Фестивальдің мақсаты – қазақ халқының әдеп-ғұрыптары мен ұлттық құндылықтарын насихаттау және әжелердің өнегесін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыру, сонымен қатар ата-бабаларымыздан қалған бай мұрамызды жаңғыртып, салт-дәстүрді дәріптеу. Фестивальде бір мезетте 100 әже ұршық иіріп, 500 келі жүн сабап, 100 метр сырмақ ойып, «Қара жорға» билеп, 50 баланың тұсауын кесті. Қоғамдағы асыл әжелердің, әйел-аналардың мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды, қазақтың салт-дәстүрін, халық құндылықтарын насихаттауды мақсат еткен шараға арнайы қатысқан № 37 мектеп директоры Данияр Аманжолов ұлттық тәрбиедегі қазақ әжесінің рөліне ерекше тоқталып, ауылдың алтын құрсақты аналарына ризашылығын білдірді. Әлмисақтан әжелер – ұлттың ұйытқысы, тәлім мен тәрбиенің тұма бастауы. Сондықтан бұл іс-шараның келіндеріміз бен бойжеткен қыздарымыз үшін өнегесі мол. Ағайын-туғанның бірлігін сақтаған, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы атанған, жас келіндерге жол көрсеткен, немере-шөберелерін құндылықтардың қайнарымен сусындатқан ардақты әжелеріміздің дәл осылай халық алдына шығып, алқалаған әлеуметке бүгінгідей жаһандану дертіне қарсы тұрар қуат-күш сыйлауы – кешегі сара жолдың үзілмегенін, ғасырдан-ғасырға ұрпақтары арқылы жалғасын таба беретінін байқатты. Шара соңында қатысушылар «Алып анадан туады, тектілік тұқым қуады» демекші, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне айрықша үлес қосып, немерелерін тәрбиелеп, түрлі салада абыройлы еңбек етіп жүрген аналар мен әжелерге, ұстаздарға алғыс айтты.
Айнұр Нұржақып,
Талғар ауданы