Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің алғашқы отырысында еліміздің қазіргі ғылыми-техникалық саясатының басымдықтарын нақтылап берді. Мемлекет басшысы қай заманда да ел дамуының басты кілті ғылым екенін атап өтті. Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында осы мәселеге ерекше назар аударылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы ретте шетелде жұмыс істеп жүрген ғалымдарымызды Қазақстанға қайтару қажет екенін де айтты.
«Адамзат тарихындағы жетістіктің барлығы – білімнің жемісі. Әсіресе, қазіргі озық технология дәуірінде ғылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан мен ғылымды дамыту ісіне айрықша мән беріп отырмын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ерекше шапшаңдықпен өзгеріп жатқан заманда «Біз не істей аламыз?» дегенге Президент осыдан 100 жыл бұрын Алаш саяси элитасы айтқан «Оян, қазақ!» ұранын жаңғыртып, былай деді: «Бір сөзбен айтсақ, заман өте жылдам өзгеріп жатыр. Біз осы өзгеріске бейімделуіміз керек. Әйтпесе өркениет даңғылынан қалып қоюымыз мүмкін. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет». Бұл сөз жастарға арналды.
Президент отандық ғылым алдына осындай нақты мақсат қойды. Осы ретте сыни пікір де айтылды. Мемлекет басшысы: «Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы 60 пайызға артты. Елімізде кәсіпорындардың 65 пайызы шикізат, металлургия саласында жұмыс істейді. Бұл – үшінші технологиялық деңгей деген сөз. Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни, төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Біз заманауи ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келеміз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек. Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған. Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан, ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс», – деді.
Президенттің пікірінше, Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. «Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн». Президенттің айтуынша, ғылым мен технологиялық саясат туралы арнайы заң әзірлеудің қажеттілігі туындады. Бизнесті ғылымға қаржы құюға ынталандыру үшін салық жеңілдіктері мен инвестициялық преференцияларды «ауқымды шегерімдер» түрінде енгізу қажет. Салық, Кәсіпкерлік және Бюджет кодекстеріне нақты нормаларды биылдан қалдырмай енгізу керек. Бұл жеңілдіктер дамыған елдерде баяғыда іске қосылған. Қазақстандық ғалымдар күні бүгін тек бюджетке байлаулы.
Президент осы ретте бұрын айтылмаған кемшіліктерді де ашық айтты. «Ғылымды мемлекет тарапынан қаржыландыруға ғалымдар, нақтырақ айтқанда, псевдоғалымдар «майшелпек» ретінде қарамауы керек екенін баса айтқым келеді. Қаржы гранттарының көбінесе ғылыми маңызы, өзектілігі жоқ жобаларға берілетіні ешкімге жасырын емес». Шынында да, жасыратыны жоқ, институт басшысының кеңестік кездегі деңгейімен шектелген жобалар күні бүгін қайталанып келе жатыр. Тарих пен әдебиеттің көптомдығы бірнеше рет қайта жазылды. Бірақ сол баяғы кеңестік сарын. Замана ғылымы өзгергені қай заман? Мысалы, Алтын Орда тарихы бірнеше рет қайта жазылды. Бірақ бірде-бір ағылшын тіліндегі ғылыми дискурс қамтылмаған. Мәселе сол жабық қазан төңірегімен шектелген.
Президент осы ретте нақты оқиғаны еске салды. «Парасат» ғылыми холдингінде болған өкінішті жағдай – осының анық мысалы. Бөлінген қаражаттың бәрі құмға сіңген судай болды. Ал оның бұрынғы басшысы, химия ғылымдарының докторы Америка азаматтығын алып, отбасымен бірге елден кетіп қалды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ғылыми зерттеу институттарын басқаратын адамдар заманауи ғалымдар ма? Әлде демалысқа шығып, жайлы жерге жайғасып алғандар ма? Бұл мәселенің де беті ашылды.
Президент көтерген келесі мәселе де аса маңызды. «Елімізде «ақылды қалаларды» және агломерацияларды дамыту ісі өте маңызды. Сондай-ақ Каспий теңізін жан-жақты зерттеу және еліміздің биологиялық қауіпсіздігін сақтау керек. Жаңа сорттар арқылы астықтың шығымын арттыру, мал тұқымын асылдандыру, шөлді аймақтарда жеміс-жидекті үнемдеп суару сияқты мәселелерге ғылыми тұрғыдан қарау қажет. Осындай өзекті бағыттарға ауқымды гранттар бөлу керек. Шын мәнінде, гранттармен қамтамасыз етілген ғылыми жобалар өзекті, сұранысқа ие болуы қажет». Ауылдағы жастар жұмыссыздыққа ұшырамас үшін осындай жобаларды іске асыруға болар еді. Қала базарында арба тартып жүрген жастарды көргенде, олардың ауылдағы жұмыссыздықтан осыған еріксіз мойынсұнғанын көреміз. Ол аздай, жастар Корея мен Ұлыбританиядағы уақытша болса да қара жұмысқа тартылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымды дамытудың жаңа үлгісіне сәйкес Ұлттық ғылым академиясының рөлі ерекше болатынын айтып қана қоймай, Ғылым академиясына Президент жанындағы мекеме мәртебесін берді. Оны қаржыландыру мәселесі де тұңғыш рет шешілді. Академиктерге өмір бойы стипендия төленетін болды. Бұл – Тәуелсіздік алған кезден бері Ғылым академиясына жасалған тұңғыш мемлекеттік қолдау. Әрине, бұл академик мәртебесіне сай нағыз ғалымдарға ғана тиесілі болу керек деп ұйғарамыз. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бағдарымызға толық сай болу керек деп үміттенеміз.
Президент сөзін қорытындылай келе, елімізде Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сияқты ғұламалардың жолын қуған ғалымдардың жаңа буыны шығатынына нық сенімді екенін айтты. Осыған орай зерттеу институттарының заманауи талаптарға сай жаңаруын күтеміз. Кеңес кезіндегі білімімен қазіргі ғылымды басқару жеткіліксіз екенін мойындағандар ағылшын тілін меңгерген дарынды жастарға жол ашу керек.
Айгүл Ісмақова,
Алаштанушы-ғалым, филология ғылымдарының
докторы, профессор