Алматы облысының «109» бірыңғай байланыс орталығына 3 мыңнан аса өтініш түскен
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Ақпараттық технологиялар орталығы» КММ директорының міндетін атқарушы Жәнібек Серікұлы мен «109» бірыңғай байланыс орталығының басшысы Алмагүл Болатқызы айтты.
Алмагүл Болатқызының айтуынша, орталыққа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және қаланы абаттандыру мәселелері бойынша сұрақтар түсіп жатыр. Олардың қатарында ветеринариялық станция, анықтамалық ақпарат алу, электр қуаты, ауызсу, қоқыс шығаруға қатысты сұрақтар басым.
«Орталық биыл 11 ақпанда жұмысын бастады. Өңір тұрғындарын көбінесе коммуналдық мәселелерге байланысты сұрақтар мазалайды. Алайда, сұрақтары бойынша қай мекемеге жүгінерін білмейді. Білген күннің өзінде дер кезінде жауап ала алмайды. Осыған орай «109» бірыңғай байланыс орталығы өтініштерді қабылдайды», – дейді Жәнібек Серікұлы
Айтуынша, орталыққа қазіргі уақытта 3160 өтініш түскен, оның 3150-сі дер кезінде орындалған. Сондай-ақ, мәселе 10-15 сағат шегінде немесе күрделілігіне байланысты 15 күн аралығында шешілетінін айтты.
Орталық қазіргі таңда Қонаев қаласында және Талғар ауданында жұмысын істейді. Бұдан бөлек, мамандар облыс көлемінде ұйымдастыру шаралары жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Өтініштер мынадай байланыс құралдары арқылы қабылданады:
-Instagram: @109konaevkz,
-WhatsApp: 8 771 7 109 109
-Тelegram чат-боты: https://t.me/konaevhelp
Еске салайық, байланыс орталығы тәулік бойы, демалыссыз жұмыс жасайды. Онымен қоса, барлық коммуналдық мекемелермен және жауапты мемлекеттік органдар мен әкімдіктермен тікелей байланыс орнатқан.