Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, экономика ғылымының докторы, профессор Оразалы СӘБДЕН қазақ қоғамын ізгілендіру, экономиканы дамыту, жерді тиімді пайдалану, мемлекетті басқару мәселелерінде ұтымды ой-пікірлер білдіріп, нақты жобаларын ұсынып жүрген танымал тұлға. Жуырда ғана Президенттің қабылдауында болып, Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайдың ІІІ отырысында осы мәселелер төңірегінде өз ұсыныстарын ортаға салған академик ағамызға жолығып, емен-жарқын сұхбаттастық.
– Ұлттық құрылтайда идеологиялық тұрғыдан үлкен әңгіме болды. Ұлттың ұлы жиыны іспетті бұл шара еліміздің дамуы тұрғысынан игі бастамалар мен нақты істердің ұйытқысына айналуда. Сіз Абай ілімі арқылы қоғамды ізгілендіру мәселесін көтеріп жүрсіз. Оны қалай жүзеге асыруымыз керек?
– Ең алдымен, ұлы Абайдың «Толық адам» ілімін балабақша, мектептен бастап, бүкіл қоғам арифметиканың көбейту кестесіндей жатқа білуіміз керек. Сондықтан біз Абай ілімін ең төменнен бастап, ұлттық идеологияның негізі ретінде өскелең ұрпақтың санасына мейлінше сіңіруіміз керек.
Ал Абайдың «Толық адам» ілімі дегенді қысқаша түсіндірер болсақ – ол тіршіліктің көзге көрінетін және көрінбейтін сырларын ашу деген сөз. Қоғам оған толық дендей алғанда және оларды қазіргі өмірмен байланыстырғанда ғана ол өзінің тиімділігін көрсетеді. Тіршіліктің көзге көрінетін сыры дегеніміз, ол – материалды сала, бай-қуатты болу, қазіргі экономикалық өмір. Ал көрінбейтін сыры – ол адамның рухани жандүниесі, ішкі құндылықтары, болмысы, тазалығы, жүрек сыры, санасының тереңдігі, керек болса – моралі. Осы жағына келгенде ақсап жатырмыз. Абайдың «пайда ойлама, ар ойла» деген өсиетін ұстансақ, бұлай болмас еді!
Бізге заңсыз кеткен ақшаны қайтаруға болар. Мен экономист ретінде айтсам, ол да оңай іс емес, егер шетелмен байланысты болса. Ал халықты ізгілендіру, сананы ояту, адамды дұрыс жолға салу, Абай айтпақшы қызармайтын, ұялмайтын ізгілікті жолға салу – қиынның қиыны. Бұған ұзақ жылдар керек болуы да мүмкін. Соны бүгін бастамасақ, кеш қаламыз! Қазір өзі қай мәселені қарастырсақ та, санаға келіп тірелеміз, ары қарай жылжу жоқ. «Сананы өзгерт, өзің өзгер!» дейтін ұстаным нағыз бүгінгі уақыт талабы болып тұр.
– Ендеше Әділетті Қазақстан құру үшін ең алдымен арды ойлайтын заман туды, Президентіміз айтпақшы, адал адамның, адал азаматтың тірлігін жасау керек дейсіз ғой? Ол үшін не істеуіміз, неден бастауымыз керек?
– Ең алдымен ғалым, жазушы, зиялы қауымның қатысуымен «Хакім Абайдың «Толық адам» ілімінің жол картасын» жасау керек. Бұл ілімді барлық оқу орындарында жол картасымен оқыту арқылы біз қоғам өмірін ізгілендіре аламыз, өркениетке жаңаша бет бұрамыз. Қазақ тіл ғылымының негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының «Исі қазақ Абайды білуі тиіс» – деген сөзін нақты іске асыру қажет. Біздің жалпы ұлттық міндетіміз – Абайдың «Толық адам» іліміне терең бойлау!
