Райымбек ауданының орталығы – Нарынқол ауылы соңғы төрт-бес жыл көлемінде жаңа құрылыс нысандарымен ауқымын кеңейтіп, көрсе көз тоятын іргелі мекенге айналды. Сөйтіп, бұрынғы көңіл қобалжытар жадағайлықтан арылып, сән-салтанаты жарасып келе жатқан жайы бар.
Құрылыс жұмысы қазіргі таңда еш кідіріссіз жалғасуда. Сондай іргелі құрылыс орындарының бірі ауылдың күншығыс жағынан бой көтеріп келеді. Болашақта таулы өңір тұрғындарының денсаулығына қызмет көрсететін, күніне 250 адамның сырқат сырын анықтауға арналған бұл нысанның алғашқы қадасы қағылып, ірге көтергеніне 2 жылға жуық уақыт болды. Құрылыс басталған күннен-ақ, жұмыс қазандай қайнаудан жаңылған емес. Қайта, қарқынға қарқын қосылып, күн өткен сайын қыза түсуде. Нысанның айналасындағы қым-қуыт тірлік осыны аңғартады.
Облыстық құрылыс басқармасының тапсырмасымен қолға алынған емхананың бас мердігері – «Өмірзақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрылыс жұмысымен дәл қазір аталған серіктестіктің құрыш қолды құрылысшылары айналысуда. Жертөлесімен қоса есептегенде 5 қабат болатын емхана қазір толығымен қаланып бітті. Төбесі де жабылды. Іші де жеке-жеке бөлмелерге бөлінген. Айнала қабырғалары бетонмен тұрғызылып, арматурамен шегенделген нысанның сапасы да басты назарда. Күнделікті құрылысқа қажет материалдар толық. Сұйық бетон мен кірпіштер, тақтайлар, басқа да дүниелер тікелей Алматының өзінен жеткізіледі. Жер шалғайлығы, жолдың ұзақтығы жұмыстың іркілуіне кедергі келтіріп отырған жоқ. Құрылыс материалдарын бей-берекет ысырап жасауға да жол берілмейді. Оның басты қадағалаушылары да құрылысшылардың өздері. Жұмыстың басы-қасында жүрген учаске бастығы Ерік Қаниевтің айтуынша, болашақ емхананың құрылысын жүргізуге осы саланың жілігін шағып, майын ішкен құрыш қолды құрылысшылар тартылыпты. Бәрі де адал еңбек пен маңдай тердің қадірін білетін, жауапкершілікті жете сезінетін еңбекқор жандар. Қалаушы да, дәнекерлеуші де, сылақшы да, бетон құюшылар да, электр желілерін тартушылар да, құрылыс материалдарын дер кезінде жеткізіп берушілер де өз ісінің нағыз шеберлері. Бітер істің басында Рауан Дәрімбаев сынды білікті бригадирдің жүруі де халық игілігіне арналған жұмыстың сапалы әрі нәтижелі аяқталуына жол ашуда.
– Емхана құрылысын өткен жылдың мамыр айында бастаған болатынбыз. Содан бергі уақытта үштен екісін аяқтауға қол жеткіздік. Құрылыс материалдары жеткілікті. Құрылысшыларға төленетін еңбекақы да көңілге қонымды. Қазіргі атқарылған жұмыс барысы жоспарлы межені белгіленген уақытта бітіріп шығуға мол мүмкіндік тудырып отыр. Демек, құрылыстың дер кезінде аяқталатынына сеніміміз зор, – дейді учаске бастығы Ерік Қаниев.
Реті келгенде Батырбай Баймұханбетов, Дәуренбек Мұралиев, Дәуренбек Мүсілім, Икрам Юсупов, Қуаныш Көлбосынов, Алмат Байжұманов сияқты қалаушылар мен сылақшылардың, дәнекерлеушілер мен бетон құюшылардың аттарына ыстық лебіз білдірген орынды. Емхана құрылысы күн өткен сайын қарқын алып келеді. Осыған қарап-ақ, аудан тұрғындарының емхана қуанышына куә болатын мерзімнің алыс емес екеніне көз жететіні анық. Іске сәт, құрыш қолды құрылысшылар!
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы