Жаһандық климаттың жылынуы бізден тыс емес, ол Қазақстан табиғатына да тікелей әсер етіп жатыр. Бұған соғы жылдары елімізде болған қуаңшылықтар мен қазіргі жүріп жатқан су тасқындары айқын дәлел. Демек, климат өзгерісі мемлекеттің немесе жекелеген экологиялық ұйымдардың ғана бас ауыртар мәселесі емес. Ол тұтас адамзаттың – еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейінгі барлығымыздың «бас ауыртар» шаруамыз болуға тиіс. Осы тұрғыдан қарағанда, жалпы халықтың, соның ішінде өскелең ұрпақтың айналада болып жатқан табиғат өзгерістерінің себеп-салдарын, қоршаған ортамызға, қоғамға, тіршілігімге қандай әсері болатынын біліп өскені, ықтимал қауіп-қатердің алдын алуға ұмтылуы аса маңызды.
Осыған орай National Geographic Qazaqstan оқушылардың экологиялық сауатын көтеру, ғылымға, зерттеуге деген қызығушылығын ояту, ынталандыру семинарларын өткізуді жалғастырып келеді. Атап айтқанда, География пәні бойынша республикалық олимпиада қарсаңында сәуірдің 25-26 күндері Алматы облысының география мұғалімдері мен Қонаев қаласының мектеп оқушыларына арнайы семинарлар өткізілді. Орта мектеп-гимназияның, Д.Қонаев атындағы №1 қазақ орта мектебі, №2 орта мектеп және №3 орта мектептерінің 7-8 сынып оқушыларына география пәні бойынша National Geographic Qazaqstan басқарушы директоры Абашов Қанат Нұралыұлы мен National Geographic Qazaqstan тренеры Абай Дүйсен Ғалымұлы табиғи апаттар және олардың географияға әсері жайлы семинарлар өткізді. Оқушыларға әлемде болып жатқан табиғат өзгерістері көрнекі түрде көрсетіліп, әлем ғалымдарының зерттеулері және осы зерттеулерді оқушылардың ғылыми жоба ретінде қолдану мүмкіндіктері таныстырылды. Ал Іле мен Қаскелең аудандарының география мұғалімдеріне олимпиадалық тапсырмаларды шешу, оқушыларды республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындау бойынша семинарлар жүргізілді. Семинарлар және республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі Шеврон» компаниясының қолдауымен және «Ecoforming» экология және білім қорының серіктестігі арқасында жүзеге асып отыр.
Семинарлардың негізгі мақсаты – география мұғалімдеріне әлемдік ғылыми-ресурстарды сабақ барысында қалай қолдануға болатынын және оқушыларды география пәнінен олимпиадаларға қалай тиімді дайындауға болатынын баяндау. Семинарлар барысында оқушыларға жалпы табиғи апаттар мен географиялық ортаның байланысы жан-жақты түсіндірілді.