Ол үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын негізге алып, ұсынылып отырған жол картасының аясында, бірінші кезекте Мекемтас Мырзахметовтың көп жылдар бойы жасаған «Абайтану әліппесін» мектеп бағдарламасына дәріс ретінде енгізу керек. Екінші, – «Абайтану» пәнін орта және жоғары оқу орындарында оқыту міндеттелуі тиіс. Үшінші, Абай ілімін меншік түріне қарамастан, ел көлеміндегі барлық қызметкерлер арасында насихаттап, мекемелерде Абай кабинеттерін ашу қажет. Төртінші, күнде таңертең дене шынықтырудан кейін барлық жұмыс орындарында сағат 9:00-де радио, телеарналар арқылы бес минуттық «Абайтану» хабары берілсе, мына отырған орнымыздан алыста қалған Абайға қарай аз да болса жақындар едік, жұмысқа да кешікпес едік. Абай оқулары, ұлы ойшылдың ұрпаққа арнаған ұлағатты сөздері мен өнегелі өсиеті халқымыздың бойына бірте-бірте сіңер еді. Бесінші, Абайдың жол картасы аясында, ол айтқан қазіргі заманның толық адамдары ретінде Салық Зиманов, Герольд Бельгер сияқты басқа да танымал тұлғаларды, ғұлама ғалымдарды жастарға үлгі етіп, жан-жақты насихаттау қажет. Алтыншы, бүкіл осындай шаралардың жиынтығы ретінде Қазақстанды ізгілендіру мақсатында «Ұлы Абай ілімінің резиденциясы» жобасын қолға алу өте-мөте өзекті. Бұл – еліміздің болашағы үшін және маңызды мәселені шешудің орталықтандырылған іс-шаралар кешені болар еді.
– Кең мағынада айтқанда, бұл – ұлттық идеологияны санаға сіңіру қызметін атқарар еді. Әйтпесе бүкіл халық «Абай өзіміздікі ғой, қара сөзін баяғыда оқыдық қой» деп, жайбасарлық, селқостық, немқұрайдылықпен жүре береді дейсіз ғой?
– Дұрыс айтасың, әйтпесе ақыл-ой азып, сана тозып, адамгершілік қасиеттер кеміп барады. Тоқетері, Абай ілімі санамызға «стандарт» болып, «қалып» ретінде бойымызға сіңсе, қоғам алға жылжыр еді. Абай ілімін игерген жас қазақ өзін де, елін де бақытты етер еді. Бұл – ана тіліне, ұлттық бірлік пен қоғамдық тірлікке серпіліс беру деген сөз!
Бүгінгі күнге дейін ежелден келе жатқан шығыстың мораль философиясына қарсы қоятын батыс өркениетінде жаңа парадигма туған жоқ. Біз үшін Абайдың «Толық адам» ілімін игеру – моральға оралу деген сөз. Бұл ілім Әділетті Қазақстанның рухани брендіне айналуы керек. Егер осыған қол жеткізсек, біз қай тұрғыдан да алда боламыз!
– Солай дейік, бірақ аталарымыздан қалған «аш қарынға ақыл қонбайды» деген тұжырым бар. Абайды қанша оқыса да күнкөрісі төмен, аш-жалаңаш отырған, оның үстіне әділетсіздік, озбырлық, жауапсыздық, жемқорлық жайлаған қоғам өкілдерінің толық адам болуы қиын. Бұл жағдайды өзгерту үшін не істеу керек?
– Меніңше, ол үшін жалпыхалықтық жоспар әзірленуі керек. Мысалы, халықтың арасында әртүрлі деңгейде, барлық салада тәжірибелі азаматтар көп. Кәсіби мамандар қоғам белсенділері, ғалымдар, зиялы қауым, бизнес саласында да ой-жобалар жетерлік. Сондықтан жалпы халық ұсыныстары деген орталықтандырылған ашық «Онлайн платформа» құрып, республикадағы барлық идеялар мен ұсыныстарды осы Ұлттық құрылтай аясында жинаған дұрыс. Сөйтіп, елімізді дамыту тұрғысынан, айталық әртүрлі 1000 жоба жасап, әрқайсысына орта есеппен 3 миллион доллар бөлінсе, барлығы 3 млрд доллар кетеді екен. Бұған «Елге қайтару қоры», коррупциямен күрестен түсетін қаржы және басқа сияқты қаражат табу мүмкіндіктері жетерлік. Мысалы, біз «ЭКСПО» көрмесін өткізу үшін қайдан болса да 3 млрд долларды шаштық қой!
