Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Таза Қазақстан” экологиялық акциясын жариялап, бес апта бойы аймақтарды айнадай жарқыратып, қоршаған ортаның қоқыстан көзін ашу үшін сенбілік жұмыстарын қолға алуды тапсырды. Ел Президентінің бастамасын халық жұмыла қолдап, тазалық жұмыстарына белсене кірісіп жатқанын анық аңғаруға болады.
Аталмыш акцияның “Таза өлке” деген атау алған бірінші апталығы сәтті өткізіліп, тонналаған қоқыстар шығарылды, ауданымыздың әр ауылы мен көшесі, ауласы мен бау-бақшасы, өзен-көлі, қырқасы мен белі тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.
Ал “Киелі мекен” апталығында аудандағы киелі орындар мен тарихи-мәдени ескерткіштерге және аймақтағы қорымдарға тазалық жұмыстары жүргізілді. Аталған шараға “Шарын” ұлттық паркінің ұжымы, ауданның мәдениет саласы қызметкерлері мен белсенді жастары, аудандық жастар ресурстық орталығының ұжымы атсалысты. Жалпы саны 70-тен аса адам, 2 техника жұмылдырылған сенбілікте барша қатысушылар қоршаған ортаға қамқорлық танытуға шын ниеттерімен кірісті.
Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Алимжан Хусуров сенбілікке жиналған көпшілікке алғыс білдірді. «Шарын» ұлттық паркінің жыл сайын өткізетін “Парктер шеруі” табиғатты қорғау акциясы да осы ауқымды игі шарамен қатар жүргізілуде. Осы орайда парк директоры Гүлмира Нысанбаева «Таза Қазақстан» акциясының әр апталығына жеке тоқталып өтті.
Табиғатты аялауға атсалысқан көпшілік әлемге аты әйгілі ерен тоғайының жол жағалауларын күл-қоқыстан арылтып, туристік аймақтың мұнтаздай тазалығы үшін тер төкті. Басымызды қосып, білек күшімізді біріктіріп, жұдырықтай жұмылсақ, кез келген істің оң нәтижесі болатыны анық. Ендеше, Президент бастаған игі бастаманы бүкіл ел болып қолдап, табиғатты аялауға атсалысып, қоршаған ортаны көзіміздің қарашығындай сақтауға белсенділік танытайық!
Ақжол Нұрдәулетұлы,
Ұйғыр ауданы