Бүгін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Халық ассамблеясының XXXIII сессиясы өтті. Сессияда негізінен су тасқыны көбірек айтылыпты. “Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылатын болды. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі”, – дейді президент. Дұрыс, халық маңдай терімен, несиемен жинаған мал-мүлкінен, үйінен бір сәтте айырылды. Өтеп беру керек. Тасқынның шығынын есептеу кей өңірде басталып кетті, ал кей өңірде әлі су келіп жатыр. БҚО мен солтүстік өңірлерде жағдай күрделі. Шығынды өтеу комиссиясы су тасқынына байланысты бір аймақта ерте, бір аймақта жай құрылып, жұмысын істейді. Тасқынға тосқын болар су қоймалары тозып тұр. 11 аймақта 20 су қоймасын салып, 15 су қоймасын модернизациялаймыз дейді. Еліміздегі су қоймаларының көбі 1960-70 жылдары салынған, әбден тозығы жеткен. Мысалы біздің Іле ауданында Күрті және Сорбұлақ су қоймасы бар. Екеуі де ескірген. Көпвекторлы тексерулерді талап етеді. Өйткені су қомасына жиналған судың мөлшері жергілікті шаруаларға жетпейді. Шаруалар қауымы жаздың ортасында су тапшылығына зәру. Сессияда қаралған және берілген тапсырмаларды басшылыққа алып су қоймаларымызды жөнге келтірсек құба-құп болатын еді.
Қайрат Құдайберген,
Мәдениеті қайраткері,
Іле аудандық Мәдениет үйінің қызметкері