Менің ұсынысым, еліміздің аймақтарын өз басымдықтарына қарай мамандандыруға көшіріп, мысалы бірін – қайта өңдеу, екіншісін – азық-түлік, үшіншісін – рухани, кәсіби, финанс, бизнес, индустрия, технология аймақтары және тағы басқалары ретінде дамытып, 1000 жобаны осылардың аясында, бағытты мақсаттарға икемдеп іске асырсақ, олар 2-3 жылда өз жемісін бере бастайды. Ары қарай жаңа жобалар жалғасады да олардың мультипликативті тиімділігі арта береді. Сөйтіп, экономика жедел де тиімді даму жолына түсер еді.
– Сонда бұл жобаларды қолға алудағы негізгі мақсат қандай? Ол халыққа не беруі мүмкін?
– Ондағы негізгі мақсат – халықты жұмыспен қамту, Мемлекет басшысы алға қойған 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есе көбейтуге қызмет ету болуы тиіс. Бұл жобалар тікелей Президенттің «патронажында» болса, тіпті тамаша болар еді. Оның тарихи мысалы да бар, кезінде Францияның бұрынғы президенті Франсуа Миттеран Париждің бүкіл сәулетін өз патронажында ұстап, үлкен табыстарға жеткен болатын.
КСРО кезеңінде жалпы аймақтарда өндірістік күштерді орналастыру Институты жұмыс істейтін. Ірі жобаларға сараптама жасап, басымдылығына, маңыздылығына қарай кезең-кезеңімен жоспарлап, шешім қабылданатын. Бүгінде мұндай институт жоқтығына байланысты әр өңір, әр аймақ өз дегенін жасап келді. Кейбір өндіріс орындары лента қиылып ресми ашылады да артынша жабылып қалды. Ұлттық құрылтай аясында осы ұйымдардың қызметіне жәрдем болатын, 1000 жобада қамтылған мәселелерді шешу қажет. Бұл тұрғыда, Қазақстанда «Даму және өндірістік күштерді орналастыру институтын» құру өте өзекті. Ең маңыздысы, бұл жобаларды халықтың өзі ұсынатындығында. Алда не болса да нәтижесін халық пен билік бірге көреді. Бірге жауапты болады. Халықтың сеніміне ие болудың бір тетігі осы.
Егер «Абай ілімі арқылы қоғамды ізгілендіру» жобасын жүзеге асыруға дайындық тез арада басталып, келесі IV құрылтайға дейін «Қазақстанды ізгілендірудегі «Ұлы Абай ілімінің халықаралық резиденциясы» бір жыл ішінде құрылып, сол құрылтайда шымылдығы ашылса, бұл – үлкен халықаралық саяси мәні бар ұтымды шешім болар еді. Ал резиденцияның штаб-квартирасы Бурабайда орналасқаны дұрыс.
Өз басым жобаның жетістігі ретінде қоғамды ізгілендірудегі Абайдың «Толық адам» ілімін игерудің жақсы нәтижесіне әрі экономиканы дамытуға соны серпін беретіндігіне сенімдімін. Жобаның өміршең болуы – қоғамды оятуда адам санасына сапалы іс-әрекет арқылы әсер ете алатындығына тікелей байланысты.
– Қарапайым оқырман ғылыми ұсыныс-пікірлерді толық түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан осы резиденция туралы түсінік бере кетсеңіз. Ол жерде не болуы, қандай жұмыстар атқарылуы мүмкін?
