Жамбыл ауданында мектеп жасына дейінгі тәрбие жұмыстарымен қамтамасыз ету мәселесі сәтті жүзеге асырылып келеді. Бұл мақсатта кейінгі жылдары жекеменшік балабақшалар көптеп ашылды. Соның нәтижесінде ата-аналар үшін таңдау мүмкіндігі көбейіп, қазір басым көпшілігі балаларын жекеменшік балабақшаға апарады.
Бұл істің бастауына зер салсақ, алғашында балабақшалардың жеткіліксіздігі бүкіл елдегідей мұнда да көпке дейін күрмеуі шешілмеген түйін болып келген еді. Халықтың табиғи өсімі және қолайлы аймақ болғандықтан Алматы маңына көптеп көшіп келушілер есебінен артқан бала саны мәселені күрделендіре түскен. Себебі 90-жылдардағы оңтайландыру кезінде балабақшалардың жаппай жабылып, ғимараттары жеке қолға өткен немесе басқа бір мекемелердің кеңсесіне айналған, тіпті бұзып алынған болатын. Бұл жағдайдан аман қалғандарына ұзын-сонар кезек туындады. Балабақшаларға бала сыймай, белгіленген нормадан еселеп асатын. Баланы туа салып бақ¬шаға кезекке қою етек алды. Бірақ көптеген балақай кезегін күтумен мектеп жасына жетіп, сол бойы балабақша есігін көрмейтін.
Мектепке дейінгі тәрбие ісінде қалыптасқан күрделі мәселені шешу үшін мемлекет «Балапан» бағдарламасын қабылдады. Сөйтіп мемлекеттік балабақшалардың жүгін жеңілдету үшін енді жекеменшік негізде жұмыс істейтіндері пайда болды. Соның нәтижесінде жағдай біршама түзелді. Қазір Жамбыл ауданында балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызға жуықтады. Мұнда жекеменшік балабақшалардың үлес салмағы мемлекеттік мекемелердегісінен анағұрлым басым. Аудандық білім бөлімінің әдіскері Әтіркүл Қожахметованың айтуынша, мектепке дейінгі мекемелер саны 127 болса, соның 18-і ғана мемлекеттік, 97-сі жекеменшік және тағы 12-сі мектеп жанынан ашылған шағын орталықтар. Ондаған мың бала жекеменшік бала¬бақшаларда тәлім алады. Осы арқылы көптеген жұмыс орны ашылып, жұмыспен қамту көрсеткішіне оң ықпал еткенін де атап өту керек.
Жекеменшік балабақшалар кәсіпкерлік негізде жұмыс істейтіндіктен, негізгі мақсаты бизнес, яғни табыс табу. Жасыратыны жоқ, осыған байланысты қоғамда оларға деген көзқарас та әралуан. «Бар мақсаты ақша табу болғандықтан, дұрыс тәрбие бермейді» деген сыңайдағы пікірлер де жоқ емес. Мемлекет қолдауының арқасында жұмысын жолға қойған жекеменшік балабақшалар өз міндеттерін қалай атқаруда, ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны қандай, мемлекеттік балабақшалардың көтерген жүгін арқалай алды ма деген сауалдар көпшіліктің көкейінде.
Біз мұны 40 жыл педагог өтілі бар кәсіби маман, әрі бұған дейін мемлекеттік білім беру мекемелерінде басшылық қызмет атқарған ардагер-ұстаз, Білім беру ісінің үздігі Әлия Бектембаевадан сұраған едік.
– Әлия Бәкірқызы, жекеменшік балабақшаның мемлекеттік балабақшадан қандай айырмашылығы бар?
– Айырмашылық тек меншік түріне байланысты қаржыландыруында ғана. Оны балабақша ашқан кәсіпкерлер жақсы біледі. Ал балабақшаның негізгі міндетінде ешқандай айырмашылық жоқ. Еліміздің заңнамасы бойынша меншік түріне қарамастан барлық балабақшаға қойылатын талап бірдей. Балаларды оқытып, тәрбиелеуде мемлекеттік балабақшалармен бірдей, білім берудің бір үлгілі бағдарламасы, бір мемлекеттік стандартпен жұмыс істейді. Мұндағы ең басты мақсат – «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың» негізгі ережелерін басшылыққа ала отырып, балаға дұрыс тәрбие беру, мемлекеттік стандарт талаптарына сай қызмет көрсету.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс істейтін балабақшалардың сапасы туралы не айтар едіңіз?
– Сан болған жерде сапа анықталады. Мұнда да солай. Әрбір жаңа істің бірден төрт аяғын тең басып кетуі екіталай. Алғаш қателік, білместік болуы заңды да. «Көш жүре түзеледі» демей ме. Сол сияқты жекеменшік балабақшалар көптеп ашылған әу баста қиындықтармен қатар жөнсіздіктер болған да шығар. Қазір жағдай айтарлықтай дұрысталды. Бір кездері аудан орталығы Ұзынағаш ауылының өзінде екі ғана балабақша болған еді. Қазір 40-тан асады. Мектеп жандарынан ашылған шағын орталықтарды қосқанда одан да көп. Соның арқасында жылдап кезекке тұру жойылып, ата-аналарда таңдау мүмкіндігі пайда болды. Сонымен бірге балабақшалар арасында бәсекелестік орнады. Халық қазір бәрін көріп-біліп отыр. Баланы қайсысы дұрыс тәрбиелей алса, соған апарады. Бұл нарықтың заңы. Осыдан барып сапаға қол жеткізіледі. Ал жұмысын дұрыс ұйымдастыра алмағандары өзінен өзі шетке ысырылады. Себебі бала саны жеткіліксіз болса қызметі тиімсіз. Табыс таппаса одан кәсіпкерге не пайда. Сондықтан жұмысын жақсы жолға қоя білген жекеменшік балабақшалардың болашағы зор деп айта аламын.
– Салада жинақтаған бай тәжірибеңізді қазір осы іске арнап жүр екенсіз. Өзіңіз басшылық ететін балабақшаның жұмысы қалай?
– Иә, мен қазір Ұзынағаш ауылындағы «Ақнұр» жекеменшік балабақшасының меңгерушісімін. «Білгеніңізді жастарға үйретсеңіз» деген ұсыныстан бас тарта алмадым. Оның үстіне бүкіл саналы өмірім білім саласына арналғандықтан, зейнет жасына шықсам да ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарай алмаймын. Қалыптасқан әдетім солай, айналамдағы жөнсіздікті көрсем қарап тұра алмаймын. Білгеніммен бөліскім келіп тұрады. «Ақнұр» балабақшасын Әділхан Супабеков деген азамат 2014 жылы ашқан. Өзі педагог, 10 жылдық жұмыс өтілі бар тарих пәнінің маманы. Биыл біздің мекемеге 10 жыл толады. Балабақша үшін таңдап алынған ғимараттың іші-сырты түгелдей барлық талапқа сай жабдықталған. Құрылтайшымыз үнемі балаларға керекті жағдайдың барлығын жасап отырады. Бүлінген дүние-мүлік пен құралдарды жөндетіп, ескіргенін жаңалайды. Бүлдіршіндердің сабақ оқитын, ұйықтайтын, ойнайтын, тамақтанатын орындарының барлығы да ыңғайластырылған. Аулада ойын алаңы жабдықталған.
– Мемлекет алға қойған мектепке дейінгі тәрбиелеу талаптары сіздерде қаншалықты орындалады?
– Балабақша жұмысы жоғарыда айтылған мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес ұйымдастырылған. Бүлдіршіндерді жан-жақты дамыту үшін бекітілген бағдарламаға сәйкес жоспарлы түрде жұмыс жасаудамыз. Балалармен жұмыс бес бағытқа негізделген. Денешынықтыру дағдыларын дамытамыз, шығармашылыққа баулимыз. Музыка сабағында ән салып, би билеуді үйретеміз. Балалар сурет салу, бейнені құрастыру, мүсіндеу сияқты қолөнерге үйренеді. Ең негізгі бағыт – баланың сөйлеу тілін дамыту. Қазір ең өзекті мәселенің бірі де осы – алты жастағы кейбір баланың сөйлеуі баяу. Себебі үйде телефонда өзімен-өзі көп отырып, айналасындағы адамдармен аз сөйлесетіндіктен, сөйлеу тілінің дамуы тежеледі. Осыған кейбір ата-аналар жете мән бермейді. Сондай балалардың сөйлеу дағдыларын дамытамыз. Осы мақсатта «Ақнұр» балабақшасында арнайы логопед маманымыз бар. Ол тәрбиешілермен бірлесіп тіл кемістігі бар, дыбыстарды айта алмайтын бүлдіршіндермен жұмыс істейді. Сондай-ақ психолог бар, кейбір балалардың белсенділігі шамадан тыс, яғни гипербелсенді, солармен жұмыс жүргізіледі.
– Бала саны қанша, барлық тәрбиеші мамандығына сәйкес жұмыс істей ме?
– «Ақнұр» балабақшасында 200 бала 8 топ бойынша тәрбиеленеді. Ғимараты осынша балаға арналған, яғни орын толық. Бөлмелері кең, үлкен акт залы бар. Балалар 2 жастан бастап қабылданады. 10 тәрбиеші және әдіскер, музыка жетекшісі, хореограф, психолог, логопед жұмыс істейді. Логопед пен психолог 3 жастан жоғарғылармен айналысады. Балабақшада барлығы 16 педагог еңбек етеді. Басқа балабақшаларды білмеймін, ал бізде тәрбиешілеріміздің барлығы да мектепке дейінгі оқыту мамандықтарын бітіргендер. Баланы жан-жақты дамыту мәселесі уақыт талабы ескеріле отырып толықтай қолға алынған. Біздің балабақшада заман талабына сай баланың жан-жақты жетілуіне барлық жағдай жасалған. Білікті мамандар ба¬ланың қабілетін ашып қана қоймай, оны дамытуға тікелей ық¬пал етеді, неше түрлі әдіс-тәсілдер, технологияларды пайдаланады. Танымдық дағдыларын дамытуға көп мән беріледі. Баланың ой-өрісін дамытуға арналған жұмыстар көп жасалады. Балаларды түрлі байқауларға белсенді қатыстырып, жүлделі орындар алып жүрміз. Балалар қауіпсіздігі толығымен сақталған және олар мұнда уақыттарын өте тиімді өткізеді. Әсем Өскембаева, Арай Ерназарова, Динара Бектұрғанова, Гүлжан Байбохова, Бақыт Баделхан сияқты тәжірибелі ұстаздар бала жанының бағбаны. Олар жас мамандарға тәлімгерлік етеді. Тәрбиешілерді біліктілік арттыруға арналған оқыту курстарына жібереміз.
– Бүлдіршіндерді мемлекеттік білім беру тапсырысы арқылы қабылдайтын жекеменшік балабақшаларда қандайда бір қиындық бар ма?
– Қазір бізден өте көп есептер талап етіледі, қағазбастылық көп. Үлгі бойынша есеп беру үшін компьютердің алдында сағаттап отыруға тура келеді. Жоғарғы жақтан қағазбастылықты азайту керек дейді, бірақ керісінше көбейіп жатыр. Кәсіпкерлік қызметті тексеруге тиым салынған кездері өз міндетімізді еш алаңсыз атқарып, жұмысымызды дұрыс жолға қойып алған едік. Енді сол мараторий мерзімі аяқталуына байланысты тексерулер көбейеді дегенді естідік. Көптеген қадағалаушы органдар тарапынан келетін тексерістер бізге тікелей міндетімізді атқаруға кедергі жасамаса екен деген тілек бар әріптестер арасында. Өйткені баламен жұмыс көп көңіл бөлуді қажет ететін, ертеңнен кешке дейін баланың жанынан шықпай, белгіленген күн тәртібінен ауытқымай атқаратын тынымсыз жұмыс. Қағазбастылық пен тексерулер соған кері әсер етпеуі керек-ақ. Ал жалпы алғанда жұмысымыз нәтижелі.
– Ата-аналармен арадағы байланыс қалай?
– Ата-аналармен тығыз қарым-қатынастамыз. Олармен жұмыс өз жоспар, мақсат-міндетімізге сәйкес жүргізіледі. Кейде оларға да психологиялық кеңес-көмек қажет. Себебі олардың көбі жастар. Сондықтан кейде олармен де білгенімізбен бөлісеміз. Түрлі іс-шаралар, әкелер конференциясын, аналармен дөңгелек үстел өткіземіз. Бүлдіршіндер осында алған дағдысын үйде әрі қарай бекітуі керек. Баланы осылай бірлесіп тәрбиелесе дұрыс нәтиже берері анық. Себебі ең алғашқы тәрбие отбасында басталады. Осы мақсатта «Әкелер мен даналар», «Алғашқы қадам», «Бақытты бала – бақытты отбасы» тақырыбында шаралар өтті. Атаулы күндердің барлығы мерекеленеді. Балалар соған күнібұрын дайындалып, арнайы киім үлгілерін киіп, қойылымдарға қатысып, ән салып, тақпақ айтып, би билеп, қызықты өткізеді. Наурыз мейрамы өзіне сай сәнімен, мазмұнымен ұйымдастырылып, оған ата-аналар да тартылды.
Жас ұрпақтың бойына ұлттық салт-дәстүрді сіңіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаны аялау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Оқу-тәрбие үрдісіне ата-аналар риза. Жыл сайын екі топты мектепке шығарып саламыз. Түлектеріміз маусымның 1-інде балабақшамен қоштасып, күзде мектепке барады. Жаздың үш айында олардың орнына жаңа тәрбиеленуші қабылдаймыз. Орын санын толтыруда ешқандай қиындық жоқ. Қандай тәрбие беріп жатқанымызды ата-аналар көріп-біліп отыр, бірінен бірі естиді. Олардың көпшілігі кейінгі балаларын да осында әкеледі. Осылайша кішкентай түлектеріміздің артынан ерген іні-қарындастары мен сіңлілері де осында келеді. Сонымен қатар туыстары, таныстары, көрші-қолаңы да тартылады. Мұны еңбегімізді халықтың бағалағаны деп түсінеміз. Демек бағыт-бағдарымыз, жұмысымыз дұрыс деп есептейміз.
Осы орайда мектепалды топтарының ата-аналарының пікірін келтіре кетелік. Ұлжалғас Зікірбаева былай деді:
– Менің екі ұлым Айбек пен Бекнұр «Ақнұр» балабақшасына 2019 жылдан бері барады. Мұнда ата-аналармен жылы қарым-қатынас орнаған. Балабақша таза, тамағы дәмді, тәрбиешілері білікті, жақсы білім беріп, баланы жан-жақты дамытады. Ұлдарым қолөнерді үйренді, денешынықтыру жаттығуларын жасайды, қоршаған ортаны танып, табиғатты аялайды. Қазір көпшілікпен үлкендерше сөйлесе алады. Педагогтарға, ұжымына мың алғыс!
Ал Анар Аманованың үш ұлы да осы балабақшаға барған екен. Айтуынша, алғашқы баласы 2017 жылы қабылданып, жақсы білім мен тәрбие алып шыққан. Мектепке жақсы дайындықпен баруының арқасында сабағын жақсы оқиды. Екінші баласы да сондай. Енді үшінші ұлы да бақшаны бітірмек. Анарға ең алдымен мұндағы санитарлық тазалық қатты ұнапты. Әсем, Әсия, Арай есімді тәрбиешілердің, мамандардың жұмысына риза. Сондай-ақ орыс тобының ата-анасы Зуля Искандерова да осындай пікір білдірді. Мүсілім есімді балақайдың шешесі: «Керемет балабақша, тамаша тәрбие береді, ұжымның талпынысына, төзімі мен түсіністік танытуына ризамын», дейді.
Қалай десек те жекеменшік балабақшалардың көтерген жүгі жеңіл емес екенін байқаймыз.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы