Елдің біраз бөлігін жайлап жатқан су тасқыны мемлекеттік саясаттың да бір сипатын көрсетті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті басқару жүйесіне басымдық беріп, өңірдегі түйткілдер жергілікті орындарда шешілуі тиіс екенін ескертіп келеді. Алайда басқару жүйесінде көп дүние бәз-баяғы қалпында. Орталықтан пәрмен түспесе, өңірлердің өз бетінше бастамашыл болуы өте қиын. Астанадан қозғау салмаса, қимылдамайтын жергілікті органдар төтенше жағдай орнағанда тағы абдырап қалды. Салдарынан Үкімет, министрліктен тиісті шаралар қабылданып болғанша тасқын су жаналқымнан алып, біршама елдімекенді, тұрғын үйлерді қиратып, ағызып әкетті.
Тұтас алып қарағанда, сөз жоқ, Қазақстан – бәрімізге ортақ Отанымыз. Айтпағымыз – Қазақстан ғана емес, кез келген ел, бүтіндей алғанда, бір құрылым. Әрине, белгілі бір елге тиесілі екендігіміз, азаматтығымыз бен төлқұжатымыз белгілі бір дәрежеде бізді өз мемлекетімізбен байланыстырып тұрады. Бірақ баяғыдан, кеңестік кезеңнен, тіпті одан әріден Мәскеуге жалтақтық бүгінде Астанаға ауысқандай әсер береді. Су басып, қиын жағдайлар туындап жатса да өңірлер өз беттерінше шешім қабылдай алмай әлек болады. Соның салдарынан осы тасқын тіптен күшейіп кетті ме деген ойға қаламыз. Рас, қазіргідей жеделдік дәуірінде тым астанашылданып немесе алматышылданудың қажеті жоқ. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «Орталыққа Астанаға жалтақтамай, жергілікті жерде шешуге болатын шаруаны жергілікті атқарушы биліктің құзырлы лауазым иелері өздері шеше берсін» деген болатын. Мемлекет басшысы айтқандай, бізге дұрыс мағынасында орталықсыздану керек. Бұл жерде әкімшілік-аумақтық тұрғыда ғана сөз етіп отырған жоқпыз. Бүтіндей ойлау тұрғысынан алғанда солай екенін ұғынған жөн. Қазіргі тасқынның әуресімен халыққа тарап жатқан ақпараттық қарама-қайшылықтардан қашу үшін, төтенше жағдайдың алдын дереу алу үшін осындай қадамның маңыздылығын түсінуге тиіспіз.
Торғай, Арқалық, Петропавл, Құлсары, мына жағымызда Алтай, Тарбағатай – ақпараттық тұрғыдан «ұмыт қалған қыстаққа» айналмауы керек. Олардың өз өмірлері, Астанадан бұйрық күтпей жұмсай алатын бюджеті болса, несі кедергі? Өмір сүріп, тіршілік кешіп жатқан жеріңнен артық не маңызды болуы мүмкін? Өз төңірегіңде, облысыңда шешуге болатын шаруа үшін орталыққа жәутеңдеудің қажеті жоқ екенін сол орталықтың өзі айтып отырса, қол қусырып отырудың өзі, жұмсартып айтсақ, ұят іс емес пе? Қалай десек те, бұл орталықсыздандыру ісі, айналып келгенде, халық игілі үшін екенін түсіне білейік.
Қазіргі таңда ел тасқын басқан өңірлердегі бауырластарымызды қиын жағдайда жалғыз қалдырып жатқан жоқ. Жұмыла кетіп, күн-түн демей, жәрдем жасап жатыр. Астана жақ та көрмей-білмей отырған жоқ. Сөзімізге бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Н.Нұржігітов басқаратын министрлікті сынға алғанын айтсақ та біраз жайтқа дәлел болады. Сол кезде Мемлекет басшысы: «Құзырлы мекемелер, яғни, әкімдіктер, Төтенше жағдайлар министрлігі, Су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс», – деген еді.
Ал 30 наурызда Мемлекет басшысы еліміздегі су тасқынына байланысты шұғыл кеңес өткізгені белгілі. Сол жиын барысында Президент су тасқынына қарсы дер кезінде шара қабылдамағаны үшін Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс бергені мәлім. Әйтсе де, сөгіс алған министр қызметінен кетпейтінін мәлімдеді. Ол: «Маған қатаң сөгіс жарияланды, ендігі жерде атқарылған жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен және Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып жүргізіліп жатыр, шара қолданатын шығар», – деп жауап берді. Министрдің «сөгіс алған екенмін деп тұра безбеуі» де ол кісінің азаматтығын, өзіне артылған аманатқа қиянат жасамайтын ардалығын көрсеткендей. Дегенмен, мұнымен іс бітпейді. Тасқынның жаңа толқынын болжамдаған «Қазгидрометтің» хабарламасы да халықты алаңдатып қойды. Батыста, Оралда, Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы ахуал әлі де күрделі. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Түркістан облыстарында бірнеше күнге созылатын жаңбыр жауды. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан тасқынның екінші толқынына дайындалуда. Бұл облысты Мемлекет басшысы тікұшақпен аралап көрді. Әлі де болса босаңсуға ерте. Су ресурстары және ирригация министрінің де алған сөгісін еңбегімен ақтар тұс осы болғанымен, мұндай жайт кезінде жергілікті басқару органдары қабылдаған алғашқы шешім өте маңызды екенін көрсетті. Алдағы уақытта төтенше жағдай туа қалған сәтте, жергілікті әкімдіктер, департаменттер Үкімет басшылығынан жауап күтпей, өз беттерінше шұғыл қимылдау мәселесін пысықтауы қажет.
Сөзімізді мақала дайындалып жатқан тұста келіп түскен мәліметтермен аяқтамақпыз. Кейінгі деректер бойынша, апаттық-құтқару және су тасқынына қарсы жұмыстарға 34 мың адам, 4 242 техника, оның ішінде, 890 су сору құралы, 335 жүзу құралы, 19 әуе кемесі жұмылдырылған. 13 543 адам өз үйлеріне оралған. 7 014 адам, оның ішінде, 3 144 бала эвакуациялау пункттеріне орналасты. Су тасқыны басталғалы бері барлығы 113 693 адам, оның ішінде, 39 922 бала құтқарылып, эвакуацияланды. Жүз мыңнан астам ауыл шаруашылық жануары қауіпсіз жерге жіберілді.
Біз өз тарапымыздан тасқынның екпіні тезірек қайтып, халықтың ары қарайғы тұрмыс-тіршілігі оңалып кетуіне сәттілік тілейміз.
Бейбіт Мекеев