Сәрсенбінің сәтінде облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарасай өңіріне атбасын бұрып, аудандағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Сонымен қатар өлке басшысы Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің Жандосов ауылдық округінің тұрғындары алдындағы есеп беру жиынына қатысып, жұртшылықтың сұрақтарына жауап берді.
Облыс басшысы Қарасай ауда¬нындағы жұмыс сапарын Елтай ауылындағы «BI Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салып жатқан 1200 оқушыға арналған «Жайлы мектеп» құрылысынан бастады. Жұмыстары 2023 жылы басталған мектеп ғимараты 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл жерде «BI Group» холдингіне қарасты Алматы компаниясының 1-дивизионының директоры Данияр Оспанов мектептің құрылысы мен оның айналасын абаттандару жұмысымен таныстырды. Айта кетерлігі, бүгіндері ауданда 6 мектеп үшауысыммен жұмыс істейді, ал Елтай ауылдық округіне қарасты Исаев ауылында бұған дейін орта мектеп тіптен болмаған. Мұнда тұратын балалар Береке ауылындағы білім шаңырағына қатынап оқитын. Аталған мектеп пайдалануға берілгеннен кейін округтегі үшауысымды оқу мәселесі түбегейлі шешіледі деп күтілуде. Сонымен қатар аймақ басшысы Исаев ауылындағы «Focus Logistics» ЖШС логистикалық орталығына атбасын тіреп, ондағы жұмыс барысымен танысты. «Focus Logistics» ЖШС бас директоры Диас Галиев өз сөзінде 300 000 шаршы метрге дейін «А» класты қоймалар және көлемі 100 000 TEU контейнерлік терминал салып, қойма мен жүк қоятын алаңдарды жалға беру жүзеге асырылатынын, сол арқылы отандық өнімдерді шетелдерге шығару мүмкіндігінің молая түсетінін жеткізді. Қойма құрылысына 70 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалатын болса, кәсіпорын жұмыс істей бастаған кезде бюджетке жылына 5 млрд теңге түсім түседі деп күтілуде. Меншік құқығындағы жер уческесінің жалпы аумағы шамамен 504 гектарды құраса, жобалық қуатқа жеткен кезінде 4 500 тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтамасыз етілетін болады. Бүгіндері ресейлік «OZON» компаниясымен келісім жасалынып, қазақстандық өнімдерді шетелге шығару жоспарланған.
Әйтей ауылдық округіне қарасты «Өмірұзақ» тұрғын үй кешеніне тоқтаған Марат Елеусізұлы бұл жерде аймақты көгалдандыру, саябақ қалыптастыру жұмысының барысымен танысып, өзі де бір шырша көшетін отырғызды. Атқарылып жатқан істерге оң баға берген ол «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыруға атсалысып жатқан қарасайлықтарға алғысын жеткізді.
Аймақ басшысының сапары Шамалған ауылындағы «Казақстандық құбыр арматурасы зауыты» серіктестігінде жалғасты. Жалпы инвестициялық құны 2,5 млрд теңгені құрайтын бұл жоба 2010-2023 жылға дейін бюджетке 1 млрд 829 млн теңге салық түсірген. Кәсіпорында 40 қызметкер жұмыс істейді, жұмысшылардың орташа жалақысы – 280000 теңге. Еліміздегі мұнай, газ, су шаруашылықтарына қажетті өнімдер шығаратын зауыттың бұйымдары үлкен сұранысқа ие.
Шалқар ауылында өткен жылы өнер мектебі өз жұмысын бастаған болатын. Олардың игілігіне бір кездері жекеменшіктің қолына өтіп кетіп, облыс басшысының араласуымен қайтарып алынған мектеп ғимараты берілген еді. Бұл берекелі шаруаға облыс бюджетінен 183,5 млн теңге бөлініп, жөндеу жұмыстары қауырт жүргізілді. Өнер мектебінде бұл күндері 52 мұғалім жеткіншектерді ән мен биге, сурет салу мен музыка өнеріне баулуда. Мұнда Шалқар ауылы мен Қаскелең қаласына қатынап, барлығы 345 бала білім алуда. Бұл бүгінгі күнге аудандағы жалғыз өнер мектебі екенін айта кету керек.