– Менің ойымша бұл жерде бірнеше корпустан тұратын құрылыс жүргізіліп, конференц залы, оқу залы, 200 орындық лекция-кино залы, жеке студиялар, 500 орындық қонақүй, 24 сағат ашық тұратын, заманауи дизайнмен салынған кітапхана, фитнес залы, ұлттық, еуропалық, шығыс мәзірі қамтылған асхана, мейрамхана, Абайтану музей-үйі, 1000 орындық кітапхана, 500 орындық ұлттық театр, қазақ тарихынан сыр шертетін, әрі ұлттығымызды сақтап қалуға ерекше үлес қосқан тарихи тұлғаларды ұлықтайтын үлкен ескерткіштердің мемориалды кешені, 50 мың орындық заманауи стадион және басқа да қажетті ғимараттар болуы керек. Олардың бәрі республикалық және халықаралық деңгейде Абай ілімін танып-білу мен кең насихаттау мақсатында өткізілетін іс-шараларға лайықты қызмет көрсетіндей болуы тиіс.
– Ал Қазақстанды үдемелі дамытудың 1000 жобасы жайлы қосымша не айтар едіңіз?
– Ол туралы жоғарыда біршама айттым. Тағы да кеңіте түсейін. Оның негізгі мақсаты – ел экономикасында қордаланған мәселелерді нақты шешу, жаңа бастамалар арқылы оның дамуына мультипликативті эффект беру. Ал міндеті – шағын және орта бизнес субъектілерін қалыптастыру, олардың қатысуымен аса қажет және ауқымды жобаларды жүзеге асыру. Сондай-ақ, еліміздің облыс орталықтарынан бөлек, ауылдар, шағын және орта моноқалаларда тозығы жеткен инженерлік-инфрақұрылымдарды жаңғырту, қайта құру жобаларын, ел тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартатын әлеуметтік-инновациялық жобаларды қолға алу.
Ол үшін бірінші кезекте отандық өнімдерді пайдалану тетіктері зерделеніп, басымдық берілуі тиіс. Күнделікті тұрмыс-тіршілікке қажетті тұтыну тауарларын шығаратын кәсіпорындар анықталып, олардың инфрақұрылымдық, соның ішінде логистикалық мәселелерін шешу қолға алынуы керек. Мәселен, кейбір кәсіпорындарға баратын теміржолдардың көбі жекешелендіру кезеңінде жеке адамдардың қолына өтіп, кәсіпорындардың шығынын көбейтуге, сәйкесінше бағалардың өсуіне алып келуде. Соның салдарынан оларда өндірілетін өнімдер импорттық тауарлармен бәсекеге төтеп бере алмай отыр. Сондықтан аймақтарда басымдық берілуі тиіс кәсіпорындардың жұмысын дамыту жобаларының тізімін жасап, нақты қанша және қандай жоба қажеттігін анықтау қажет.
– Біздегі үлкен түйткілдердің бірі – жылу электр орталықтары әбден тозғандықтан, соңғы кездері жыл сайын қыс маусымында апатты жағдайлар орын алып, қаншама тұрғын зардап шегуде. Екібастұз, Кентау және басқа қалалардағы жағдай соған мысал. Бұған не дейсіз?
– Иә, бұл да өте өзекті мәселелердің бірегейі. Табиғи газ жетпейтін немесе ұтымсыз жағдайда заманауи жаңа жылу электр орталықтарын салу қажет. Қазақстанда 3 мұнай өңдеу зауыты бар. Атырауда 1945 жылы, Павлодарда 1978 жылы, Шымкент қаласында 1984 жылы салынып, жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда аталған зауыттардың жұмысына қатысты сын-пікірлер 20 жылдан асты. Біріншіден, олар Қазақстан нарығын тұрақты қамтамасыз ете алмай отыр. Екіншіден, орналасқан аумақта экологиялық зиянын тигізуде. 4-ші заманауи мұнай өңдеу зауытын саламыз деген әңгіменің айтылғанына 10 жылдан асты, бірақ нақты әрекет жоқ. Мұнай өнімдерінің, газдың жетіспеушілігі салдарынан түрлі әлеуметтік-экономикалық, тіпті саяси оқиғалар орын алып отыр. Бұл мәселені де осы 1000 жоба аясында түбегейлі шешіп, 4-ші мұнай өңдеу зауыты орналасатын орынды нақты белгілеп, алғашқы басымдықпен құрылысын бастау керек.
– Су тапшылығы мәселесі де уақыт өткен сайын күрделеніп барады. Ауыз су алып шаһарлардан бастап, шалғай ауылдарға дейін бас ауруға айналды. Соған қарамастан, биыл батыс пен теріскейде, әдеттегідей шығыста, тіпті орталық аймақта бұрын-соңды болмаған алапат тасқын орын алып, халық қаншама зардап шегуде. Осыған қатысты не айтасыз?
– Су тапшылығы шынында да жаһандық және аймақтық маңызды мәселеге айналып отыр. Еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын ауыз су қорын қамтамасыз ету мақсатында мұздықтардың еруі, тұщы сулы өзен-көлдердің, каналдардың ластануының алдын алып, барлық ауыз су қоймаларын жаңғыртып, жаңаларының құрылысын кезең-кезеңмен жүргізу керек. Әрбір ауыз су қоймасы сол аймақ тұрғындарын тұрақты қамтамасыз ететіндей болуы тиіс. Жер асты су қорларының көлемі бойынша ақпаратты қайта өзектендіру де маңызды. Пайдаланылған ауыз су қорын қайта өңдеуді жаңа технологиялық шешімдер арқылы жолға қойып, елге келетін тұщы су өзендерін тиімді пайдалану мәселесін ауыз су қоймаларын қалыптастыру арқылы шешу керек. Мұны да осы 1000 жоба аясында қарастыруға әбден болады. Ал енді тасқын суға келсек, бұл енді нағыз салғырттық пен жауапсыздықтың, жоспарсыз жұмыстың салдары екені сөзсіз.
Айтпақшы, жарық мәселесі де Қазақстан өңірлерінде біркелкі шешімін таппаған мәселе. Сәйкесінше, әр өңірде тарифтер айырмашылығы да айтарлықтай. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде ол едәуір қымбат. Еліміздің жел, су, күн энергиясын өндіру әлеуеті жоғары болғанмен, баламалы энергия өндіру мүмкіндігі әлі қағаз беттерінде қалып отыр. Осыған орай, Smart city концепциялары негізінде тұрғын үй кешендерінен бастап, бұдан әрі кіші қалаларда ішінара баламалы энергия өндіру жобаларын жүзеге асыру керек. Бұған мүдделі емес, мәселелердің шешіміне тұсау болып тұрған монополистерді, лоббистерді анықтау керек.
– Біраз нәрсенің басын қайырдыңыз, аға. Бірақ, ел аузында «бәрін кадр шешеді» деген қанатты сөз бар. Сіз айтқан мәселелерді шешуге бүгінгі кадрлар қауқарлы ма?
– Бүгінгі таңда Әділетті Қазақстан құру жолында ел басқару, жерді тиімді пайдалану тұрғысынан жаңа шешімдер қабылдануда. Соның бірі – ауыл, қала, аудан әкімдерін халық сайлау мүмкіндігі. Алайда, ел басқару ісіне араласамын деген әлеуетті үміткерлер қолданыстағы «Сайлау туралы заң» талаптарынан сүрініп, әділетсіздіктер орын алу ықтималдығы басым. Шынында да кадр бәрін шешеді. Абылай хан тұсында билер кеңесі, жер-жерлерде ақсақалдар кеңесіне де ықпалды, ілім-білімді нар тұлғалар енген. Ал бүгінгі қоғамдық кеңестер мен қоғамдық жиындар сол өңірдегі мәслихаттардың көшірмесі, шын тәуелсіздігі төмен болып, солардың көлеңкесінде қалып отыр. Бұл тұрғыда кадр мәселесі, жергілікті өзін-өзі басқару заңнамаларынан бұрын, «Сайлау туралы заңның» қағидаларын қайта қарау қажет!
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет! «Жақсы ниет – жарым ырыс» дегендей, ел игілігі үшін ізгі ниеттеріңіздің жүзеге асуына тілектеспіз.
Сұхбаттасқан – Құтмағамбет Қонысбай