Қонаев қалалық әкімдігінде облыстық әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Арсен Жақыпов ашып, жүргізді.
Отырыс барысында мемлекеттік қызметшілерге қатысты тәртіптік істер, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс қорытындысы тыңдалды. Атап айтар болсақ, Талғар аудандық білім бөлімі мен Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылдық округінің лауазымды тұлғаларына қатысты тәртіптік істер қаралды. Сондай-ақ, Талғар ауданы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Зәуре Сұраншинованың, облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысы Нұрсұлтан Жұмаділдің, Жамбыл ауданы әкімі Нұрлан Ертастың есебі тыңдалды. 2024 жылдың 1 тоқсаны бойынша мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссиялары қызметінің қорытындылары қаралды.
Әдеп жөніндегі кеңес қортындысы бойынша мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық белгілерінің болмауына байланысты Талғар аудандық білім бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Алайда, өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін оның тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды. Ал, Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылдық округі әкімінің іс-әрекеттерінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық белгілерінің болуына байланысты оған «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды.
Алма Есенбай