Кеген ауданының Ақай Нүсіпбеков ауылының жайылым жерлеріне құрт қаптап кеткені елді елең еткізді. Елдегі егістікті кеміріп бара жатқан зиянкеске жергілікті халық не істерін білмей дал болуда. Біз бұл жөнінде ауыл әкімі Рүстем Жеңісұлына хабарласып білген едік.
Әкімнің айтуынша, Қарабұлақ округінде 2850 гектар егістік алқап бар. Оны қолда бар бір техникамен улап шығу мүмкін емес. «Қазір «660 гектар жерде құрт бар» деген өсімдікті қорғау институтының мамандары қорытынды шығарып кетті. Бірақ аралап қарағанымызда мың гектардан артық алқапта құрт жатыр. Төтенше жағдай жарияланып, облыстық әкімдік мың гектарға себілетін дәріні әперсе де соның өзі бізге үлкен көмек болайын деп тұр. Алғаш көктеуде мал жайылымынан Ерболат Әбішев деген азамат байқады. Сәуірдің оны күні ауылдың чатына салды. Көп ешкім мән бермеді. Осыған ұқсас жәндіктер қалақайды, капустаны жеп жоғалып кететін кей жылдары. Сәуір айының 14-і күні егіс даласына барған жігіттер көп мөлшерде көрген. Ауыл чатына салды. Әлеуметтік желілерге тарады. Таңертең «Еуразиямен» «Алматы» телеарнасынан тілшілер келді. Қарабұлақ ауылдық округі Ақай Нүсіпбеков ауылындағы егіс алқабына жайылған шытыр гүлділердің жапырақ жемірі аталатын құртты жою жұмыстары өз жалғасын табуда. Бүгін Ағанас жазығындағы бұл алқапқа ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Дархан Есентемірұлы Абдікәрімов, Алматы облыстық аумақтық инспекция басшысы Еркебұлан Бекжанов, облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Дархан Кәрібайұлы, Өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми зерттеу институтының энтомологы Ізбасар Исатайұлы келіп, жайылған құрттың экономикалық зияны шектік деңгейден асатынын айтуда. Аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, әкім орынбасары Мұхтар Батырханұлы, ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жасұлан Өмірзақов, аудандық аумақтық инспекциясы басшысы Берік Әбдіманаповтар келіп, халықпен кеңесу жиынын өткізді, ауданнан әкелінген дәрі бүріккіш құрылғылар мен арнайы қорғаныш киімдерді табыстады. Жалағаш ауылдық округінің әкімі Айгүл Садырова да халықпен бірге улау шараларын ұйымдастырды. Ауылдағы 137 шаруа қожалықтарынан адамдар жиналып, улау шараларын жүргізді. Үш күннен бергі тынымсыз еңбек өз нәтижесін беруде. Үш трактор, бір штангалы бүріккіш агрегат және тұрғындар дәрі бүріккіш құрылғылармен жұмыс жүргізді. 7 га аймаққа «БИ-58» препараты себілді. Бүгінгі күнге 584 га жер дәріленді. Жұмыс жүріп жатыр.- дейді ауыл әкімі Рүстем Әлімов.
Қаптаған қара құрттың өршуі туралы маман пікірін білген едік. Дархан Есентемірұлы Әбдікәрімов, ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
– Кеген ауданы, Жалағаш ауылдық округінде рапстың жапырақ кеміргіші деген жәндіктің құрты шығып, сол жерге барып, көріп қайттық. Бұл жерде өсіп, тараған жәндік. Рапстың жапырақ жемірі, сол жерде өсіп-өнген. Бұрынғы уақытта рапс деген майлы дақылды егістік ретінде салған екен. Содан кейін қалған тұқымдары жабайы рапс түріне айналып, сол жабайы рапстың зиянкестері болады. Биылғы жылы қолайлы жағдай болып, зиянкестер 3000 га таралған деп есептеп отырмыз. Осы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы министрлігінен келіп, қарастырып шықтық, министрліктің атынан техника шығарып, өңдеу жұмыстарын, әдістемесін жергілікті халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Рапстың жапырақ жемірі үкіметтің есебінен улануға жатпайтын жәндік, өте қауіпті, карантиндік организмге кірмейді. Облыс бюджетінің есебінен іске асырылатын ауқымды шара. Облыс көлемінде бірінші рет шығып отыр, жергілікті дихандарға қалай өңдеу жолдарын көрсетіп, кешегі күні ғылыми-зерттеу институтының мамандары барып, қарап шықты. Министрліктен келіп, жұмыстарды жүргізіп, халыққа көрсетіп, қандай препараттармен жұмыс жасау керек екенін жолға қойып келдік. Енді сол жергілікті шаруа қожалықтары ұйымдасып, өздері препараттарын алып, жұмыстарын жасап жатыр. Оның сыртында «Фитосанитария» мемлекеттік мекемесінің техникалары жұмыс атқаруда. Бұл жәндік бір аптаның шамасында жойылатын түрі бар, өте кең алқапқа тарап кеткен деп айта алмаймыз. Бұл бір жағынан, екінші жағынан оның зияндылығы қазір тек қана арам шөпке келіп отыр. Жергілікті халық «шытыр» деп атайды, жабайы болып кеткен рапсты, ол «шытырды» мал да жемейді, мал жесе іші кеуіп, ауырады. Бұл алқапқа егін салынса, халық егінге зияны бола ма деген ойлары болған, соны түсіндіріп келдік. Бидай, арпа өнімдеріне зияны жоқ, тек ғана түрлі-түсті өсімдіктерге зиян келтіре алады. Оның ішінде қырыққабат, рапс бар. Ол жерлерде мұндай өсімдіктер егілмейді екен. Қысқаша айтқанда осындай жағдай. Табиғат болғаннан кейін, жәндіктердің өсіп-өнуі бола береді. Жапырақ жемірі рапстың бірінші күндері көп көрінгені күн жаңбырлы болған, жылуды жақсы көретін жәндіктер, салқыннан бір-біріне тығылысып, көзге көргенде қорқынышты жағдай сияқты болып көрінген. Күн жылынғаннан кейін тарап, экономикалық зиянды шегінен көп кеміп қалған. Өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егістікке деген зияны өте көп болған жоқ. Жою жұмыстары жөнінде екі техниалық бүріккіш апараты жұмыс істеп жатыр. Біреуі күніне 50 га дейін жасайды, яғни екі техника күніне 200 га дейін жұмыс жасап бере алады. Әкімшіліктен келген екі техникамен жергілікті тұрғындар көмекке келді. Сонымен, бір-екі күннің ішінде жәндіктерден арылады.
– Бірнеше күннен бері осы мәселе көтерілді. Облыс әкімі Марат Елеусізұлы бірден барлық басқармалардың басын қосып, жиналыс өткізді. Бұл жәндік мың гектарға жуық біраз жерді отап бара жатыр. Қашан дәрілейміз деп отыра бермей, ауыл тұрғындары өздері барып, азаматтар келді. Біз де ат салысайық деп отырмыз. Осындай бір-бірімізге демеу болайық!- дейді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Жергілікті тұрғындардың қорқынышы күн ысып кетсе, құрттар қоңызға айналып ұшады. Одан кейін жұмыртқалайтын болса, олар көбейе түседі. Құрт тек Қарабұлақ ауылдық округін ғана емес, көршілес Жалағаш ауылында да қаптаған. Жалағаш ауылының тұрғындары да қазір құртты өздері жою үшін жұмыс істеп жатыр.Торайғыр жазығындағы 137 шаруа қожалығының малдары
Жалағаштың етегінде жайылады. Оның өзі жайылым болып есептеледі. Қазір құрт өрт жалмағандай шөпті отап бара жатыр. Жердің қара топырағы шығып қалған.
Халық арасында «шытыр» деген атаумен белгілі далалық сары бас гүлге ғана қоныстанған зиянкестерден дәнді-дақылдар мен көпжылдық шөп, мәдени дақылдарға залал келмейтінін екенін ескерткен мамандардың сөзіне құлақ түрсек, бұл сыннан алатынымыз көп болып тұр.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы