Жамбыл ауданында көктемгі мал төлдету жұмысында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеулер университетінің 77 студенті жүр. Олар өндірістік тәжірибелерін мал қыстауларында өткізіп жатыр. Болашақ мал мамандары бір жағынан білімдерін практикамен ұштастырып, саланың қыр-сырына қанықса, екінші жағынан шаруашылықтарда тер төгіп, еңбекақы алады.
Олардың бесеуі Самсы ауылдық округіне қарасты «Дәуітхан» шаруа қожалығында. Ветеринария факультетінің білімгерлері бұл істің жайына қаныға түскендерін айтады.
– Мен мал дәрігері мамандығында 3-курста оқимын. Осы шаруа қожалығына қатарластарыммен бірге бір ай өндірістік тәжірибеден өтуге келдім. Бала кезімнен ауылда өскендіктен, мал бағу маған аса таңсық емес. Қазір осында жалқы туған 109 бас саулықты өрісте жайып жүрмін. Артынан ілескен қозылары біршама ширап қалды. Буаз малдың күйін бір қарағаннан танып-білу, төлдеу кезінде алғашқы көмек көрсету, енесі мен төлінің амандығын қадағалау сияқты жұмыстарға тікелей араласып, көзімізбен көргенді университетте алған біліммен ұштастыру – алға қойған басты мақсатымыз. Практика өте қызықты өтуде, өзіме ұнады. Енді алған тәжірибемізді сабақта пайдаланамыз. Қожалық иесі жағдайымызды жасайды, тамақ және жатын орын жағынан еш қиындық жоқ, – дейді Диас Алмасай есімді студент.
Егіз туған қойларды өз бақылауына алған білімгер Алмат Ақбердиев те осындай пікірде. Ол Алматыға оқуға Шымкенттен келіпті. Аграрлық университеттің ветеринариялық медицина факультетінің 3-курс студенті. Қаланың баласы ауыл тіршілігіне етене араласып, таңдаған мамандығын жақсы меңгеру үшін аз уақыттың ішінде біраз жайтты біліп қалыпты.
«Жаңа туған қозыны дер кезінде күтімге алып, бақылауда ұстау – аса маңызды. Ауырғандарын мал иесіне хабарлап, дәрісін беріп, тиісті шара қолданамыз. Аудиторияда отырып білім алу бір басқа да, осында істің барысын көзбен көріп, қолмен ұстаған бір басқа екен. Соған көзіміз жетті», – дейді Алмат.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Аян Нұрпейісовтің айтуынша, кейінгі үш жылда аталған оқу орнының 300-ден астам білімгері осында өндірістік тәжірибеден өтуге келген. Биыл 77 студент 8 ауылдық округтегі 22 шаруа қожалығына бөлініпті. Тәжірибе жинаушы жастардың жатын орны, ас-ауқаты тегін болумен қатар оларға 100 мың теңгеден жалақы төленеді.
Аудан әкімі Нұрлан Ертастың бастамасымен екіжақты келісім бойынша жолға қойылған бұл үрдістің негізгі мақсаты мал шаруашылығы саласын бүге-шігесіне дейін білетін білікті маман дайындауға сеп болу. Бұл шара дәстүрлі түрде жалғасатын болады.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы