Малшы қауым үшін мал төлдету науқаны – аса бір жауапты кезең. Тек төрт түлік ұстағандарға ғана емес, бұл бүтін бір ауыл шаруашылығы саласы үшін де маңызы зор науқан. Осыған орай, аудан орталығынан 20 шақырым жерде, Кеген өзенінің бойында орналасқан, ел аузында «Шөладыр» деп аталатын қыр басында болып, мал төлдету науқанының өту барысымен, малшы қауымның қал-жағдайымен танысып қайтқан едік.
«Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» дегенді жете ұғынған қожалық Шопан ата төлін өрістеткен. Мұнда 350 аналық архар-меринос қойы, 50 бас ірі-қара, 40 бас жылқы малы бағылуда. Жаңа төлдеген, аяқтарын қалт-құлт басқан қозылар жақынырақта күнге қыздырынып жатыр. Момақан қошақандар сүп-сүйкімді. Ал, алысырақта өсіңкіреп қалған төлдер енесімен жүгіріп жүр.
Таулы өлкеде қырық жылдан астам уақыт шаруашылығын шалқытып отырған озат шопан – Оспанәлі Мәшінбаев. Төскейге мал өргізген қарапайым жанның шаруа қожалығы баласының есімімен «Дидар» деп аталады. Алдымыздан емен-жарқын қарсы алған аталмыш шаруа қожалығының жетекшісі Оспанәлі ағамыздың қызы Айгүл Мәшінбаева іске мығым, малға үйірсек жан екенін аңғартты.
Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдаланған Айгүл Мәшінбаева бұл іске жиырма жыл бұрын кіріскен. Ол Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алып, бүгінде атакәсіпке ден қойып отыр. Ол қаражатқа Қостанайдың «Әулиекөл» тұқымын әкеліп, шаруашылықтың малын асылдандыруға кіріскен. Қазір мал басын еселеп, кәсіптің нәсібін көруде. 2019 жылы Беларусь тракторын қосалқы тіркемелерімен бірге сатып алды. Қожалық иелігінде 250 га жер бар, оның 20-сы – егістік жер. Бүгінгі таңда жер тыңайтылып, арпа егуге дайындық жұмысы қызу жүргізілуде. Қолға алған ісін әрі қарай дөңгелету үшін Айгүл тынымсыз еңбектенуде.
– Бұл істің қиындығы сол, мал бағатын адам тапшы. Жазда жайлауда, қыста қорада төрт түліктің бабын жасау оңай емес. Арасында барлық жұмысты жалғыз атқаруға тура келеді. Қазір төселіп алдық. Мал шаруашылығы қажырлы еңбекті талап етеді. Күндіз-түні тынбай еңбектену керек. Шопан таяғын 1982 жылдан бері ұстап келемін. Ал, 2001 жылдан бастап ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосудамын, – дейді озат шопан Оспанәлі Әбенұлы.
Шаруашылық иесі әлі де мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Бүгінде қожалықта өрістегі қозының маңырауынан құлақ тұнады. Өйткені, мал төлдету науқаны ерте басталып, шаруашылық жұмысы қарбаласқан шақ. Малшының бір малы екеу болып, қырда қозылары асыр салған көрініске көз сүйсінеді.
– Қой малы тез көбейеді, әрі өнімді де көп береді. Алайда, қазақ «Мал бақсаң, әуелі өрісін тап» деген. Әсіресе, мал төлдету науқанында қоздап жатқан әр қой жеке-жеке қарауды қажет етеді. Қазір аз ұйықтап, көп еңбектенетін мезгіл, – деген Оспанәлі ағамыз бірер күнде жетпіс жастың желкенін көтермек. Жаздың аптабы мен қыстың ызғарында мал бағып, еңбек етіп жүрген Оспанәлі Әбенұлының әлі аттан түспеуін тіледік. Адамды көркейтетін –істеген ісі һәм ерен еңбегі. Шопан еңбегі еселене берсін!
Мал төлдету науқанын ойдағыдай жүргізіп жатқан «Дидар» шаруа қожалығы биыл 100 қойдан кемінде 90 қозыдан алуды жоспарлап отыр. Мал басы санының артуы ет бағытындағы жұмысты жандандыруға өз септігін тигізбекші. Ендігі міндет – қорадан еретін қоңырдың басын көкке аман жеткізу. Ол үшін осындағы шаруа иесі бір сәтте тыным көрмей, еңбектеніп жатыр.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы