“Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым”, – деген Президенттің сөзін жүз пайыз қолдаймын. Басқа елдерде мұндай ұйым жоқ. Мұнда бір шаңырақ астында тұрып жатқан ондаған этнос өкілдерінің татулығы мен отаншылдығы, достығы айқындалатын мекен деп түсінемін. Өзім ұзақ жыл кеден саласында қызмет атқардым. Қазір зейнетте жүрсем де жастарға көмектесіп, құжаттандыру жұмыстарымен айналысамын. Ұлтым – орыс. Қазақ тілінде таза сөйлей алмасам да, жақсы түсінемін. Ассамблеяның арқасында әр ұлт өзінің салт-дәстүрін сақтай отырып, өзінің әдет-ғұрыптарын таныстырып отырады. Менің отбасым әр мерекеде немерелеріммен қоса қазақтың ұлттық киімін киіп, ет асып, бауырсақ пісіріп, Отанымыздың Қазақстан екенін дәріптеп жүретін әдет қалыптастырғанбыз. Ассамблеяның сессиясы су тасқынына орай онлайн өтіп жатыр. Ондағы қаралып жатқан мәселелер де халқымыздың бірлігі, жасампаздығы, өрлеуі. Бәріміздің мақсатымыз еліміздегі тыныштық. Сыртымызды жаудан, ішімізді даудан сақтау үшін бірлік керектігін балабақшадағы сәбиден, салиқалы қарияға дейін түсініп, сол бағытта тірлік ету керектігін ұғыну. Президентіміздің әр азаматтың бақуатты өмір сүруіне барлық жағдай жасалып, тең мүмкіндіктер берілетін мемлекет құрамыз, – деген қағидасын санамызға сынадай қағып, татулығымызды төрге шығарғанда бұдан да мықты өмір сүретін боламыз.
Екатерина Бородулина,
кеден қызметкері