«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күніне орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиында музей ісі саласының мамандары бас қосып, тәжірибе алмасып, ортақ мәселелерді талқылады.
Салтанатты іс-шараны «Есік» музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова құттықтау сөзбен ашып, елімізде ескерткіштер мен тарихи орындарды сақтап, зерттеуде музей ісі мамандары елеулі еңбек сіңіріп отырғанын атап өтті. «Таңбалы» музей-қорығы директоры Б. Дандығараева, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұра басқарма өкілі М. Есмұратов, Алматы облыстық музейлер бірлестігінің директоры міндетін атқарушы Е. Тоқтар, жазушы Ш. Құсайынұлы сынды құрметті қонақтар өздерінің ыстық лебіздерін жеткізді.
Дөңгелек үстелге Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы онлайн және оффлайн форматта қатысты.
Іс-шара аясында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы 2019 жылы Кеген ауданы Тоғызбұлақ ауылынан табылған көне қазанның көшірмесін Алматы облысының музейлер бірлестігіне тапсырды. «Тоғызбұлақ қазаны» аталған, б.з.д. V-II ғасыр¬ларға тән жәдігердің түпнұсқасы «Есік» музей-қорығы экспозициясында сақтаулы.
Кездесу соңында «Есік» музей-қорығы басшылығы музей ісін дамытуға және насихаттауға елеулі үлес қосқан туризм саласындағы экскурсоводтар мен БАҚ өкілдерін Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыстады. Музей қонақтарына «Есік» музей-қорығының экспозициялық залдарына экскурсиялар жүргізілді.
«Атадан мал қалғанша тал қалсын» ұстанымын жалғастыру мақсатында шара қонақтары музей-қорық аллеясына ағаштар отырғызды.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы