пайдалануға жол бермеу және ауру белгілері пайда болған жағдайда қандай шара қолданылатыны жөнінде атқарылып жатқан жұмыстар жайына тоқталды. Содан соң, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Аят Сәбитовтің баяндамасы тыңдалды.
Баяндамашының айтуынша, Ұйғыр ауданы Шонжы ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс-монтаждау жұмысын орындау үшін құрылыс басқармасы 2019 жылғы 25 қазанда мердігер мекеме «Лидер-НК» ЖШС-мен шарт жасасқан. Ғимарат құлағанға дейін құрылыстың аяқталу мерзімі 2021 жылғы 1 қаңтар болған. 2020 жылғы 21 қыркүйекте сағат 11:00де спортзалдың жұмсақ шатырын орнату жұмыстары кезінде металл конструкциясы құлаған. Шатырдың құлауына байланысты құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың шешімімен құрылыс басқармасының «ЛИДЕРНК» ЖШС-на жұмысты аяқтау және айыппұл төлеу туралы арызы толық қанағаттандырылған. Райымбек ауданының Жамбыл ауылында Мәдениет үйінің құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындау үшін құрылыс басқармасы 2021 жылғы 13 тамызда «МОНОЛИТ» ЖШС-мен келісшартқа отырған. Құрылыс басқармасы жұмысты жүргізу кестесінен кейін қалуына байланысты мердігердің атына жұмыстарды кестеге сәйкес келтіру туралы шағым хат жолдаған. Сондай-ақ, міндеттемелерді орындамағаны үшін облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап-арыз жолданғанымен, соттың шешімімен арыз қанағаттандырудан бас тартылған. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі аппеляциялық алқасына шағым беріліп, аталған сот алқасының қаулысымен «МОНОЛИТ» ЖШС мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы болып танылған. 2023 жылы шілде айында «МОНОЛИТ» ЖШС-мен шарт біржақты тәртіппен бұзылған. Мемлекеттік сатып алу конкурсына сәйкес, «АЛМАТЫCONSTRUCTION» ЖШС мердігерлік ұйымымен шарт жасалып, кесте бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары орындалуда.
Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі аппаратының бірыңғай персоналды басқару қызметінің бас инспекторы Бейбіт Сарқұлов Балқаш аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры үш жылдан аса уақыт бойы өзінің орынбасары мен дене шынықтыру комплексінің меңгерушісіне арнайы орта білімі де, жоғары оқу орнын бітіргендігі туралы дипломы да жоқ болғанына қарамастан, тарификацияға сәйкес емес жалақы төлегенін айтты. Оның айтуынша, директор өзі басқарып отырған мекемеге өзінің заңды некедегі зайыбын психолог қызметіне алып, туған інісін жаттықтырушы лауазымына тағайындаған. Оған қоса, аталған тұлғалар көрсетілген лауазымдары бойынша мектепте мүлдем қызмет атқармаған. Тергеп-тексеру барысында аталған мекеме директоры өзінің лауазымдық міндеттерін асыра пайдаланып, қызметкерлерден спорттық іс-шараға бөлінген қаражаттан 20 пайызын міндетті түрде беруді талап етіп, алып отырған. Заңсыз талапты орындаған жаттықтырушылар жарысқа баратын оқушыларды іссапар құжаттарына формальді түрде көрсетіп, бармаған оқушыларға бөлінген ақша қаражатын директорға беруге мәжбүр болған. Сондайақ, директор жаттықтырушыларға арналған спорттық киімдерді пайда табу мақсатында өзі иемденіп, үйінен жаттықтырушыларға сатып отырған.
Жиын соңында комиссия мүшелері баяндамашыларға сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.