Осыдан кейін облыс басшысы О.Жандосов атындағы орта мектепте ауылдық округ әкімдерімен және аудандық мәслихаттың депутаттарымен кездесу өткізді. Бұл жерде Марат Елеусізұлы өңірдегі 9 ауылдық округ пен 1 қаланың әкімдерін мінберге шақырып, жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Екіжақты әңгіме барысында Елтай ауылдық округінің әкімі Біржан Махатов округте 9 ауыл бар екенін, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде көптеген мәселенің шешімін тапқанын тілге тиек ете келіп, ауылға бір дене шынықтыру және спорт кешенін салу қажеттігін жеткізді. Облыс басшысының «Ауыл аманаты» бағдарламасының қалай орындалып жатқаны жайлы сауалына бүгінге дейін 17 үміткердің өтініші қабылданғанымен, әлі қаржыландырылып үлгермегенін айтты. 22 мың тұрғыны бар округ үшін бұл тым аз екенін ескерткен Марат Сұлтанғазиев осы бағыттағы жұмысты жолға қою керектігін баса тапсырды. Жиын барысында Шамалған, Жандосов, Бірінші май, Жамбыл, Әйтей, Ұмтыл, Райымбек, Іргелі, Жібек жолы ауылдық округтері мен Қаскелең қаласының әкімдері өздеріне қарасты елдімекенде атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, кейбір күрделі мәселелерді өңір басшысының назарына салды. Бұл ретте Марат Елеусізұлы облыс, республика тарапынан жасалынатын жұмыстар өз алдына, ал ауыл әкімдері жергілікті халықты еңбекпен қамтып, кәсіппен айналысуға тартулары керектігін жеткізді. Бұл жерде «Ауыл аманаты» бағдарламасының берері мол екендігін де еске салды.
Қарасай ауданына сапарының соңында облыс басшысы Жандосов ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Онда Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естеновтің баяндамасы тыңдалды. Аудан бойынша әлеуметтікэкономикалық көрсеткіштерге тоқталып өткен Жасұлан Тоққожаұлы 2024 жылдың қаңтар – наурыз айларының қорытындысы бойынша 24,9 млрд теңге түсім түсіп, өткен жылмен салыстырғанда 28,5 пайызға артық орындалғанын жеткізді. Бір ғана Жандосов ауылдық округінде орта және шағын бизнеспен айналысатын 898 нысан тіркеліп, онда 2334 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Бүгіндері пайдаланылмайтын жерлерді мемлекетке қайтару басты назарда десек, ауданда мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан 323805,8 гектар жер анықталған. Оның ішінде 8153 га жер телімінің 25 жер пайдаланушысына аудан тарапынан мемлекетке қайтаруы туралы экономикалық сотқа арыз беріліп, соттың шешімімен жалпы көлемі 4 103 га құрайтын 11 жер телімі ауданның жер қорына қайтарылды, қалған 4050,9 га соттың қарауында. Одан бөлек, жалпы көлемі 213,5 га құрайтын 4 жер телімі өз еріктерімен жер телімдерінен бас тартты. Ал қалған 15438,3 га 256 жер телімі жекеменшік иелігінде болғандықтан құжаттар Алматы облысының жер ресурстары департаментіне жолданды. 2023 жылдың басында үшауысымды мектептердің саны 12 болған, өткен жылы Қаскелең қаласында 1500 орынды мектеп және 600 орынды 2 мектеп пен 3 жапсаржайдың құрылысы аяқталып, бүгіндері үшауысымды 6 мектеп қалып отыр.
2024-2025 жылдары қалған үшауысымды мектептерді жою үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында аудан бойынша жалпы 13 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 10 мектеп салу қарастырылған. Қазіргі таңда 8 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ол 2024 жылдың соңына дейін аяқталады. Ал Жандосов ауылындағы 1200 орынды және Қырғауылды ауылындағы 1500 орынды мектептердің құрылысы ағымдағы жылы басталып, 2025 жылы қолданысқа беру жоспарлануда.
Осы және өзге де мәселелер жайлы баяндаған Жасұлан Естенов алдағы атқарылар жұмыстарға тоқталды. Соңынан тұрғындардың қойған сұрақтарына жан-жақты жауап берді. Бұл жерде ең алдымен ауызсу мәселесі, жол мен жарық жағдайы, балабақшалар мен мектептердің жай-күйі көтеріліп, тұрғындар тұщымды жауап алды. Олардың ризашылықтары облыс және аудан басшылығына қарата айтылған алғыстарынан аңғарылып тұрды.
Жиынды қорытындылған Марат Сұлтанғазиев осы жерде көтерілген мәселелер мен тұрғындар сұрағына тоқталып, халықты аудан әкімдігімен, өздері сайлаған депутаттармен бірлесе еңбек етуге шақырды.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы