Кеген спорттық сауықтыру кешенінде қазақтың атақты биі Тама бабаны еске алуға арналған дзюдо күресінен 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасында облыстық ашық турнир өтті.
Жарыстың ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген бапкерлері Рауан Тоқтарбекұлы, Төлеген Сұлтанов, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Бауыржан Таубалдыұлы, Кеген аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Бектенов қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі.
Аталған турнир осымен төртінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бәсекенің басты мақсаты – жастар арасында спортты дамытып, дені сау ұрпақ тәрбиелеу, салауатты өмір салтын насихаттау.
Ашық біріншілікке Алматы мен Талдықорған қаласы, Жамбыл облысы және Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр, Райымбек, Кеген, Іле аудандарынан келген 250 спортшы 10 салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша, 81 келі салмақта I орынды жамбылдық Жанат Момунов жеңіп алды. 73 келі салмақ дәрежесінде «Шаңырақ» спорт интернатының оқушысы Барахат Қосан жеңімпаз атанды. 66 келі салмақта кегендік Аян Бақытұлы I орын иеленді. 60 келіде Алматыдағы республикалық спорт интернатының оқушысы Шахрияр Шайлықов үздік шықты. 55 келі салмақ жәрежесінде Іле ауданының спортшысы Баубек Ахмет ешкімге дес бермеді. 50 келі салмақта өнер көрсеткен кегендік Ілияс Әбілжан дара шықты. 46 келі салмақта ілелік Зәкен Дидар, 42 келіде «Шаңырақ» спорт интернатының оқушысы Сайын Айдын және 38 келі салмақ дәрежесінде республикалық спорт интернатының оқушысы Бекен Әбілқайыр өздерінің мықты екендерін дәлелдеді.
Жеңімпаздарға медальдар табысталып, грамоталар мен қаржылай сыйлықтар берілді.
– Алматы облысында дзюдо күресі жақсы дамып келеді. Жастар тамаша өнер көрсетті. Олардың жеңіске деген жігеріне риза болдық. Алматы облысы денешынықтыру және спорт басқармасы, Алматы облысының дзюдо федерациясы және «Тама баба» қоғамдық қоры бірігіп ұйымдастырған турнир жоғары деңгейде өтті, – деді Қазақстанның еңбек сіңірген бапкері Рауан Тоқтарбекұлы.
«Тама баба» қоғамдық қорының директоры Мұхтар Исембаев баба мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу жолында рухани қолдау көрсеткені үшін Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаевты қоғамдық қордың «Ел ардақтысы» медалімен марапаттады.
Жиналғандар аталған жарысты облыстық деңгейде қалдырмай, республикалық дәрежеде өткізсек деген ниет білдірді.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы