Алматы облыстық бұқаралық ақпарат құралдары басшылығында ауыс-түйіс. «Алатау арайы», «Огни Алатау» газеттерінің және Alataunews.kz ақпараттық сайты мен өңірлік коммуникация қызметінің басын біріктірген «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне директор болып Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, журналист Кәдірбек Құныпияұлы, ал облыстық қоғамдық-саяси «Алатау арайы» газетінің бас редакторы қызметіне Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қуаныш Тұнғатар тағайындалды.
Кәдірбек Құныпияұлы 1962 жылы Алматы облысы Кеген ауданы Тасбұлақ ауылында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын Кеген аудандық газетінде радиохабарларды ұйымдастырушы болып бастаған. Әр жылдары Кеген аудандық мемлекеттік сақтандыру инспекциясы бастығының орынбасары, Кеген аудандық газетіндегі радиохабарларды тарату бөлімінің меңгерушісі, Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгерушісі, «Өркен» газеті бас редакторының орынбасары, «Саясат» журналының жауапты редакторы, «Қазақстан-Заман» газеті бас редакторының орынбасары, Алматы облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Арыс» баспасында жетекші редактор, «Заң» газетінің бас редакторы, «Ан-Арыс» баспасының директоры, Халықаралық Түркі академиясының менеджері, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ-ның жетекші сарапшысы, «Қазақ университеті» баспа үйінің бас редакторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы орталығының директоры қызметтерін атқарған.
2023 жылдың қаңтар айынан Алматы облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы қызметінде болды.
Бірнеше жыр жинағы мен аударма кітаптарының авторы. “Құрмет” орденінің иегері. Кеген және Райымбек аудандарының Құрметті азаматы.
Қуаныш Абайбекұлы Тұнғатар Алматы облыстық қоғамдық-саяси “Алатау арайы” газетінің бас редакторы болып тағайындалды.
Қуаныш Абайбекұлы 1988 жылы Алматы қаласында туған. Білімі – жоғары, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Гуманитарлық ғылымдардың магистрі.
Еңбек жолын 2012 жылы Алматы облыстық “Жетісу” газетінің Еңбекшіқазақ ауданындағы меншікті тілшісі болып бастаған.
Әр жылдары “Жетісу” газетінің тілшісі, аға тілшісі, бөлім редакторы, редакция меңгерушісі, веб-сайт редакторы қызметтерін атқарған.
2023 жылдың ақпан айынан Алматы облыстық “Алатау арайы” газеті бас редакторының бірінші орынбасары болды.
Облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы, Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасын иеленген. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.