Токсоплазмоз – АИТВ (адамның иммундық тапшылығы вирусы) бар науқастар өлімінің жиі кездесетін себептерінің бірі. Токсоплазмоз – бұл Toxoplasma gondii паразиті қоздыратын ауру, көбінесе ЖИТС (жүре пайда болған иммундық тапшылық синдромы) фонында АИТВ жұқтырған науқастарда кездеседі. АИТВ-инфекциясы бар емделушілерде токсоплазмоз дамуының қауіп факторларына CD4 (иммунитет) лимфоциттер санының 100 жасуша/мкл-ден аз болуы жатады. Токсоплазма барлық органдар мен тіндерге әсер етуі мүмкін болса да, әдетте, аурудың церебральды түрі АИТВ жұқтырған науқастарда тіркеледі.
Токсоплазмоз клиникалық көріністердің айқын полиморфизмімен сипатталады. Бұл токсоплазманың тіндік ерекшелігінің болмауымен, сонымен қатар аурудың патогенезінде қоздырғыштың гематогенді таралу сатысының болуымен түсіндіріледі. Токсоплазмоздың белгілері: ұзақ уақыт температураның көтерілуі, бас ауруы, лимфа түйіндерінің ісінуі, бұлшықеттердің ауыруы, бауырдың ұлғаюы, гепатит. Құрсақішілік инфекция соқырлыққа, энцефаломиелитке, өсудің тежелуіне, тіпті жаңа туған нәрестелердің өліміне әкеледі. Иммунитет тапшылығы бар науқастарда инфекция менингит пен энцефалит (сананың бұзылуымен мидың қабынуы, бас ауруы, дене қызуының көтерілуі) тудырады.
Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығында есепте тұрған науқастарда токсоплазмоздың кездесу жиілігі 0,5% құрайды. Одан қайтыс болған науқастардың ішінде токсоплазмоздың кездесу жиілігі 0,12% құрайды. Орталық жүйке жүйесі токсоплазмозы ЖИТС-пен ауыратын науқастарда оппортунистік инфекциялар арасында 2-3 орын алады. Токсоплазмалардың адам ағзасына енуі орталық жүйке жүйесінде көлемді түзілімдердің пайда болуына (50-60% жағдайда) және бастапқы эпилепсиялық ұстамалардың дамуына (28% жағдайда) әкеледі. Токсоплазмоздың белгілері АИТВ-инфекциясының прогрессивті кезеңдеріндегі науқастардың шамамен 18-20% дамиды. Токсоплазмозды энцефалит белгілерінің пайда болуы ЖИТС сатысындағы науқастардың 6-12% байқалады. Егер мұндай науқастарда энцефалит пайда болса, онда токсоплазмоз барлық жағдайлардың 25-80% құрайды. Сонымен қатар, қызба, бас ауруы, 90% жағдайда әртүрлі фокальды неврологиялық симптомдардың пайда болуы (гемипарез, афазия, психикалық және басқа да бұзылулар) байқалады. Кейде токсоплазмоз мидағы көлемді түзілімдерсіз жүреді (герпес энцефалиті немесе менингоэнцефалит түрі бойынша). Токсоплазмозды энцефалит көбінесе хориоретинитпен біріктіріледі.
АИТВ-мен өмір сүретін адамдар уақытылы АРТ –ның (антиретровирустық) дәрілерін қабылдау арқылы өзінің иммунитетін қалыпты деңгейде сақтай отырып, токсоплазмоз ауруына шалдығудың алдын алуына мүмкіндік бар. Сонымен қатар уақытылы ЖИТС-мен қарсы күрес орталығына келіп, қан сынамаларын өткізіп, тексеріліп тұруы қажет. АИТВ-мен өмір сүретіндерде токсоплазмоздың клиникалық көріністерінің әртүрлілігін ескере отырып,жылына бір рет бірнеше мамандардың, атап айтқанда невропатолог, офтальмолог және т. б дәрігерлерге тексеріліп тұруына кеңес беріледі.
Нұрбаева Э.Е., ШЖҚ «Алматы облыстық ЖИТС-ның алдын алу
және оған күрес орталығы» КМК
дәрігер инфекционисті